Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Зейнетақы қорындағы триллиондар талан-таражға түспесін…


19 февраля 2016, 03:26 | 5 444 просмотра



Зейнетақы қорындағы халықтың қаражаты күн санап қысқарып келе ме? Көпшілік тірнектеп жиған ақшасын қорда сақтағанына мәз. Олар үшін Зейнетақы қоры құдды құлпы салынған сандық іспеттес. Бірақ соңғы жылдары осы сандыққа ауыз салу жиілеген сияқты. Осыдан екі жыл бұрын қордағы қаржы екінші деңгейлі банктерге қол ұшын созды. Банкирлер бұл қаражатты өз қалауымен жұмсады. Қайтарымы бар инвестиция екенін қаперіне алған жоқ. Банкирлердің қарызын қара халықтың қалтасы жауып бергені есте. Бірақ дәл осы қарапайым жұртшылыққа шетелден төменгі пайызбен алынған несиені үстемелеп бергені де есте.

Бұдан кейін де қордағы қаржыдан дәметкендер көп болды. Экономиканың әлсіреген секторларына жұмсау туралы да ұсыныстар болды. Тіпті базбіреулер ЭКСПО-2017 көрмесіне жылдар бойы жинаған ашқасын есепшоттан өз еркімен аударып та берді. Ол аздай тиімді инвестицияға арналған қор қаржысы тағы да банкирлерге демеу болатынын алғаш «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтқан болатын. Тіпті 100 миллиардтар шамалас деп еді. Бұлай жалғаса берсе экономиканың тиімді секторлары емес, суға кеткен банктерге аударыла берсе, қаражатын үнемдеп, қорда сақтап жүргендер зейнетке шыққанда не алады? Үстінен пайдасын көре ала ма? Бұл сауалдың жауабы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында зейнетақы қорынан қаржы алуды тапсырды. «Ерікті Зейнетақы қорындағы 1 триллион 450 миллиард теңгені экономиканың бірнеше бағыттарына инвестициялауды тапсырамын», — деді. Алайда бұл жолы қомақты қаражат банкирлердің бұрынғыдай «түлкібұлаңына» салынбай, нақты көрсетілген секторлар бойынша жұмсалуы қадағаланады. Десек те Назарбаев 2015 жылдың қараша айында ғана жыл сайынғы халыққа жолдауында Зейнетақы қорындағы қаржыны бизнесті несиелендіруге жұмсауды доғаруды тапсырған. Президент ол кезде зейнетақы қаржысы бюджет тапшылығын толтыруға ғана пайдаланылуы мүмкін деген еді.

БЖЗҚ қаржысы кімді инвестициялайды?

Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов мәжілісте қордағы қаржының қажетсіз облигацияға жұмсалғанын айтқан еді. «Бұдан бұрын бұл қаржы мемлекеттік құнды қағаздарға, «Самұрық-Қазына» қорының бағалы қағаздарына, сондай-ақ түрлі валюталық тетіктер мен акцияларға, жеке сектордың облигацияларына орналастырылған еді». Сондай-ақ бұдан былай табыс түсіру мақсатында ғана жұмсалатын болады деп сендірген. Алайда ескі сүрлеуге қайта бет алған секілдіміз. Дегенмен БҰЖҚ-ның банк активтерінен үлесі бар. Мәселен, Жапония зейнетақы жүйесінің инвестициясы барлық мемлекеттер сияқты мемлекеттік облигациялардан басталады. Жапония әлемдегі ең ірі зейнетақы қоры бар мемлекет. Ол АҚШ, Франция мемлекеттерін артта қалдырып келеді. Валютасы құнды, экономикасы дамыған Жапонияның зейнетақы қорының жалпы көрсеткіштерін отандық зейнетақы қорының көрсеткіштерімен салыстырып көрдік.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры екінші деңгейлі 9 банктің активтеріне ие. Сондай-ақ 600 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер мен ұлттық холдингтердің шартталған облигацияларын қайтарымды негізде және зейнетақы активтерінің сақталуы мен табыстылығын арттыру үшін нарықтық пайыздық мөлшерлеме арқылы сатып алуға жұмсалады. Жұртшылықтың зейнетақы салымдарын ұлғайту мақсатында екінші деңгейлі банктердің активтері сатып алынды. Олай болса осы банктерді құтқаруға қайтадан қалың көпшіліктің қаражаты жұмсалмақ па? Оның өтімі қайда? Халыққа салымдарын көбейтіп берудің орнына, керісінше аузын ашып, ала бермек пе? Ендеше банктердің құнсыз актвитерін сатып алудың БЖЗҚ үшін не пайдасы бар?

Эксимбанк — 14,45%                      

Цесна банк — 10,62%                       

Халық банк — 6,22%                      

Казкоммерцбанк

Банкцентркредит

АТФ

Forte

Нұрбанк

Delta bank

Девальвация кесірі

Бірыңғай зейнетақы қоры құрылғанда қорда 4 триллионнан астам қаражат болған. Қазір 2016 жылдың қаңтар айында Зейнетақы қорында  5,828 триллион теңге бар.  Доллардың теңгеге қатысты бұрынғы бағамымен бұл сома шамамен 32 миллиард доллар (USD / KZT 185 тнг). Қазіргі доллар бағамымен 16 миллиард доллар (10.02.16 360.37/+0.48). Айырмашылық жер мен көктей. Бұл қарапайым көпшіліктің ашу-ызасын тудырып отыр. Мәселен, Алматы қаласында тұратын оқытушы Мейрамгүл Есбаевның өз үйі жоқ. Ол пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Оның айтуынша, зейнетақы салымына берген қаржысын өз қолында немесе доллармен сақтаса, қаражатының басым бөлігін жоғалтпас еді. «Егер аз да болса жинап отырған қаржыны доллармен ұстасам, қазір қолымда бір-екі миллион теңгем болар еді. Тым құрығанда ай сайын пәтер ақысын ажырататын едім. Енді не қалды? Салымның тура 50 пайызы күйіп кетті? Менің маңдай теріммен жинаған еңбегім құнсызданды да қалды. Оны кім өтеп береді? «, — дейді. Иә, қордағы салымды ұлттық валюта емес, шетелдік валютамен сақтауды ұсынғандар бар. Әсіресе теңгенің құнсызданғаны айналымдағы екінші валюта — доллардың қадірін асыра түскендей. Дәл осы сауалға қатысты Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Келімбетов доллармен жинаған қаржыны сақтауға кепілдік беретін елді білмейтінін айтқан болатын».

 — Оны мен өз қадағалауымда ұстап отырмын. Өзге дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп жаңа бағытта айналымға салатын боламыз. Еселеп көбейту мүмкіндігі де бар. Халық ол қаржының болашағына алаңдамаса да болады. Тікелей өз бақылауымда», — деді президент Назарбаев. Жуырда Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың қайда жұмсалатынын ақпан айында жариялауға уәде берген. Кеңейтілген отырыста аталмыш қорға көз салғандардың арманы орындалды. Экономиканың нақты қай секторына бағытталатыны да айтылды. Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мырза Президент тапсырмасынан кейін экономиканы жандандыру шараларын қолға алады. Бұған дейін «тар жол тайғақ кешу» басталса да, қол қусырып қарап отырған басшылардың өз қызметі мен міндеттеріне бойкүйездік танытып келгені ерсі емес пе?! Шенеуніктер нақты тапсырмасыз-ақ өз міндеттерін атқаруға құлықсыз ба, әлде өкілеті жоқ па? Әйтеуір,  тиындап жинаған теңгені миллиардтап шашқан алыптарға таратып, бей-берекет ұстауына тағы да жол беріп отырмыз…

 Бұдан былай Зейнетақы қорын бақылаудың жаңа тетіктері қарастырылады. Бұл шаруа Ұлттық банк қарамағынан алынып, шетелдік немесе қазақстандық компанияларға табысталады.

 — Зейнетақы қорын, біз Ұлттық қорды қалай басқарамыз солай басқару керек, солай қарау керек және зейнетақы қорын бизнесті кредиттеу үшін жұмсауды тоқтату керек. Бұл қаржы ел бюджетінің дефицитін толтыру үшін ғана қолдану керек. Ал, бизнес үшін бізге халықаралық қаржы институттары ұсынған ақша да жетеді. Былай деп келісейік. Зейнетақы қоры халық үшін толықтай сақталуы керек», — деді Президент. (перзеидент суреті)

 P.S. Зейнетақы қорына салынған салым әрқайсымыздың болашағымыз. Ол үшін зейнет жасына жеткенше тырбанып еңбектеніп, тірнектеп, тиындап жинаған қаржыны қорға сеніп тапсырып келеміз. «Мемлекет қажеттілігі» үшін қажет еді деп, әрқайсымыздан неге сұрап алмасқа? Одан да еліміздің ең бай бір-екі-ақ адамы осы соманы Үкіметке ел экономикасын түзеуге уақытша бере тұрса абзал болар еді.

Сарапшы пікірі:

Марат Төлібаев, директор ЖШС «Smart Investments»:

— Кез келген зейнетақы қорының, мейлі ол мемлекеттік болсын жеке инвестициялық саясаты бар.  Ол зейнетақы салымдарын сақтауға және көбейтуге негізделген.  Ал қазіргі жағдайда зейнетақы қорының мақсат-мүддесі түрлі басшылықтардың мақсат-мүддесіне сәйкес келмеуі мүмкін. Мәселен, Үкімет еліміздің индустриалды дамуын алға тартуы мүмкін. Президент елдегі дағдарыстың әлеуметтік жағдайға әсер етуіне алаңдауы мүмкін. ал БҰҰ Бас хатшысы жаһандық климаттың өзгеруіне алаңдайды. Көрсетілген жайттардың барлығының да мақсаты адал, игі істер. Алайда… жоғарыда көрсетілген адамдардың ешқайсысы да игі мақсаттар үшін біреудің ақшасын пайдалануға құқы жоқ. Зейнетақы қорындағы қаржының иесі — басқа біреу. Қордағы қаржы бюджеттікі емес, ол ел азаматтарының қаржысы және қорға инфляциядан қорғану мен қартайғанша босқа жұмсап жіберуден аулақ болу үшін уақытша салынған қаражат. Сондықтан зейнетақы қорлары еліміздің индустриялануы мен жаһандық климаттың өзгеруіне алаңдаушылық білдірсе де, оған қаржы салудан аулақ болуы шарт. Керісінше сенімді активтерге салуына болады, мысалы, американ доллары, алтын, тіпті «Microsoft» активтеріне инвестиция құюына болады. Сонымен қатар Қазақстанның ірі компаниялары мен қазақстандық құнды қағаздарын жоғары жақтың нұсқауымен емес, табыс пен тәуекелді жіті талдай отырып  сатып алуына болады. Зейнетақы қорлары ешкімге бағынбауы тиіс.

Сырым Әбдірахманов, сарапшы-блогер:

— Расында, қордағы салымды сенімді әрі табысты активтерге неге салмасқа. Мысалы, долларға немесе алтынға, тіпті «Tesla» акцияларын алуға болады. Қазақстан компаниялары мен құнды қағаздарын да сатып алуға болады, бірақ жоғарғы жақтың нұсқауымен емес, табыс пен тәуекелді басшылыққа ала отырып, жан-жақтың талдаудан кейін салар едім!..

…Форбс тізіміне енген Қазақстанның ең бай 50 адамы қайда? Машкевич пен Шодиев, Ибрагимов пен Белович, Кимдер еліміз тығырыққа тірелгенде қайда жүр? Көрінбейді! Бірақ бізде тағы да байғұс зейнеткерлер мен  олардың тиын-тебені бар… Зейнетақы қорлары ешкімге бағынбауы тиіс жән оларға қаржыны қайда салу керектігі туралы ешкім, Үкімет те, Путин, Обама, ең аяғы БҰҰ Бас хатшысы да нұсқау бермеуі керек. 

Автор:
Ақниет ОСПАНБАЙ