Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

H1N1 вирусы әлем елдерінің көбін үрейлендіріп отыр


19 февраля 2016, 09:19 | 1 988 просмотров



Қазақстанға құрлық асып келіп, қайсыбір жылдары жұртты қатты дүрліктірген А типті Н1N1 вирусы елімізде қайта дендеп барады. Халық жалпақ тілде «шошқа тұмауы» деп атап кеткен індеттен жуырда бір адам көз жұмды. Бұл туралы өткен аптада Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз маслихатында Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті. Алматылық дәрігерлер вирустың қауіптілігін ескертіп, жергілікті тұрғындарды сақтандырып әлек болса, оңтүстіктегі ақ халаттылар оны «кәдімгі маусымдық сырқат» деп міз бақпай отыр. Кімге сенген жөн?

Қаһарсыз қыс – дертке дем беруші

Еліміздің бас санитарлық дәрігері республика аумағында А/Н1N1, А/Н3N2 және В тұмау вирустары тұрақты айналымға енгенін хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстанда биылғы эпидемия маусымында тіркелген 270 оқиғаның 75 пайызы – А/Н1N1 вирусы («шошқа тұмауы»), 25 пайызы – А/Н3N2, 1,2 пайызы – В типіндегі тұмау. «Осының ішіндегі ең қауіптісі – H1N1 тұмауы. Ол тұмаудың өзге түрлеріне қарағанда жұққыш келеді әрі зарары күшті», – деді Ж.Бекшин. Бас санитарлық дәрігердің сөзіне сүйенсек, кәдімгі тұмау кезінде пневмония бес немесе жеті тәуліктен кейін пайда болуы мүмкін. Ал шошқа тұмауында екінші-үшінші тәулікте ауру асқынып, тыныс жолдары қабынып шыға келеді. Сондықтан Жандарбек Бекшин ел тұрғындарына ауырған күннен бастап вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен, дәрігерлердің бақылауымен емделуді қатаң ескертті.

Шошқа тұмауы бүгінде Қазақстанның барлық аймақтарында тіркеліп үлгерді. Алматы облысындағы түрмелердің бірінде істейтін фельдшердің қазасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің барлық өңірінде эпидемиологиялық жағдайды күшейтіп, жаппай вакцинация жүргізуде. Егу науқанына бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген. Әлемнің бірқатар елдерінде дендеген А(Н1N1) вирусы әсіресе, солтүстіктегі көршіміз Ресейде өршіп тұр. Сондықтан мамандар шекара асып келетіндерді жіті тексеруде. Бүгінде еліміздің әуежай мен теміржол вокзалдарында бас-аяғы 22 санитарлы-карантиндік пункт ашылған. Оның 14-і әуежайға, 6-ауы шойын жолға орнатылды. Енді елімізге алыс және жақын шетелден келетін қонақтарды кеден қызметкерлері мен шекарашылардан бөлек, эпидемиолог мамандар да тексереді. Өйткені Украина мен Ресейден және Армениядан Қазақстанға қатынайтын жолаушылар көп. Шошқа тұмауынан тек Ресейдің өзінде 50-ден астам адам көз жұмған. Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, эпидемия ел астанасында тіркелмегенімен, өңірлерде бұл дертке шалдыққандар саны күннен-күнге артуда. Мәселен, Ростов облысында шошқа тұмауын жұқтырғандар саны 185-ке жетіп, олардың алтауы қаза тапты. Дәрігерлердің айтуынша, олардың бәрі ауруханаға дерт асқынып кеткен кезінде келген. Қайтыс болғандардың арасында бүлдіршін қыз да бар. Ол емханаға жеткізілген соң, тіл тартпай кеткен.

И.Пирогов атындағы РҰЗМИ профессоры Андрей Девяткиннің айтуынша, тез арада өкпені қабындыратын вирустың жаппай тарауына ауа температурасының биыл қалыптағыдан жоғары болуы себеп. Өйткені – 5 пен + 5 Цельсий градус аралығындағы ауа температурасы жұқпалы аурулардың өршуіне қолайлы жағдай тудырады.

Індет құрбандары:

Үндістанда – 1158,

Украинада – 60 адам

Өткен аптадан бері еліміздің түкпір-түкпірінен жеткен ақпараттар аса қуантпай тұр. Мәселен, соңғы үш айда 28 ақтөбеліктің ағзасынан H1N1 вирусы табылған. «2015 жылдың 1 қарашасында басталған эпидемиологиялық маусымда 28 науқасты тіркеуге алдық. Олардың барлығынан шошқа тұмауының вирусы табылды. Бірақ олар дер кезінде дәрігерлердің көмегіне жүгінгендіктен ажалдан аман. Бұл вирустың клиникасы өте күрделі. Егер сәл асқындырып алса, науқастардың өліп кетуі ықтимал», – дейді Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Күлара Омарова. Маманның айтуынша, Ақтөбе облысы бойынша 2015-2016 жылғы эпидемиологиялық маусымның алдында тұмауға қарсы 74 252 адам егілген. Вакцинация сатып алуға бюджеттен 29 млн. 355 мың теңге бөлініпті. Десе де, санитар мамандар екпе салдыртпаған тұрғындар үшін алаңдаулы. Дәрігерге қаралуды құнттамай, әдетте өзін-өзі емдеумен шектелетіндер бұл вирусты әдеттегі тұмаумен шатастырып, қам-қарекетсіз жүре беруі мүмкін. Қолға түскен дәріні ішіп, ауруды одан бетер өршітіп алмасына кім кепіл?

H1N1 вирусы Қостанайда да өршіп тұр. Қазір облыс бойынша тұмауға шалдыққан 23 876 адам тіркелсе, зертханалық талдаулардан кейін олардың 16-сы шошқа тұмауы екені анықталды. Облыстық Тұтынушылар құқын қорғау департаментінің директоры Владимир Нечитайлоның айтуынша, биыл өңірде тұмаумен ауырғандардың саны өткен жылғымен салыстырғанда шамамен 4 мың адамға көп. Бұл дертті жұқтырғандардың дені – 14 жасқа дейінгі балалар. Бүгінде облыстағы үш аудан мен үш қалада шектеу шаралары жүргізілуде. Балабақшаларда таңертеңгі сүзгі шарасы өткізіліп, ауырған бүлдіршіндер дереу емханаға жіберіледі. Сондай-ақ мектептер мен балабақшаларда көпшілік жиындар өткізуге тыйым салынған. Егер сыныпта оқушылардың 30 пайызы ауырса, оқу үдерісі тоқтатылады.

Алматылық ақ халаттылар да дабыл қағуда. Қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Қарлығаш Әбдіжаппарованың хабарлауынша, мегаполисте H1N1 вирусын жұқтырудың 10 жағдайы тіркелген. Оның ішінде жетеуі ересектерде болса, үшеуі – балалар. Мамандардың дерегі бойынша Алматы тұрғындардың небәрі 10 пайызы тұмауға қарсы екпе алған. Демек, қауіпті вирустарды жұқтыратындар саны еселене түсуі мүмкін.

Шошқа тұмауын жұқтыру көрсеткіші бойынша көш бастап тұрған аймақ – Оңтүстік Қазақстан облысында қауіпті вирус 37 адамның ағзасынан анықталды. Шырайлы өңірдің аязсыз қысы малға жайлы болғанымен, ауру атаулыны қоздырып, жанға жайсыз тиіп тұр. Н1N1 вирусын жұқтырғандардың 10-ы жүкті әйел болса, 17-сі жасөспірім екен. Әйтсе де, ОҚО дәрігерлері бұл дертті шошқа тұмауы емес, кәдімгі маусымдық сырқат деп атап, қауіптенуге негіз жоқ екеніне сендіруде. БАҚ-тың көмегімен жергілікті тұрғындардың үрейін басу үшін Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері коммуникациялар орталығының Оңтүстіктегі филиалында тілшілердің басын қосып, осы тақырып аясында арнайы брифинг өткізді. Олардың айтуынша, осыдан 6 жыл бұрын қатерлі боп есептелген сырқат қазір қорқынышты емес. Өйткені оған қарсы қоғамның иммунитеті пайда болған көрінеді. Солай-ақ болсын. Қауіпті болмаса, әлемнің түкпір-түкпірінде күн сайын ондаған, жүздеген адамның көз жұмып жатқанын қалай түсіндіреміз?

Атап айтсақ, Украинада шошқа тұмауына шалдығып, қайтыс болғандардың саны 60-тан асты. Бұл ұзынқұлақтан естіген дерек емес, Украинаның Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған ресми статистика. H1N1 вирусынан ажал құшқандардың дені – Одесса облысының тұрғындары. Мұнда 22 азамат көз жұмған. Ал бейресми ақпарат көздері бір ғана Донбасс өңірінде 30 украиналық мерт болғанын хабарлады. Яғни көрсеткіштің бәрі дерттің дендеп бара жатқанын аңғартады. Ресми органдар мұны мойындаудан қашып отырған жоқ, керісінше, қауіпті ауруды жұқтырудың эпидемиологиялық шегіне таяп қалдық деп отыр.

Соңғы рет жұртты әбігерге салған мұндай жағдай 2009 жылы болған еді. Ол кезде қауіпті дерт 1128 украиналықтың өмірін жалмаған. Жеті жыл бұрынғы жағдайдың қайталанбасына эпидемиологтар кепіл бере алмайды. Олардың айтуынша, тұмау эпидемиясының екінші толқыны күтіп тұр. «Тұмаудан қаза тапқандардың барлығы дерлік H1N1 вирусын жұқтырғандар. 2009 жылғы эпидемия Украинаның батыс аймақтарынан басталып, алғашқы аптада ғана 5 медицина қызметкерінің өмірін қиса, осы жылы тұмау Краматорск, Суммы, Винница, Одесса секілді шығыс өңірлерде өршіп тұр. Қазіргі таңда Киев қаласы мен елдің 15 облысындағы мектептерде карантин жарияланды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі қандай да бір болжамдар жасай алмай отыр. Сондықтан екпе егу өте маңызды», – дейді Украина Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисі Ольга Голубовская. 42 млн. украиналықтың небәрі 3 пайызына ғана тұмауға қарсы екпе егілгенін ескерсек, Украина дәрігерлерінің үрейленетін жөні бар.

Ал Түркияда шошқа тұмауынан 8 адам көз жұмды. Бұл туралы өткен аптада парламент мінберінен сөз сөйлеген осы елдің Денсаулық сақтау министрі Мехмет Мюэззиноглы мәлім етті. «Бүгінге дейін H1N1 вирусын жұқтырған 8 кісі жан тапсырды. Олардың 6-ауы – созылмалы дертке шалдыққан және егде тартқан жандар. Біреуі жүкті әйел, ал соңғысы денсаулығы сыр бермеген сап-сау азамат болатын», – деп атап өтті министр.

Халқының саны бойынша әлемде екінші орында тұрған Үндістан мемлекеті де өткен жылдың басынан бері қауіпті вирустың әлегінен көз ашпай тұр. 2015 жылдың алғашқы 3 айының өзінде мұнда 1158 адам қаза тапқан. Бұдан бөлек тағы 22 мыңға жуық адамның H1N1 вирусын жұқтырғаны хабарланған болатын. Дерекке сүйенсек, шошқа тұмауынан қаза тапқандар елдегі 48 штаттың тең жартысында тіркелген. Әсіресе, Гуджарат және Раджастхан штаттары тұрғындары көп зардап шекті. Сондықтан Ахмадабад қаласында үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерінен басқа жиындарды өткізуге тыйым салынған.

Шошқа тұмауы Иранды да айналып өткен жоқ. Бұл елде қауіпті вирусты жұқтырған 36 адам көз жұмған. Өткен жылдың соңында Иран Денсаулық сақтау вице-министрі Али Акбар Сайари телеарнаға берген сұхбатында бұл індет елдің Керманшах пен Шығыс Әзірбайжан провинцияларына таралуы мүмкін екенін ескерткен болатын. Айтқанындай-ақ, өткен аптаның басында вице-министр елдің шығысындағы Керман провинциясында 28 адам, Пәкістан және Ауғанстанмен шекарадағы Систан-Белуджистан провинциясында бес адам қайтыс болғанын хабарлады. Ал Керман провинциясынан сайланған депутат қайтыс болғандар саны 40 адамға жетеді деп мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл аймақта кемінде 750 адам доңыз індетіне шалдыққан.

Шошқа тұмауының басты ошағы, қауіпті вирусты әлемге таратушы – Мексикада өткен жылы 420 адам осы дерттің құрбаны болды. Бұл елде H1N1 вирусын жұқтырғандардың саны 3,7 мың адамға жетіп жығылған. Ең алғаш Мексикада пайда болған тұмау 2009 жылдың наурыз айының орта шенінде әлемнің өзге елдерінде де тіркеле бастады. 2009 жылдың 29 сәуірінде зертханалық жолмен расталған шошқа тұмауының 148 дерегін жаhанның 9 елі (АҚШ,Мексика, Аустралия, Жаңа Зеландия, Израиль, Испания, Германия т.б.) жария етті. АҚШ-тың Атлантадағы Аурулардың алдын алу және қадағалау орталығының зертханасында Техас пен Калифорния штаттарындағы аурулардан алынған зерттемелік материалдардан генетикалық өзгеріске ұшыраған А типті (Н1N1) доңыз вирусы бөлініп, адамнан адамға берілетіні анықталды. Санаулы уақыт ішінде 52-ге жуық мемлекеттер 15000-ға таяу шошқа тұмауы тіркелгенін, оның 98 жағдайда өлім жағдайына әкелгенін мәлімдеді. Эпидемияның халықаралық етек алуын ескере отырып, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры төтенше жағдай ретінде елдегі тұмау пандемиясы қауіптілік сатысының 5-ші деңгейін және халықаралық үйлестіруді жариялаған болатын.

Жануар жұқтырған қоздырғыш

Тұмаудың бұл түрін америкалық дәрігер Ричард Шоуп өткен ғасырдың орта шеніне таман, нақтырақ айтсақ, 1931 жылы ашты. Ал 1976 жылы Мексикадағы доңыз өсіретін ферманың жанында орналасқан АҚШ әскери базасының қызметкерлері арасында жаппай тараған кезде шошқа тұмауы өзінің ресми атауын алды. Алайда біз ол туралы жаңа мыңжылдықта ғана хабардар болдық. Аты-ақ айтып тұрғандай, бұл вирус әуелде үй жануарлары арасында, әсіресе шошқаларда кеңінен тарады. Кейіннен оны құстар мен адамдар да жұқтыруы мүмкін екені мәлім болды. Соңғы уақытта А типті (Н1N1) шошқа тұмауы вирустары адамнан адамға ауа тамшылары арқылы жұғатыны расталды.

Бастапқыда Кения, Еуропа мен АҚШ-тың фермерлік шаруашылықтарында, сондай-ақ, Қытай мен Жапония, Тайванды құрсауға алған вирус сауданың дамуымен әлемнің өзге елдеріне де тарады. Қауіпті дерт Қазақстанға 2009 жылы Еуропадан жетті. Ішінде үш оқытушысы бар 48 адамнан құралған оқушылар тобы сол жылы маусымның 18-19-ы күндері Ұлыбритания астанасы Лондонға оқуға барған. Шілденің 23-і күні елге оралған оқушылардың арасындағы 12-15 жас аралығындағы алты баладан Астана дәрігерлері шошқа тұмауы вирусының алғашқы белгілерін анықтады. Денсаулықтарын жайсыз сезінген балалар ақ халаттыларға өздері хабарласыпты. Әуежайда жолаушылар бойындағы жұқпалы ауруларды анықтайтын тепловизорлар орнатылғанымен, індет жұқтырған жеткіншектер одан еш кедергісіз өткен. Дәрігерлердің айтуынша, ол уақытта науқастардың бойындағы ауру қоздырғыш вирустар әлі толық күшіне еніп үлгермеген. Сондықтан індет жұқтырғандар арнайы құрылғының назарына іліне қоймаған. Аурудың елімізге одан әрі тарауына тосқауыл қою үшін мемлекеттік бюджеттен 3 млн. 900 мың теңге бөлініп, Денсаулық сақтау министрлігі жедел әрекетке көшті. Соның арқасында 2009 жылғы әлемдік эпидемия кезінде шошқа тұмауы Қазақстанды қатты әлекке сала қойған жоқ. Әйтсе де, дүниежүзінің өзге елдерінде бұл дерт шарықтау шегіне жетті. Вирустың алғашқы құрбаны сол жылдың тамыз айында Араб республикасында тіркелді. Арада бір жыл өткен соң дүниежүзінің 214 елінде шошқа тұмауынан көз жұмғандардың саны 18,5 мың адамды құрады. Ресей сол эпидемия тұсында 1300 адамын жоғалтты. Жыл өткен сайын өзінің қорғаныс қабылетін күшейтіп, белгілері мен сипаттамаларын өзгертіп отыратын вирусқа қарсы екпе ойлап табу мүмкін болмай отыр.

Бұл сырқаттың жалпы клиникалық белгілері кезеңдік адам тұмауына ұқсас болады. Бірақ кейде ешбір клиникалық белгісіз басталып, пневмонияның ауыр түріне апарып соғуы ықтимал. Мексикада аурудың белгілері жедел респираторлық жұқпаларға ұқсас болуы себепті диагноз қою кешеуілдеп, жұқпаның кең тарауына себеп болды. Көптеген науқастардың өкпе қабынуы үдей түсіп, тыныс алуы қиындағандықтан, өкпені арнайы аппаратпен тыныстандыру қажет болды. Көпшілігінде жедел респираторлық аурудың синдромдары өршіді. Аурудың вирус таратушылық мерзімі белгісіз, сондықтан ауру жұқтырған тұлға аурудың басталған күнінен санағанда 7 күн бойы айналасына қауіпті деп ұйғарылды.

Шошқа тұмауын тұмаудың басқа түрлерінен ажырату өте қиын болғандықтан, мамандар дене қызуы 38 градустан жоғары көтеріліп, тыныс алу қиындап, бас ауруы мен қатты жөтел пайда болған жағдайда бірден ақ халаттылардың көмегіне жүгіну керегін ескертеді. Дәрігер дертті адамның нақты қай вирусты жұқтырғанын зертхана арқылы анықтаған соң, дәл сол вирусты залалсыздандыратынын ем тағайындайды. Өйткені тұмаудың өзге түрлерінде қолданылатын дәрі-дәрмектер оның көзін жоюға қауқарсыздық танытады. Ал шошқа тұмауынан халық емімен емделемін деу – бос әурешілік.

Автор:
Анар ЛЕПЕСОВА. «Түркістан» газеті.


Комментарии


Сортировать по времени по рейтингу

Показаны записи 1-1 из 1.

Сакен, 19 февраля 2016 в 10:45

Блин страдаем жёстко, такую болезнь надо удалить как вирус на ПК. Эбола, свенной может скора появиться еще b Конный или волчий... госпада ученные давайте скорее решать эти проблемы. Давайте будем жить с отличным здоровьем и с хорошем настроением так же без никаких бытовых и.т.д проблем.


Контент устарел, комментирование закрыто