Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тәңірдің сыйын тәрк еткендер


10 марта 2017, 09:48 | 1 331 просмотр



Бала сүю – әйел затына берілген баға жетпес бақыт. Бірақ қазірде баланы сый да, бақыт та санамайтын аналар саны көбейіп кетті. Мұқағали Мақатаевтай «Сәби болғым келеді» деп жырлайтын заман өтті. Сәбидің күні ол кездегідей қуанышқа, шаттыққа толы емес. Ендігі кезекте қазақ балаларына қоқыс жәшігін бесік етіп, арқау болар ас іздеп, көше қаңғыратын күн туды. Жас әке-шешеңді осынша безбүйрек еткен не екен??? Анаға Тәңір сыйын тәрк етердей не көрінді??? Осы сан сауалдың жауабын іздеп, қараусыз қалған балалар мен жетімдер жайында ой тарқатайық.

Жағымсыз әдеттерге: ішімдікке, нашақорлыққа әуес ата-аналардың балалары көп жағдайда көше кезіп кетеді. Себебі, ондай әке мен шеше бала тәрбиесіне аса көңіл бөлмейді. Осындай отбасында тәрбиеленген                                                                                                                                             бала көше бұзақысына айналып, түрлі қылмыстарға барып жатады. Мамандардың пікірінше, Қазақстанда жылына 100 мың бала қараусыз қалады екен. Солардың кейбірі Алматы сияқты үлкен қалаларды жағалап, күнкөріс үшін жұмыс жасайды. Мысалға, 2009 жылы Сарқан қаласының тұрғыны 14 жасар Еламан Сиқымбаев інісімен Алматыға қашып келген. Ішімдікке салынған әке-шешесінің ұрыс-керісінен жалыққан балалар өз беттерінше күн көрмек болды.  Үлкен қалада Еламан күнделікті автокөлік жуып, ақша тапқан. «Күнделікті табатыным бауырым екеуімізге жетеді»-, дейді ол. Мамандардың сөзіне қарағанда, кейде іс-түссіз жоғалып кеткен балалар осындай жеткіншектердің арасынан табылып жатады. Еламанмен бірге оқшауланған мекемеге жеткізілген 35 баланың 4-еуі іздеуде жүрген жеткіншектер болып шықты. Бүгінде республиканың барлық қалаларында, әсіресе Алматы шаһарында бұндай балалардың құқық бұзуы дағдылы болып кеткен.

Дағдыға айналған тағы бір нәрсе - көкек аналардың жауыздығы. Соңғы жылдары туған сәбилерін жетімдер табалдырығына емес көшедегі қоқыс жәшігіне тастайтын болды. 2017 жылдың басталғаны енді ғана. Алайда 2 айдың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 2 тастады бала табылған. 25 ақпанда Шымкенттегі безбүйрек ана сәбиін қоқыс жәшігінің жанына жерге қойып кеткен. Ал 4 наурызда аталмыш облыстағы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылында сөмкеге салынған жаңа туған нәресте мектеп жанынан табылды. Екі жағдайда  сәбилер қатты тоңып қалған. 2014 жылғы Шымкенттегі сауда үйінінің жанына табылған жаңалаш бала жаға ұстатпай қоймады. Интернет басылымдары «Шымкентте маугли табылды» деп жар салды. Шынымен-ақ сәби мүлде сөйлей алмаған. Осыған қарап, қазіргі уақытта маугли тектес сәбилер орманнан емес кәдімгі қала көшелерінен табылып жатыр ма дерсің. Тіпті «Шымкентте тастанды балалар саны азайып келеді» деп жазған Азаттық радиосындағы мақаланың тақырыбы адамды шошытады. Ендігі кезекте осындай тақырыптарда мақтанышпен елге хабар тарататын жағдайға жеткенбіз бе?

Ата-ана тәрбиесін көрмей өскен  жетімдер болашақта қандай адам болып өсетіндіктерін кім білсін. Көп жағдайда тастандылар тас бауыр келеді. Себебі олар өзгелердей ананың ыстық құшағын иіскеп көрмеген, жастайынан үлкендердің қателіктерін арқалап, тағдыр тауқыметін көргендер. «Жерде жетім жыласа, әуеде періште тітіркенеді» дегенді ескерсек, қазақ ешқашан жетімді жылатып, сыртқа тепкен емеспіз. Туған шешесі бауырына баса алмаса да, мемлекет қарауына алып, балалар үйінде тәрбиелеп келеміз. Жетімдерге қанша жағдай жасағанмен, сөреде самсап тұрған көп ойыншық бала бақытын бере алмайды. Қанша құшағына басса да, тәрбиешілер ана орнын ауыстыра алмайды.

Бала күнімізде шанадан түсіп қалған бала туралы тақпақ жаттаушы едік. Анамыз бесікке бөлегенде әнге қосып айтатын. Сонда «Далада бала жата ма? Түсіп қалыпты шанадан» деп аяқталатын. Ол кезде далада бала жатпаған. Шанадан түсіріп алса да алаңғасар ана қайта перзентін тауып алып, бауырына басқан. Ол заман- алақаны аялы, жүрегі жылы аналар заманы болатын. Ал қазір тоғыз ай тоғыз күн көтерген сәбиін далаға тастап кететін «ана» деуге тұрмайтындар бар. «Ана» демек түгілі адам санатына қосуға болмайды оларды. Себебі адам дәретханада емес перзентханада босанады, қоқыс лақтырғандай машина терезесінен сәбиін лақтырмайды. Осыған қарап өз баласын мойындамаған, кеудесінде аналық сезімі жоқ қыздың өзін қандай ана тәрбиеледі деген сұраққа келесің. Қай ана қызына балаңды далаға тастап кет деп үйретеді??? Алайда бұның бәріне белгілі бір деңгейде көкек аналарды тәрбиелеп жеткізген әке-шешелері кінәлі. Ұяда не көрсетсеңіз, ұшқанда балаңыз соны іліп алады. Араққа салынып, тәрбиесіне көңіл бөле алмаған қызыңызды күнкөріс үшін далаға тентіреттіңіз.Бүгінде енді ол өзі өскен далаға сәбиін тастауды күнә санамады. Жатсынбаңыз!!! Ол сіз қатыгез болуына жағдай жасаған, ізіңізді қуған балаңыз, еңбегіңіздің жемісі!!!

Автор:
Әсем ЖҰМАҚАН