Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ауру мал ажал ошағына айналды


28 июля 2016, 10:19 | 1 883 просмотра



Биылғы жаз қазақстандықтарға өзіндік қиындығымен келді. Олай дейтініміз, Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғаларда арыстай азаматтарынан айырылған елімізге ауру малдың әлегі де аз болмай тұр. Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстарынан шыққан сібір жарасы тұрғындар тыныштығын бұзып, «Еркіндік» пен «Ұзынсу» ауылдарының еркіндігін уақытша шектеді. Алдымен Еркіндіктегі жағдайды сараласақ, ауыл, аудан емес, Республиканы дүрбелеңге салған оқиға мал дәрігерінің немкеттілігі мен ауыл тұрғынының сараңдығынан бастау алған.

Сиырдың ауырып тұрғанын ветеринарлық дәрігерге мал иесі 4 маусымда хабарлаған. Диагноз неге дәл қойылмады, ол жағы мамандардың өзіне де жұмбақ. Әрқайсысы әртүрлі пікір айтады. Солардың бір-екеуін тілге тиек етсек, дүйім жұртты дүрліктірген сібір жарасы вакцинаға кері әсердің туындауы немесе сойылған мал көмін¬ділерінің ашық қалуынан болуы мүмкін. Жауапты мекемелердің айтуынша, дертке қарсы вакцина дер кезінде егілген. Мөрленген құжат та бар. Ал, ауыл тұрғыны ауру малын арам өлтіруге қимаған. Мұндай жағдай ветврачтар тарапынан қатаң бақылауды талап етеді. Ауылдағы мамандардың білім-білігі мен жауапкершілігін көтеру кезек күттірмейтін мәселе екені де осындайда көрініп қалады. Егер сиырдың сырқатын біле салысымен ескерту жасап, мал дәрігері қажетті шешім қабылдағанда елді шулатқан мұндай оқиға орын алмас еді.

Басшылар неге алдымен ақталуды ойлайды?

Біздегі бір жаман әдет, өліп бара жатсақ та кемшілікті мойындағымыз келмейді. Еркіндік ауылындағы жағ¬дай соның анық көрінісі. Әйтпесе, сол ауылда елу жылдан бері өлекселер көміліп келген қоршаусыз мал қоры¬мы болған. Елу жылда қаншама ұрпақ жаңарып, қаншама әкім, ветеринар өзгерді. Солардың біреуі неге дабыл қағып, күмәнді, қауіпті жерді қоршауға алуға ықпал етпеген. Бізге міндетті түрде адам жоғалту керек, сонда ғана қимылдаймыз. Онда да өзімізді кінәлі сезінуден гөрі ақтауға тырысамыз. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетіндегі (23.06.2016 ж) «Шеттегі шетін мәселе» тақырыбында осы жағдайға қатысты өткен брифинг барысы баяндалады. Баспасөз мәслихатында облыстың жауапты шенеуніктері Қарағанды облысындағы ауылдан сібір жарасы шықты деген күдіктің әзірге расталмағанын алға тартады. 4 маусымда мал ауырады, содан кейін сойылып, елге сатылады, 18 маусымда ауыл тұрғындары ауырып, «сібір жарасы» деген күдікпен ауруханаға жатқызылады. 20-21 мау¬сымда екі науқас қайтыс болады. Соның өзінде басшылар жағдайды баспасөз мәслихаты арқылы жоққа шығарғысы келеді. Оған мына мәлімдеме дәлел: «Республикалық ветеринария зертханасының» Қарағанды облыстық филиалының 2016 жылғы 21 маусымындағы сынақ хаттамасына сәйкес, сойылған малға «сібір жарасы» диагнозы қойылды. Дегенмен, мұны Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталықтың мамандары әзірге растаған жоқ. Қазіргі уақытта бұл іске білікті деген мамандар жұмылдырылып, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр». Бұл облыс шенеуніктерінің 23 маусымдағы мәлімдемесі, адам өліп жатса да ауру малды, сол арқылы өздерін ақтап алғысы келеді. Бұдан кейін не дейсіз?

Мамандардың мәліметінше, денедегі кесел топыраққа тараса, бактериялар 100 жылға дейін өмір сүрмек. Бұған дейін де Шет ауданында сібір жарасы байқалған. Ал, Еркіндікте 50 жыл бұрын тіркеліпті. Жоғарыда айтқан, мал көметін қорымға 50 жыл болған. Бактерияның 100 жылға дейін өмір сүретінін ескерсек, осының өзі біраз жайттың бетін ашпай ма? Өкініштісі, бізде бір шындықтың шеті шыққанымен, екіншісі жабулы қазан күйінде қалады.

Павлодарлық ветеринарларға адам өмірі ойыншық секілді

Бұдан кейін көп ұзамай, яғни, маусым айының соңғы он күндігінде павлодарлық мал дәрігерлері ет базарына сатылымға түскен еттен сібір жарасын анықтап, дабыл қақты. Бірақ, облыстың бас мал дәрігерінің де қарағандылық әріптестері сынды адам өміріне төнген қауіптің малдан екенін мойындағысы келмегені байқалады. Өйткені, Павлодар облыстық зертхана мамандары сараптамаға жіберілген еттен ештеңе таппаған. Есесіне, Астана қаласындағы орталық зертхана облыстың өрескел қатесін түзеген. Өрескел деп отырғанымыз, облыстық ветеринария саласының басшысы бұл тұрғыда өзінің «облыстық зертханаға сау, ал, бас қалаға ауру малдың еті жіберілуі мүмкін» деген уәжін білдіреді. Сонда тексеруге ойларына келген етті жіберетіндей адам өмірін жалмап жатқан ауруды анықтау ойыншық болғаны ма? Мұның ар жағында өз қызметтеріндегі кемшілікті жасырып-жауып қалу сынды тағы бір шикіліктің бары анық. Сондай-ақ, бұл жағдай облыстық зертхана мен ветеринарлар жұмысының сын көтермейтіндігін байқатады.

Бізді құртатын – жалған есеп

Сібір жарасы Алматы облысына да төтенше жағдай орнатқаны көпке мәлім. Кербұлақ ауданында тосын жағдайды шұғыл бақылауына алған аудан прокурорлары ветеринария саласынан біраз былық тапты. Соның ең сорақысы, жалған есеп, яғни, сібір жарасына қарсы вакцина малдарға тек құжат бойынша егіл¬ген. Бұдан салынбаған вакцинаға қаты-рып құжат жасау қиын еместігіне куә боламыз. Ветеринарлардың 30 мыңнан астам вакцинаны жертөлеге жинап қойғандағы көздегені не, оны анықтау құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құзырында. Құдайға шүкір дерлігі, аталған облыс тұрғындары өлім-жітімнен аман.

Үш облыстағы жағдайдың ұзын-ырғасын тағы бір шолсақ, Кербұлақ ауданына бөлінген вакцина жертөлеге жиналған. Еркіндік ауылының малдарына вакцина наурыздың соңында, ал, Ұзынсуда сәуірде егілген. Сөйте тұра, халық аурудың зардабын шекті. Қарағанды мен Павлодар облыс¬тарының бірінде екі, енді бірінде бір адам көз жұмды.

Жоғарыда айтқанымыздай, мамандар вакцина егілген малдан тараған ауруға сан түрлі болжам жасауда. Бізді таңғалдырған бір уәж – «екпе кезінде мал жұлқынып, соның салдарынан вакцина дұрыс салынбай қалуы мүмкін» болды. Мұны карантин 26 шілдеге дейін жалғасқан «Ұзынсу» ауылына қатысты пікірінде облыстық аумақтық инспекция бас¬шысы айтты. Біздің бұл сөзден ұққа¬нымыз – ауырғанына екпені дұрыс салдырмаған малдың өзі де кінәлі.

Жалпы, бүгінде ауыл шаруашы¬лығының ветеринария саласы да «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп тұр. Үш облыс¬тағы жағдай осыны анық аңғартады.

Автор:
Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»