Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Педиатрия факультетін қайтару мүмкін бе...?


9 сентября 2016, 17:01 | 1 151 просмотр



Осыдан 10 жыл бұрын медициналық университеттердегі педиатрия факультетін жабу туралы шешім қабылданды. Бұл педиатр мамандары болмайды деген сөз емес, тек алғашқы бес жыл медициналық оқу орындары жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлайды. Кейіннен ЖТД (ВОП) мамандары білімін жалғастырып педиатрия, гинекология, сондай-ақ тағы басқа медициналық мамандықтарды таңдап лқуын жаслғастыра алады деген сөз еді. Дәл осы он жыл ішінде педиатр амандарды даярлау жайлы көптеген пікір талас болды. Білікті деген бала дәрігерлері педиатриялық факультеттердің жабылуы бұл мамандыққа деген тапшылықтың пайда болатынын алға тартқан еді. Қазақстанда медицина мамандар тапшылығы бұрыннан бар, алайда бала дәрігеріне деген тапшылық соңғы жылдары аса қатты біліне бастады. Жалпы алған педиатрия мамандығы ауыр, оған жастардың көбісі бара бермейтінін білеміз. Оның үстіне педиатриялық факультеттердің жабылуы да бұл үрдіске әсерін тигізбеді десек өтірік болар. Енді міне, арада 10 жыл салып ел қалаулылары бала дәрігерлерінің тыңғылықты оқыту мәселелеріне қайта келді.

Осыдан бір апта бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева Астанада Қазақстан xалқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің отырысында қазақстандық медицинада педиатрия институтын жандандыруды ұсынды.

"Бізде ондай мамандар тапшы болғанына қарамастан, педиатрия факультеттерін жапқанымызға жол болсын. Жалпы тәжірибеге ие дәрігерлер бар деп сылтауратамыз. Аналар кеңесінде педиатрия факультеттерін қайта жандандыруды ұсынайық. Біздің Денсаулық сақтау министрлігі әлемдік тәжірибе бойынша дамытуды шешті. Жалпы тәжірибе дәрігерлері бар. Кейін олар белгілі бір мамандықтарды таңдайды, егер біреу педиатр болғысы келсе, тағы екі жыл оқиды", - деді депутат.

Зағипа Балиева осы тұрғыда өзіміздің дара жолымызды қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, балалар ересек аурулармен бір бөлмеде емделмеулері шарт.

"Біз әлемдік тәжірибемен емес, өзіміздің модельмен жүрейік. Олар 5-7 жыл педиатрияға маманданып, тағы екі жыл жалпы дәрігерлікке оқысын. Себебі педиатр ересек адамдарды да жаза алады, ал терапевт баланы емдей алмайды", - дейді ол.

Депутат аталмыш сұрақты қазан айында Премьер-Министрдің қатысуымен болатын талқылауда Аналар кеңесі атынан көтеретінін айтты. Бұл ұсыныс аналар кеңесінде қызу қолдауға ие болды.

Сонымен қатар, жақын күндері ғана болған Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің атына сауал жолдаған депутат Дания Еспаева осы мәселені көтерді.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында былтырдан бері балалар емханасы ересектер емханасымен біріктірілген. Осыған байланысты барлық медициналық мекемелерде жалпы тәжірибедегі дәрігер балаларды да, ересектерді де қабылдай береді. Ал медициналық жоғары оқу орындарында «педиатр» мамандығы жойылған. «Мұндай жаңалық қоғам тарапынан орынды сынға ұшырауда. «Ақ жол» партиясына шағымданғандар осының салдарынан емханаларда бір дәрігерге қаралу үшін аяғы ауыр әйелдер де, емшектегі баласы барлар да, қарт кісілер мен жас балалар да үлкен кезекке тұратынын айтады. Ондай кезекте тұрған науқастардың көңіл-күйлері айтпаса да түсінікті», - дейді депутат.

Бұл ретте Д. Еспанова медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттерінің жабылуы да зор алаңдаушылық тудыратынын алға тартты. Оның айтуына қарағанда, бүгінгі күні терапевт дәрігерлер төрт айлық курстардан өтіп, оның барысында олар балалар арасында ең көп таралған ауру түрлері туралы ғана білімін жетілдіреді. «Балалар ағзасының ерекшелігі арнайы біліммен қатар ұқыпты қарым-қатынасты да талап ететіні белгілі. Мәселенің моральдық-психологиялық қырынан бөлек, балаларды емдеудегі ендігі дәрігерлердің білікті әрі тиімді қызметі де күмән тудырады. Мұндай реформа ата-аналардың ғана емес, дәрігерлердің өздері тарапынан да түсініспеушілікке ұшырауда. Ең сорақысы, осындай сынақтан біздің балаларымыз жапа шегіп жатыр. Ал ондай біріктірулердің тиімділігі туралы ешқандай қорытындылар қоғамға белгісіз», - деді депутат.

Бұл ретте Д. Еспанова отбасы дәрігері практикасына көшудің маңыздылығын түсіне отырып, аталған бағдарламада Қазақстандағы балалар дәрігері бойынша қалыптасқан көпжылдық оң тәжірибелер ескерілмегенін алға тартады.

Он жыл ішінде педиатрия факультетінің мәселесін талай мамандар көтерді. Қарайым бала дәрігерлері де, атақты академиктер де педиатриялық білімнің бұрыңғы қалпын қайтару маңыздылығы туралы көп айтқан еді. Сондай ашық ойларын жиі айтқандардың бірі де бірегейі Камал Ормантаев болды. Ол Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Камал Ормантаев елімізде балалар хирургиясының негізін қалап, бүкіл өмірін соған арнаған жан. Академик қырық жылдан астам дәрігерлік қызметінде ауру балаларға 14 мың ота жасап, өмір сыйлады. Атақты педиатр «Түркістан» газетіне 12 Маусым ның 2015 жылғы берген сұхбатында еліміздегі педиатрия мамндары мәселесі жайлы былай деген еді: «Қазақ: «Аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айырылыпты» деген ғой. Кеше ғана бір одақта өмір сүрген бүгінгі ТМД елдерінің ешқайсысы Педиатрия факультеттерін жапқан емес. Қайта елдің болашақтары балалар болған соң балалар дәрігер­лерін көбейтіп, оған үлкен маңыз беруде. Ал бізде ше? Отбасылық дәрігерді ендірумен мәселе шешілді ме? Жоқ! Қайта балалар дәрігерінің саны азайып, мәсе­ленің шешілуі күрделене түсті. Отбасылық дәрігерлерге менің қар­сы­лығым жоқ. Олардың жалпы меди­цинадан хабары бар. Қазір анықталып отырғандай адамда 14 мың аурудың түрі бар. Отбасылық дәрігерлердің солардың аттарын да толық білуі мүмкін емес қой. Солардың ішінде балаларға қатысты ауру түрлері қаншама. Жаңа туған нәресте үш жастан асқанша үлкендер секілді қай жерінің қалай ауыратынын айта алмайды. Оларға диагноз қою үшін білікті, білімді балалар дәрігері болуы керек. Балалар дәрігерінсіз біздің медицина қауқарсыз. Он жеті қоғамдық ұйым, екі мыңдай балалар дәрігерлері Педиатрия факультетін қайта ашу керектігі жөнінде Үкіметке өтініш жасадық. Өкінішке қарай, жауап жоқ. Бұрын мединститутта педиатрларды үшінші курстан бастап дайындаушы еді. Ал қазір ше?! Оларды университеттің 6-7 курстарында атүсті дайындайды. Ал менің тұжырымым бойынша балалар дәрігерін дайындау үшін университеттерде студенттерді жеті жыл оқыту керек. Оның үстіне медуниверситетті бітірген дәрігердің айлық жалақысы қанша? 45 мың теңге. Мұнымен қалай өмір сүруге болады? Диплом алып жатқан студенттердің көбісі бизнес саласына кетіп жатқаны сондықтан. Базарда көздеріне қара көзілдірік киіп, оны-мұны сатумен айналысып жүрген дәрігерлер қаншама! «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар». Содан соң дәрігерлерде қандай бедел болады? Ал шет елдерде ең бай тұратындар дәрігерлер. Ал бізде ең тәжірибелі хирургтің айлығы 100 мың теңгенің төңірегінде ғана. Мен балалар хирургімін. Ұзақ жылдардағы өз тәжірибемнен көңіліме түйгенім, балалардың іш ауруының жүзге жуық түрі бар екен. Аудандық ауруханаларда жалпы хирург болғанымен балалар хирургі жоқ. Олар кейде іші ауырған балаларда аппендикс бар деп ота жасайды. Ал ол болмай шығады. Мұндайда баланың іш ауруы жалғасып, басқа аурулармен ұласып кетуі ғажап емес. Сондықтан да аудандық ауруханаларда балалар дәрігері болғаны жөн. Балалар ауруы мен үлкендер ауруларының айырмашылықтары екі басқа болғандықтан емдеу тәсілдері де екі түрлі. Осының салдарынан балалар дәрігерінің беделіне де нұқсан келуде».

Бұл атақты академиктің ұлттың болашағы балаларды емдеу мәселесі жөніндегі айтылып келе жатқан ащы шындығы. Ол бұл пікірін бір емес, бірнеше рет көтерген еді. міне, енді ел қалаулылары балалар денсаулығына алаңдатушылық танытып, бұрыңғы жүйені қайтаруды сұрап отыр. Ештен кеш жақсы демекші...

Автор:
Мәдина Омарқұлова


Комментарии


Сортировать по времени по рейтингу

Показаны записи 1-1 из 1.

Гость_6924, 14 сентября 2016 в 13:31

кайтарганы дұрыской


Контент устарел, комментирование закрыто