Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тема: Онкология

Туберкулез


31 марта 2017, 03:05 | 958 просмотров


Туберкулез ауруы дүние жүзі бойынша маңызды мәселе болып отыр. Бұл аурудан қазақтың Шоқан, Сұлтанмахмұт секілді ұлылары да құрбан болғаны белгілі. Туберкулез дертінен қалай сақтануға болады немесе қалай емделу керек? Біз осы сауалдарға жауапты осы мақалада қарастырамыз.

Туберкулез – инфекциялық ауру, туберкулездің ашық түріне шалдыққан науқастар жөтелгенде, түшкіргенде, түкіргенде таралады. Осыған сәйкес бактерия бөлуші науқаспен қатынас жиі болған сайын оның айналасындағыларға да сондай жиілікте туберкулез таяқшалары өкпе тыныс жолдары арқылы енетінін әрдайым есте ұстағаныңыз жөн. Туберкулез тұрғындардың еңбекке жарамдылығын жоғалтып, қайтыс болу жағдайларына апарып соғуына байланысты мемлекетке үлкен орны толмас зардабын тигізуде.

Көп жағдайда туберкулез өкпені зақымдайды. Бұндай жағдай өкпе туберкулезі деп аталады. Туберкулез дененің басқа да мүшелерін зақымдай алады, ми, сүйек, буындар, бүйрек және лимфа түйіндер. Бұндай түрлер өкпеден тыс туберкулез деп аталынады.

Өкпе туберкулезінің белгісі болып 2 апта бойы қақырықты жөтелдің болуы. Бұндай белгі байқалған барлық науқастар шұғыл түрде қақырықты зерттеуге өткізулері керек. Екі – үш апта бойындағы жөтел көп жағдайда төменде көрсетілген белгілермен қатар болуы мүмкін: дене салмағының төмендеуі;  шаршағыштық; ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі; түнгі тершеңдік; кеуде ауырсынуы, шаншуы; алқыну; тәбеттің болмауы; қан түкіру. Осы белгілер пайда болған әр бір азамат тұрғылықты жеріне байланысты емханаға баруы қажет. Емхана дәрігері науқасты флюрографиялық және микроскопиялық зерттеулерге жібереді, тек туберкулез микобактериясы ғана нақты диагноздың қойылуына себеп бола алады.

Туберкулез ауа тамшыларымен таралуына байланысты әр бір адамның жұқтыру қаупі бар. Көбіне туберкулезге шалдығудың үлкен қатері туберкулездің ашық түріне шалдыққан науқастармен балалардың қатынаста болуы. Сондықтанда туберкулезбен күресте алдын алу өте пайдалы. Олар спецификалық және спецификалық емес болып бөлінеді. Спецификалыққа химиятерапевтік емдеу мен вакцинация жатады. БЦЖ егуі балаларды туберкулезден қорғайды, егер қарсы көрсетілім болмаса перзентханаларда барлық нәрестелерге жасалынады, қарсы көрстелім болған жағдайда 1 жасқа келгенше жасалынуы керек. Сондай ақ балалардың екінші 6 – 7 жас аралығындағы қайта егуі.

Еліміздің тұрғындарына туберкулезге қарсы көмекті арнайы көп салалы, қымбат медициналық құрылғылармен, заманауи рентгенаппаратуралармен, жылжымалы флюрографиялық қондырғылармен жабдықталған мекемелер қызмет көрсетеді. Жыл сайын 1998 жылдан бастап, ҚР Үкіметінің бюджетінен туберкулезге қарсы препараттарды алып, облыстар мен аймақтарға жеткізілу мақсатында қаржы бөлініп, бақылау ем жүргізіледі. Осыған байланысты, Қазақстан барлық жұқпалы науқастарды дәріге төзімділікке зерттейтін ТМД елдерінің ішіндегі жалғыз мемлекет болып отыр, егер дәріге төзімділік анықталған жағдайда науқастар мемлекеттік бюджет есебінен екінші кезектегі қымбат препараттармен ем қабылдайды.

Адамда туберкулездің дамуына әсер етуші факторлар: дұрыс тамақтанбау, шылым шегу, маскүнемдік және нашақорлық, жайсыз тұрғын үй мен жұмыс орны (нашар желдетілу және т.б.), қосарланған аурулар (АИВ – инфекциясы, қант диабеті, асқазан – жара аурулары, жүктілік пен бала босанғаннан кейінгі уақыт).

Ауруды көптеп кездесуі жас әрі еңбекке жарамды азаматтар арасында болады.

Туберкулездің – қатерлі ауру екенін естен шығармау керек. Аурудың уақытылы анықталмауы емделмеу салдарынан асқынулармен қайғылы жағдайларға апарады, керісінше туберкулез ерте анықталып дұрыс ем қабылдаған жағдайда науқастың құлан – таза сауығуы әбден мүмкін. Ем қабылдау тегін және уақытылы анықтаған жағдайда әрқашан тиімді болады.

Қорытындылай келе, туберкулезбен тек денсаулық сақтау қызметкерлері күресіп үлкен нәтижеге жете алмайды, тіпті мемлекеттің өте жоғарғы деңгейдегі қолдауы негізінде де денсаулыққа байланысты ортақ жауапкершілік болу керек. Яғни тұрғындардың өз денсаулығына жауакершілігін арттырып, уақытылы тексеріліп, қоғам өкілдеріне ат салысу, туберкулездің алдын алу жолдарын жеткізу де, уақытылы үздіксіз емделудің нәтижелі жазылу кепілі екендігін емделудің ішінде кеңінен насихаттау бұл ауруды тоқтатуға бағыттайтын ортақ көмегіміз бен үлесіміз болар еді.

Автор:
Е.Асимкулов, Талдықорган қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы.