Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алаяқтан абай болыңыздар!


19 февраля 2016, 03:00 | 5 763 просмотра


Елімізде жеке мүлікке қарсы құқық бұзушылықтардың арасындағы алаяқтық қылмыстар саны артып отырғаны жасырын емес.  Мысалы, 2014 жылы республика бойынша 30 мыңнан астам түрлі алаяқтық фактілері тіркелгені белгілі.

Алаяқтық – алдау немесе сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкіне қол сұғу, иә болмаса бөтен мүліктің құқығына ие болу арқылы іске асатын қылмыс.  Алаяқтық қылмыстар үшін 2015 жылдан қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде аталған құқық бұзушылық жауапкершілігі 190 бапта көзделген. Алаяқтық үшін тағайындалатын ең жоғарғы жаза — белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Бүгінде қара халықты алдап соғу деректері, өзгенің сенімін жаулап алып, артынша сан соқтырып кететіндер көп кездесетін болды. Мысалы, өткен жылы Талдықорған қалалық сотында  азаматша Б-ға қатысты  екі қылмыстық іс қаралды.  Ол 2015 жылдың қаңтар айында ҚР ҚК-нің 190 бабы 4 бөлігі 2-тармақшасымен  кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығанан айыру жазасына кесілген. Алайда, сотталушының 5-жасқа толмаған кішкентай баласы болуының себебімен жазаның орындалуы кейінге қалдырылған. Бұған қарамастан, азаматша Б.  қылмыстық əрекеттерін тоқтатпаған, яғни  2015 жылдың сәуір айында алаяқтық қылмыс жасағаны үшін оған қатысты тағы бір қылмыстық іс  қаралып, сот үкімімен   жазаның орындалуы кейінге қалдырылған алдыңғы үкіммен тағайындалған жазаның жиынтығымен ол бес жыл бас бостандығынан айырылуға сотталған.

Алаяқтар адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізу сияқты әдеттерін ескеріп, өз ісіне оңтайлап алады. Олардың  негізінен әртістік дарыны бар, өтірікті шындай етіп жеткізетін айлакерлігі басым. Әдетте олар таза әрі әдемі киінеді, асықпай сөйлеп, әзіл-қалжың айтады, адамның көзіне тура қарап, барынша сенім тудыруға барын салады. Алдау-арбау жолында жүрген жұбайлық жұптар да кездеседі.

Алаяқтарға ісіңіз түссе, олар сізге ойлануға уақыт қалдырмайды. «Тез шеш», «бүгін-ертең ақша бермесең, ісің бітпейді», деп, асықтырып, жылдам шешім қабылдатады. Әрине, асыққан адам ағаттыққа барады. Содан соң, жапа шеккендер «не болғанын түсінбей қалдым», «ол сондай сенімді сөйлеп, нандырды», - дегенді жиі айтады.

Алаяқтық қылмыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қанша айтылып, жазылып жүрсе де, қарапайым адамдар арасында түрлі алдауға сеніп,  арбауға түскендер көп. Тек уақыт өткен соң ғана олар бармақтарын тістеп, өкініп жатады. Алаяқтықтың алдын алу, оларға заң жүзінде жаза тағайындау жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, айласын асырғандар өз қылмыстарын жасыра да біледі. Ал, сот тек қылмысы дәлелденгендерді заң аясында жазаға тартады. Сол үшін алаяқтардан абай болыңыздар!

Автор:
С.Жанбырбаева, Талдықорған қалалық сотының судьясы