Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Білім, Жұмыс, Табыс


2 декабря 2016, 08:24 | 1 417 просмотров



Табысы төмен қазақстандықтарға жеке ісін ашу үшін мемлекеттік қолдау жасалады. Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмаған түлектер бірінші мамандығын тегін оқып алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Нәтижелі жұмыс және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын таныстыру барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Жаңа бағдарламаның бірінші негізгі бағыты жаппай оқытуды ұйымдастыру болып табылады. Оның аясында азаматтарға бірінші және екінші мамандықты ақысыз алуға мүмкіндік ұсынылады. 15-тен 24 жасқа дейінгі жастар үшін бірінші жұмысшы мамандығын техникалық және кәсіби оқыту базасында алуға мүмкіндік беріледі. Осы ретте 21 мыңға жуық ҰБТ тапсырмаған мектеп түлектері мен оқу орнына түспеген жастарды қамту жоспарланып отыр»,-деді министр. Оның сөзіне қарағанда, оқу мерзімі 2,5 жылға ескерілген. Оқытуға жұмсалатын шығыстарға білім беру үрдісі, шәкіртақы мен бір мезгілдік тамақтандыру еніп отыр. Сонымен қатар 25-тен 44 жасқа дейінгі азаматтар үшін екінші мамандықты алу мүмкіндігі бар. Олар үшін колледждер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының оқыту орталықтары базасында дуальды білім берудің қысқа мерзімді курстары ұйымдастырылады. «Дуальды білім беру жұмыс орнында жетекшісімен бірге жүргізіледі және оқытудың 40-50 пайызын құрайды. Жетекші ретінде тек өндірістің қызметкері ғана емес, сонымен қатар нақты кәсіппен айналысатын жеке кәсіпкер де бола алады. Олар оқытқаннан кейін, тәлім алған адам осы кәсіпкерге жұмысқа қалады немесе бұл кәсіппен бөлек айналысуға мүмкіндігі бар»,-деп нақтылады Т. Дүйсенова. Мұнымен қоса, шалғайдағы ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін жергілікті жерлерде оқытуға арналған мобильді кәсіби-техникалық оқу орындары ұйымдастырылмақ. Жыл сайын қысқа мерзімді курстармен 26-56 мың адамды қамту көзделіп отыр.

 Қазақстанда жұмыс іздестірудің бірыңғай базасын құру жоспарланып отыр. Тамара Дүйсенова осылай мәліметінше , бүгінде елімізде жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін ондаған онлайн  желілер бар, алайда еңбек нарығының сұранысы мен ұсынысының барлық көздерін біріктіретін ешбір портал іске қосылмаған. «Осыған байланысты жұмыс іздеуші мен жұмыс берушілер үшін персоналды іріктеуге көмектесуге еңбек нарығының және еңбек биржасының бірыңғай ақпараттық базасын құру ұсынылады. Аталған жұмыс біздің министрліктің қолданыстағы enbek.kz тұғырнамасы базасында іске асырылады»,-деді министр. Белгілі болғандай, еңбек биржасы әлеуметтік-еңбек саласын, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін, келісімшарттық негізде жалдау бойынша жеке агенттіктердің деректер базасын, интернет-порталды қамтиды. Оған өңірлердегі барлық жұмыспен қамту орталықтары қосылып, жұмысқа тұру бойынша қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді. Т. Дүйсенованың айтуынша, бағдарлама аясында мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары құру негізінде жастарды, әйелдерді, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту ұсынылады.

Сондай-ақ, Табысы төмен қазақстандықтарға жеке ісін ашу үшін мемлекеттік қолдау жасалады. «Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» атты жаңа бағдарламасы іске қосылуда. Осы ретте қалыптасқан бизнесмендер қатарынан арнайы оқытушылар тартылады. Бағдарламаның қанатқақты нұсқасы Маңғыстау облысында іске асырылды. Аталған жоба төмен табысты ауыл халқының елеулі бөлігіне кәсіпкерлікте алғашқы қадамдарын жасауға және өздерінің бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді»,-деді министр. Оның сөзіне қарағанда, бірінші жылы оқыту шараларымен 15 мың адам, кейіннен жылына кем дегенде 30 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Айта кетейік, бүгін Үкіметте таныстырылған Нәтижелі жұмыс және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жеке бизнес ашуға және қосымша жұмыс орындарын құруға арналған несиелердің қолжетімдігі арта түспек.

Автор:
ЖД ақпарат