Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Онкологиялық аурулармен күрес


3 февраля 2017, 09:55 | 295 просмотров



Әлемде емдеуі қиын, кейде тіпті шипасы табылмайтындай ауру түрлері баршылық. Бүгінде жаңа технологиялар дамып, қарыштаған заманда бар ауруға дерлік өз ем-домы табылған. Дей тұрғанмен, қауіпті аурулардың біріне айналған  онкологиялық аурулар қатары  әлі де азаяр емес. Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, обыр (рак) ауруынан жылына 8 млн-ға жуық адам өмірімен қош айтысады. Ал 14 млн халық обыр ауруына шалдығып, ем алуға мәжбүр. Науқастарды қолдау әрі онкологиялық аурулардың алдын-алу үшін елді хабардар ету мақсатында 2000 жылдан бастап Онкологиялық аураларға қарсы дүниежүзілік күрес күні жарияланды. Әр жылдың 4 ақпанында атап өтілетін бұл күні түрлі сақтық шаралары мен обыр ауруына шалдыққан емделушілерге барынша демеу көрсетіледі.

Обыр ауруы - түрлі ағзаларда қатерлі ісіктердің пайда болуымен байланысты туындайтын аурулардың тұтас спектрінің жалпы атауы

Аурудың 80-90% жағдайлары қоршаған ортаның себептері деп саналады; «қоршаған орта» анықтамасы өзінің кең мағынасында әлі де аз зерттелген тамақ өнімдерінен, әлеуметтік және мәдени іс-әрекеттен құралады. Алдын алуға болатындай обыр ауруының себептері толық анықтала қойған жоқ, дегенмен ауыратындардың жартысына жуығында ондай себептердің барлығына болжам жасалған. Обыр ауруының үлесі: тамақтану сипатының 30-35 %-нан, темекі тартатындардың 30%-нан, жұқпалы (вирустық) агенттердің – 17%-нан, алкогольдің – 4%-нан, қоршаған ортаның ластануының – 2%-нан, ауыр тұқым қуалау салдарының – 2%-нан тұрады. Осы факторлардың әсерін тұтас қарастыру қажет. 

Сырқаттың алғашқы белгілерінде-ақ оған тиісті ем жасап, дәрігерге қаралған жағдайда обырдың алдын алып, одан толықтай жазылуға мүмкіндік көп. Ал әбден асқынып кетсе, түрлі дәрі-дәрмектер де, ота да, химиялық процестер де көмектесуі екіталай. Жалпы бұл аурудың әкелетін зардабы аз емес. Бірақ ең қорқыныштысы, сырқат соңы қайғылы жағдайға әкелетін жағдай аз емес. Қазақстанның өзінде жылына жүздеген науқас обыр  ауруына шалдығады. Ал 16 мыңдаған емделуші үшін сырқаттың аяғы өліммен аяқталады. Көбінесе обыр Солтүстік және Шығыс Қазақстанда және Петропавлда жиі кездеседі. Ал Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облысының мәліметтері бойынша, керісінше, сирек орын алады. Сондықтан дәрігерлер жыл сайын скрингтік кәсіби тексеруден өтуді ұсынады. Әр қалалық емханада болатын бұл қызмет түрі тегін. Осындай тексерістердің арқасында соңғы бірнеше жылда өлім мүмкіндігі 7%-ға төмендеген. Шынымен де, скрининг кезінде ауру анықталса да, бастапқы кезең ғана болуы мүмкін. Ал аурудың алғашқы сатысында оны емдеуге үлкен мүмкіншілік бар.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар халық арасында. Кез-келген сырқаттың басты емі әрі алдын-алу жолы – салауатты өмір салтын ұстану. Дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, темекі, ішімдік сияқты зиянды заттардан алшақ болу да түрлі аурулардың болмауына тікелей себепші бола алады.  Сондықтан әуел бастан-ақ дұрыс өмір салтына жүгініп, күйзелісті немесе уайымға салатын жағдайларға жолықпауға тырысу аса керек-ақ. Себебі әлі де зерттеліп жатқан обыр ауруының емі табыла қойған жоқ. Ал қасіретті жағдайға әкелу мүмкіндігі әлі де жоғарғы орында тұр.

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто