Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Құрметті әріптестер!


22 апреля 2010, 22:36 | 2 475 просмотров



Республикалық «Жәрдем» қоғамдық – медициналық газеті жарық көргелі бері біздер өзіміздің кәсіби еңбегіміздің қыр-сырын көпшілік қауымға паш етуге мүмкіндік алдық. Бұл осындай салалық басылымның қай уақытта да болсын қажет екендігінің дәлелі. Аталған басылымда күнделікті денсаулық саласының өмірі, ең қастерлі мамандықтың бірінен саналатын дәрігерлік қызметтің мәні мен маңызы, ақ халатты абзал жандардың танымы мен талғамы, ұстанымы туралы материалдар көптеп жарияланады.

Әсіресе, осындай ізгі мақсатты арқалаған «Адам және оның еңбегі» айдарының мәні өте жоғары. Аталған айдар аясында біздер қарапайым дәрігерлердің өмірі мен тұрмысы, еңбексүйгіштік қасиеті, адами болмысы туралы жақыннан ұғып білеміз. Сондай-ақ, өз кезінде құрметке бөленген, медицина саласына ерекше еңбегі сіңген белгілі дәрігерлермен қатар, жаңашыл жас мамандардың да ізденіске толы қызметін көпшілікке үлгі ету осы айдардың басты ұстанымдарының бірі. Жарқын істердің жаршысы болуға асығатын газет ауылына, аймағына қадірлі еңбегімен ел құрметіне бөленген, дәрігерлік қызметтен бақ пен бақыт тапқан зейнеткерлер, еңбек ардагерлері, сонымен ерте де өмірден озған ардақты азаматтардың өнегесін, еңбек жолын, азаматтық қағидаларын, тағылымды тәжірибелерін оқырман назарына салып отырады. Бұл өткенге құрмет, бүгінгіге деген ізет, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

Тағы бір ерекше екпін салатын жайттардың бірі газет бетінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлері үшін өте пайдалы әдістемелік және тәжірибе алмасуға, септігін тигізетін материалдардың көптеп жариялануы. Бұл дәрігерлердің біліктілігін арттыруға, санатын көтеруге, кезекті аттестациядан өтуіне үлкен көмегін тигізеді. Ол үшін дәрігерлер бір жыл бойына аталған басылымға жазылса, жыл бойына өз материалдарын, әріптестер туралы лебіздерін, құттықтауларын тегін жариялай алады.

«Жәрдем» газеті арқылы медицина саласына белсенді араласып, әріптестерімізбен пікір, тәжірибе алмасып, түрлі мәселелер бойынша өз көзқарастарымызды білдіре аламыз, жалпы оқырманға бүгінгі медицинаның пайдасы, артықшылықтары туралы ақыл-кеңес береміз.

Осы төл басылымыз арқылы біздер өз жаңашыл тәжірибелерімізді Алматы облысы көлемінде ғана емес, республикалық деңгейге көтере аламыз. Осы мақсатта «Жәрдем» газеті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, республикалық ғылыми-зерттеу институттарымен, аудандық, қалалық денсаулық сақтау бөлімдерімен екіжақты байланыс орнату мақсатында меморандумдарға қол қойған.

Сондай-ақ «Жәрдем» газеті базасында осы басылымның электрондық нұсқасы арнайы «WWW ZHARDEM.KZ » сайты құрылды. Бұл Алматы облысы дәрігерлерінің жұмысын толық қамтуға және оларды әлемдік деңгейге көтеруге жол ашады. Интернеттің әлемнің барлық нүктесімен байланыс орнатуға мүмкіндігінің мол екені бүгінде бәріне белгілі. Сондықтан осы сайт арқылы біздер өз еңбегімізді, жұмыс тәжірибемізді әлемнің әр түпкіріндегі әріптестерімізбен еркін бөлісе аламыз деп нық сеніммен айтуға болады.

Осы басылым мүмкіндігін пайдалану арқылы біз дәрігер беделін көтере аламыз.

Барлық облыс дәрігерлерін, әріптестерімді редакция жұмысына белсене араласуға шақырамын. Осы арқылы сіздер жұмыстарыңызды көпшілікке таныстыруға мүмкіндік аласыздар. Өйткені, қазіргі кезде денсаулық сақтау саласының барлық тақырыбын қамтитын, ғылыми, аттестациялық, әдістемелік материалдарды жариялайтын облысымыздағы бірден бір газет бұл -«Жәрдем». Бұл басылымның басты мақсаты қоғамдағы дәрігер беделін көтеру, олардың қызметіне барынша көмек көрсету, осы мақсатта білімін арттыруға септігін тигізетін ақпараттық материалдарды сараптап ұсыну, озық тәжірибелерді тарату, дәрігерлердің бір-бірінен тығыз байланыс орнатуына алтын көпір болу.

Сондықтан, құрметті ақ халатты абзал жандар аз уақытта өздеріңіздің рухани серіктеріңізге айналып үлгерген «Жәрдем» газетіне жазылуды ұмытпаңыздар!

Автор:
Маралбек МЕЙІРБЕКОВ, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы