Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Исаак Мустопуло әлемі


25 марта 2016, 11:51 | 1 809 просмотров



Стивен Хокингтің тараздық ізбасарымен сұхбат

"Армандар міндетті түрде орындалады. Олар орындалуы үшін жаралған! Мен Хокинг мырзаға өз Отаным жайлы мақтанышпен айтып беремін! Біз бен сіздің Отанымыз жайлы!", - деп жазды тараздық оқушы Исаак Мустопуло атақты ғалым Стивен Хокингпен кездесуі мүмкін екенін жаңалықтардан оқығанда. Алайда ол тілшілердің көңілін бірден басты: "Мен гений емеспін, білімқұмармын". Тараздың №13 мектебінде жетінші сыныпта оқитын осы бір білімқұмар бала "Хокинг мырзамен" не жайлы әңгімелескісі келетінін Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

- Facebook желісіндегі парақшаңда осы маңызды кездесуге түбегейлі дайындық жасаймын дедің. Егер кездесу шын мәнінде болып қалса, ғалыммен не жайында әңгімелесесің?

-Астрофизика жайлы. Оның теориялары жайлы көп оқығанмын, сондықтан сасып қалмаймын деп ойлаймын. Оның үстіне ағылшынымды да пысықтап алуым керек.

-Ағылшын тіліне қоса қазақ тілін де білетін шығарсың?

-Ағылшын тілі мен қазақ тілін жетік меңгергенмін деп айта алмаймын, меңгеру үстіндемін. Алайда өз ойымды толықтай жеткізе аламын.

- Стивен Хокингке қандай сұрақ қояр едің?

-Сұрақ мынадай: адамзат болашақта жарықтың жылдамдығына жете ала ма?

- Тілшілер сені бірден "гений" деп атап кетті, ал фейсбук желісінде өзіңнің ешқандай да гений емес екеніңді айтып жүрсің...

-Иә, өзімді гений санамағандықтан солай деп жүрмін, көп жағдайда қателік жасауым мүмкін, қазіргі ғалымдардың барлығы да қателік жасайды. Мен тек өзімді гений санамаймын, болды. Тіпті сол Стивен Хокинг те өзін гений санамайды. Өз басым керемет бір жетістікке жеттім деп айта алмаймын, бұған әркімнің қолы жетеді, тек білімге құмарлығың болуы керек, саған бір дүние қызық болса - маңыздысы осы.

- Сен жайлы жаңалықтарды бүкіл ел оқып жатыр. Бұл танымалдылық өміріңе өзгерістер әкелді ме? Достарың көбейген шығар?

-Достарым бұған дейін де көп болған. Менің ортама бұл қатты әсер етті деп айта алмаймын. Жақындарым, туған-туыстарым мен үшін қуанып жатыр. Ал танымайтын адамдарыма келсек, иә, олар хабарласып, қызығушылық танытып жүр.

- Астрофизикаға қалай келдің?

-Мен бала кезімнен түрлі салаларға қызықтым, мәселен тарихқа деген қызығушылығым болды. Сол тарихта бір заңдылықтың барын ұқтым: барлығы бір-бірімен соғысып, жаулап алып жатады. Мен адамдардың бекер соғысып жатқанын көрдім, біздің әлеміміз нәзік қой. Сонда ғылымның ғана тоқтамай, алға қарай кетіп бара жатқанын аңғардым, содан бастап ғарыш, галактикамен байланыстылардың барлығы қызық бола бастады, балалық шағымнан бері сол жайлы көп оқыдым. Ал астрофизикаға ойда жоқта келдім. Теледидар көріп отырып, ойда жоқта Стивен Хокингтің бағдарламасын қарадым, ол уақыт машинасы жайлы айтып жатты. Сонда уақытта саяхат жасауға болатыны рас па деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды. Сөйтсек, болады екен. Мұны дереу терең зерттегім келіп, кітаптарды, мақалаларды іздеп, сол туралы фильмдерді көріп, кітаптарды оқи бастадым, жалпы ғарыш жайлы көп мәлімет іздедім. Сосын мен Назарбаев университетіне барып, Хокингтің бірінші кітабын тауып алдым, осыған дейін бұл кітапты таппаған едім. Сосын менде арман пайда болды - ғалыммен кездесу, енді міне, арманым орындалуы мүмкін.

-Сен "Үйлесім теориясы" жобасының авторысың. Бұған қалай келдің?

-Мен бұл теорияны мұқият ойластырдым, түрлі жұмыстармен салыстырдым. Менің теориям жалпы қарапайым. Оның түсіндірмесі былай: материя бар, біз барлығымыз содан тұрамыз, айналамыздағының барлығы содан. Алайда антиматерия бар, мысалы қара құрдым. Материя мен антиматерия бір-бірімен байланысса, олар өзара жойылады да, үлкен энергия туады. Біз бұл жарылыстарды неге сезбейміз? Неге ештеңе болмай жатыр? Осы сұрақты ойлай келе, үшінші бір күштің бар шығар деген ойға келдім, ол барлық жарылысты жұтып қояды, мен оны проматерия деп атадым. Мұны өзіне энергияы жинай-жинай, кейін қайтарып беретін аккумулятормен салыстыруға болады. Міне, біз сол жақтан энергияны шығарып алуды үйренсек қой - ең болмағанда бір бөлшегін, бұл біздің көптеген энергетикалық проблемамызды шешіп берер еді.

-Сенің айналаңда астрофизикаға қызығатындар, сол тақырыптарға қызығатындар бар ма, бұл жайлы кіммен әңгімелесесің?

-Біріншіден, ол - анам. Бірақ достарым да бар, жан досым бар, мен оның осы тақырыпқа деген қызығушылығын аштым. Өмір жолымыз бірге, қызығушылықтарымыз да бірдей. Одан кейін маған, әрине, атам көмектесті, ол энергетикада нағыз маман, оның үстіне менің аккумулятор энергиясының мысалы ретіндегі теориямды сол атам көпшілікке түсіндіріп берді. Ол маған едәуір көмектесті. Ал енді менің теориямды Стивен Хокинг те біледі. Бұл мен үшін ең қуанышты жаңалық болды, теориям жайлы оған көмекшілері аударып беріпті, оған ұнап қалыпты. Сондықтан әңгімелесетін адамдарым бар деп айта аламын.

- Өз құрдастарыңа қандай кеңес айтар едің?

-Мен қазір өзімнің бағдарламамды YouTube хостингіне жүктеп жатырмын, ол "Кітап әлеміне саяхат" деп аталады, онда мен адамдарды кітап оқуға шақырамын, олардың көп кітап оқығанын қалаймын. Себебі менің білімімнің барлығы кітаптан келді, меніңше, құрдастарым кітап оқи бастаса, олар зор жетістікке жетеді.

Автор:
Әңгімелескен Ренат Ташқынбаев kaz.tengrinews.kz/conference/55/