Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚЫМЫЗ ДАҢҚЫ ҚИЯНҒА КЕТСЕ…


20 января 2017, 12:05 | 160 просмотров


Қымыз бен шұбат қазақтың бағзы заманнан келе жатқан шипалы сусыны. Енді еліміз ұлттық сусынды көрші Мәскеуге экспорттамақшы. ҚазАқпараттың хабарлауынша, отандық өнімді сырт елге жеткізуді «Евразия инвест ЛТД» ЖШС қолға алған.

Компания директорының орынбасары Ғалымжан Мейрамбековтың айтуынша, өндіріс орны Ресейге биенің сүтін құрғақ ұн­тақ күйінде тасымалдауды бастап кеткен. «Мәскеуге ақпаннан бастап экспорттаймыз. Бұл қалада өнімді саудалайтын серіктесіміз бар. Айына жарты тонна жөнелтуді жос­пар­ла­дық, кейіннен көлемін арттырамыз» дейді ол. Одан басқа бие сүтін Қытай мен Еуропаға экс­порттау бойынша да келіссөздер жүрг­і­зі­ліп жатыр. Қазіргі кезде кәсіпорын өнімдерін Ас­тана мен Алматыда шығаруда. Жалпы, Еуропада осы тектес құрғақ сүт өні­мін 30-ға тарта компания өндіреді. «Біз Германиядағы зертханаға өнімді тексерттік. Кейбір көрсеткіштер бойынша өніміміздің сапасы Еуропанікінен асып түсті. Мұның себебі, біздің жылқылар табиғи жайылымда жүреді, түрлі шөптесін өсімдіктермен қо­ректенеді» дейді Ғалымжан Мейрамбеков. Оның айтуынша, еуропалықтар жылқы сүтін косметика саласында кеңінен пайланады. Осыған орай, болашақта құрғақ сүттен кос­метика өндіруді де жоспарлап отыр. Расымен, қасиетті жануар санатындағы жыл­қы мен ойсылқара сүтінің пайдасы мол-ақ. Мұны ұлттық брендке айналдыру қажет­тігі де айтылған болатын. Екі жыл бұрын де­пу­тат Қуа­ныш Айтаханов: «Қымыз бен шұ­баттың стан­дарттарын белгілеу керек. Өйт­кені стан­дарт әр жерде әртүрлі. Нағыз қы­мыз бен на­ғыз шұбаттың өз стандарты, хи­миялық құра­мы болу керек. Сондықтан бұл жұмысқа ғы­лыми-зерттеу институттары араласып жа­тыр. Алдағы уақытта қымыз бен шұ­баттың стан­дарттары бекітіліп, барлық жер­­де стан­дарт тексеріліп отырады. Осы­лай­ша, қы­мыз бен шұбат «ЭКСПО – 2017» көр­ме­сіне орай, елімізге келетін миллион­да­ған туристің ең дәмді тамағына айналып кетуі керек» деген де болатын. Осы тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облы­сында 25 мың тоннаға дейін сүт өңдейтін үлкен зауыт салынатыны хабарланған еді. Қазір Түркістанда жылына 33 мың тонна қы­мыз бен шұбат өңдейтін зауыттың ірге­та­сы қаланып отыр. Бұл жоба Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60 қадамында сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін ин­весторлар тарту міндетін іске асыру ая­сын­да қолға алынған. Облыстық әкімдіктің бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, өңірдегі сүтті дайындау жөнінде ауыл шаруашылық кооперацияны дамытуға серпін беретін зауыттың жалпы құны 7 млрд 456,5 млн тең­ге. Зауыт толық қуаттылығына енгенде тәу­лігіне 100 тонна түйе және жылқы сүтін қай­та өңдеп, осы өнімнің ұнтағын шығарады. Өн­діріс орнының жылына 33 мың тонна сүтті өңдеуге мүмкіндігі бар. Жоба бойынша алғашқы кезеңде 170 адам жұмыспен қамтылмақ. Ұлт жоспарында сонымен қатар «үш жылда ТМД елдері на­ры­ғына шығарылатын өнімдерінің жар­ты­сына дейінгі экспортын қамтамасыз ету» жайы да айтылған. ОҚО әкімі Жансейіт Түй­мебаев таяуда аталған жобаға қаржы са­латын Golden Cemal Group LTD компа­ния­сы­ның құрылтайшысы Яң Цимен кездесіп, маңызды жоспарды талқыға салды. Инвес­торлармен келісім жүргізіп, өндіретін өнім­дері үлкен сұранысқа ие бола алатын зауыт­тың құрылысын бастау жөнінде ортақ ше­шімге келді. Жергілікті атқарушы орган тара­пынан кәсіпорынға 5,5 га жер телімі б­ө­лі­ніп, мемлекет есебінен инфра­құры­лы­мын жеткізу жоспарланған. Алдағы уақытта ком­пания басшылығы осында түйе және жыл­қы шаруашылығымен айналысуды да көз­деп отыр.

Автор:
Нұрай РАХЫМ


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто