Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕНИНГОКОКТЫ инфекцияның алдын алу


3 февраля 2017, 09:47 | 304 просмотра



Менингококты инфекция — түрлі клинкалық көріністермен сипатталатын симптомсыз бактериятасымалдаушы, назофарингит (мұрын және жұтқыншақтың қабынуы), менингит (ми кабатының қабынуы) және менингококты сепсис (инфекцияның қанға енуі) түрінде өтетін жіті бактериалды инфекциялық ауру.

Аурудың инфекция көзі кім болып табылады? Инфекция көзі ауру адам немесе бактерия тасымалдаушы. Көбінесе бактерия тасымалдаушылар қауіпті болып табылады (организмдерінде микробтар бар, бірақ өздері сырқаттанбайды), себебі оларда аурудың ешқандай клиникалық көріністері болмайды.

Жұқпа қалай тарайды? Берілу жолы – ауа-тамшылы (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде). Менингококк қоздырғышы сыртқы ортада төзімсіз.  Микроб сау адамның ағзасына науқас адам немесе тасымалдаушымен ұзақ уақыт бойы қарым – қатынаста болғанда, тыныс алу жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді (жанында ұйықтағанда, бірге тамақтанғанда, оқығанда, тәрбиеленгенде). Жұққан сәттен бастап 1-10 күн аралығында сырқат пайда болады. Сырқат адам қоршаған адамдарға бірінші күннен бастап қауіпті. Сырқаттанушылықты қабылдағыштық өте жоғары. Менингококты жұқпа барлық жерде, бүкіл әлемде кездеседі. Көбінесе иммунитеті төмен 1-2 жастағы балалар жиі ауырады.

Клиникалық көріністері:сырқат жедел дене қызуының көтерілуімен басталып (37,5-38,0°C), бастың ауыруымен, мұрын бітуімен, жұтыну кезінде ауру сезімімен сипатталады. Менингококты менингит  дене қызуының кенеттен39-40°C дейін көтерілуімен, қалтыраумен басталады.Бастың қатты ауыруы (сәбилерде кенеттен қатты жылау болады), балалар мазасызданып, басын ұстайды. Сонымен қатар, тағам қабылдаумен байланыссыз, көп реттік құсу болады. Ерте жастағы балаларда құрысулар дамиды. Менингококты менингитпен ауырған бала бүгілген тізесін қолымен денесіне апарып, қырымен жатады. Басын төсіне қарай бүгу әрекетін жасау кезінде мойын және шүйде бұлшық еттерінің қарсыласуы болады.  Егерде иммундық жүйесі төмендеген болса, микроб ары қарай қанға өтіп, аяқта, жамбаста дененің қырында жұлдыз тәрізді, басқанда жоғалмайтын қызыл (көгерген) бөртпелер пайда болады. Ары қарай бүйректің зақымдалуымен, бас миының қабынуымен, инфекциялық-токсикалық шокпен, ауыр жағдайда өліммен аяқталатын менингококты инфекцияның ең  ауыр түр і- менингококты  сепсис дамиды.

Аурудан кейін қандай асқынулар мен әсерлер болуы мүмкін? Сырқаттанғаннан кейін – саңыраулық,  балаларда саңырау –мылқаулық, кей кезде сал ауыруы, бас миының зақымдалуы дамиды. Үй жағдайында емдеу шарасымен айналыспай, үйге дәрігер немесе жедел жәрдем көмегін шақырту қажет. Неғұрлым білікті медициналық көмек көрсетілсе, аурудан суығу нәтижесі тез, әрі тиімді болады.

Арнайы емес  алдын алу шаралары

  • Жеке бас тазалығын сақтау, әжетханаға барғаннан кейін және тамақ ішер алдында қолды жуғыш заттармен мұқият жуу.
  • Ішетін шырын, тамақ, балмұздақ, конфет, сағызын ауыстырмау.
  • Бөлмелерді жиі желдету, ұйымдасқан мекемелерде ылғалды тазалауды күнделікті жүргізу.
  • Көпшілік орындарға, қоғамдық көліктерге баруын шектеу.
  • Басқалардың ерін бояуын, тіс щеткасысын қолданбау, бір шылымды тартпау.
  • Ауызға қалам немесе қарындашты салмау.
  • Сәбиге емізікті берер алдында ауызға салмау.
  • Сырқаттанған кезде медициналық көмекке уақытылы жүгіну.
Автор:
Е. Сыдыманов, ҚР ҰЭМ ТҚҚК Алматы облысы ТҚҚ департаментінің басшысы.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто