Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тема: Онкология

Өкпе ауруының өкпесі...


10 марта 2017, 09:56 | 3 621 просмотр



Әлем қарыштап, заманауи технологиялар жетілген заманның өзінде емі күрделі, ал жазылуы одан да қиын сырқат түрі жетерлік. Жұздеген жылдар бойы адам ағзасының зерттелуі мен мыңдаған препараттардың  пайда болуына қарамастан аурудан жүз пайызға жазылып кету мүмкін емес деп те айтуға болады. Соның бір мысалы – туберкулез. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының хабарлауынша жылына ондаған миллион адам аталған дертке шалдығып, оның екі миллионға жуығы өмірімен қош айтысуға мәжбүр. Әлемдегі аса ауыр әрі жұқпалы аурулардың қатарына жатқызылатын туберкулез өткен ғасырда да, оның алдында да белең алған. Нашар тұрмыс жағдайы, темекі, қоршаған ортаның дұрыс болмауы сияқты факторлардың есебінен туындайтын ауру ушығып кетер болса, оның емі де қайтарымсыз. Күннен-күнге науқастар саны көбейіп келе жатқан медицина әлемі осы мәселені шешу мақсатында туберкулезге қарсы күрес күнін де белгілеген. Нақтырақ айтсақ, әр жылдың 24 наурызы – Халықаралық туберкулезге қарсы күресу күні. Бұл күні барлық дерлік медициналық мекемелерде, ауруханаларда, тіпті кейбір қызмет немесе оқу орындарында арнайы дәрістер оқылып, алдын-алу шаралары жөнінде тренингтер өткізіледі. Аурудың қаншалықты күрделі әрі оның өзгелерге де, өз денсаулығына да қандай мөлшерде қауіпті екендігі ескертіліп, дәрігерлер кеңесі беріледі.

Жалпы туберкулез деген қандай ауру өзі? Туберкулез – түрлі микробактерий немесе Кох таяқшаларының есебімен болатын, адамдармен қоса жануарларда кеңінен тараған жұқпалы инфекциялық ауру. Өкпе ауруы деп аталатын дерт науқастан сау адамға ауа арқылы, аурудың қақырығы не жөтелі арқылы жұғып жатады. Бұл ауру адамзат тарихында бұрыннан белгілі. Кей деректерге сүйенсек, сонау 2 ғасырдың өзінде-ақ туберкулезді емдейтін арнайы клиникалар жұмыс істеп тұрған-ды.

Туберкулезге шалдықпау амалындағы басты міндет – санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау. Кері жағдайда аурудың жұғу мүмкіндігі тым жоғары. Сонымен қатар 3 жасқа толмаған балалардың ауруға тап болу ықтималдығы аз емес, себебі оларда ауруға қарсы иммунитет толығымен қалыптаспаған. Негізі туберкулез ауруы тұқым қуаламайды. Алайда ата-аналар дер кезінде емделмей, ушықтырып алса, баласының да аталған сырқатпен ауруы кездейсоқ емес.

Туберкулездің 2 түрі болады: ашық және жабық формалы. Ашық түрінде қақырықта туберкулез таяқшалары болады. Осы себепті аурудың мұндай түріне шалдыққандар өте қауіпті деп есептелінеді. Ал жабық түрде қақырықта ешқандай таяқшалар болмайды. Дегенмен асқындырып алған жағдайда, ол да жұқпалыға айналуы таңқаларлық жайт емес. Туберкулез ауры негізінен өкпені зақымдайды. Одан бөлек өзге де ағза мүшелеріне тигізер зияны аз емес. Жыл сайын халық арасында аурудың алдын-алып, болдырмау мақсатында түрлі шаралар мен екпе процесі жүргізіледі. Әсіресе, флюрографиялық тексерістің маңызы зор. Бұл дегеніміз өкпені рентгенге түсіру.

Қазақстан аумағында туберкулезге шалдыққандар саны соңғы жылдары нормативті көрсеткіштен 2-3 есе көп. Қазіргі таңда науқастар саны 8 мыңнан жетіп артылады. Бұл тек аурудың мультирезистік формасы ғана. Ал ашық түрімен жылына 23 мыңға дейінгі жаңа емделушілер тіркеледі. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының (ДДҰ) мәліметтерін алға тартсақ, еліміз осы санатта алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналып үлгерген. Өзге мемлекеттерге Латвия, Литва, Эстония, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясының біраз бөлігі кіреді. Көп жағдайда науқас атанғандар ішінде 18-54 жас аралығындағы адамдар кездеседі. Демек, еңбек қабілетіне жарамды деген азаматтар мен азаматшалар қызмет орнының қолайсыздығы немесе күрделігіне байланысты өкпе  ауруына тап болады. Әсіресе, 34 жастан төмен науқастар саны жиі аталады.

Бұдан бөлек ағзасы мен физиологиялық түр-тұрпаты енді қалыптасып келе жатқан жасөспірімдер де байқалады. 100 мың бозбала мен бойжеткеннің 126-нда туберкулез анықталатын көрінеді.

Егер Қазақстан территориясына терең бойлайтын болсақ, ең көп байқалатын бөлік -  батыс жақ. Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе обылстарындағы көрсеткіш өзге өңірлермен салыстырғанда 10-30%-ға жоғары. Ал ең төменгі науқастар саны Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарына тән құбылыс. Соның ішінде оңтүстік астана – Алматы да бар.

Туберкулезді емдеп қана қоймай, ауруды түп тамырымен жою әр кезде де басты назарда болды. Әлі болады да. Соған орай ғалымдар легі тынбай еңбек етіп, түрлі дәрі-дәрмектер мен емдеудің өзге де жолдарын қарастырып жатыр. Дегенмен осы күнгі көрсеткішке қарай, осы кезге дейін қолданылып келе жатқан таблеткалар мен өзге де медициналық препараттар аз емес. Бірыңғай классификацияға сәйкес, туберкулезге қарсы препараттар үлкен 2 топқа бөлінеді: негізгі және қосымша. Негізгі дәрілер – Изониазид, Пиразинамид, Этамбутол және Стрептомицин. Ал Канамицин, Ципрофлоксацин, Офлоксацин, Рифабутин, Тиоацетазон секілді атаулар қосымша препараттар тобының құрамына кіреді. Бірінші топтағы препараттарды ауру белгілері алғаш біліне бастаған сисптомдары бар науқастарға алғашқы кезеңінде қолданылады. Ал бұл таблеткалардың аурумен күресуде еш әсері болмай, әлсірей бастағанда қосымша топты пайдалануға тура келеді. Бұл дәрілер токсиндік негізімен ерекшеленеді, сондықтан бауыр ауруы бар науқастарға қарсы көрсетілімі бар. Аллергиялық реакциясы, бүйрек жеткіліксіздігі, эпилепсия секілді сырқаты барлар үшін дәріні қолдану емдеуден бұрын асқындыруға әкелуі мүмкін.

Кез-келген дәрі бұл химиялық препарат болып табылады. Демек, оның жақсы қасиетімен қатар жаман әсерінен қашып құтылу қиын. Сондықтан ауруды ушықтырмай дер кезінде күресу. Ал ең дұрысы – алдын-алу. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген керемет сөз бар. Осы орайда орынды айтылған-ау. Негізі ауруға шалдығудың оңай жолы – өзге науқаспен физикалық қатынасқа түсу. Ал ашық формада ауыратын адаммен бір бөлмеде ешбір қорғану маскаларсыз қалу тіптен қауіпті. Сонымен бірге гигиеналық ережелерді сақтап, науқастың жеке заттары мен ыдыс-аяғын ыстық суға қайнатып жуу керек. Бұл заттағы бактериялар мен вирустық таяқшаларды жоюға мүмкіндік береді. Ал жабық формалы дертке шалдыққандардан ауру жұқпайды деу қате пікір. Инфекциялық аурулар қатарына жататын туберкулездің науқастың өзіне де, оның жанындағы жақындарына қаупі молшылық. Жалпы сәби дүниеге келгенде оған туберкулезге қарсы арнайы егу(БЦЖ) жүргізіледі. Одан кейін де түрлі екпелік шаралар қарастылырғаны дұрыс.

Адамзат тарихы түрлі оқиғаларға толы. Соның ішінде халықтың жаппай эпидемияға шалдыққан сәттері бар. Өте қауіпті әрі шеті қиыры жоқ болып есептелетін мұндай процесті қазіргі заманда қайта болдырмау жолында ақ халаттылар қолынан келгенше тырысып бағуда. Алайда бұл жерде тек дәрігерлер еңбегі жеміссіз болып қалмақ. Науқастар мен емделушілер тарапынан жазылуға деген, қайта ауырмауға, дертті асқындырып алмауға деген шынайы ынта мен талпыныс болған жағдайда ғана ұлт болашағы қауіпсіз болмақ.

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА