Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Медицина қызметкерлерінің жалақысы көбейді


22 января 2016, 04:54 | 3 306 просмотров



Биылғы жылдың 1 қаң­тары­нан бастап бюджет қызмет­керлерінің айлығы өсетіндігі туралы Мемлекет басшысы өткен жылы қарашадағы Жолдауында айтқан болатын. Осыған орай, қазынадан арнайы 273 млрд. теңге бөлінген. Жаңа жылдағы өзгерістер бойынша дәрігерлер мен ұстаздардың еңбекақысы – 28-29,   студенттер шәкіртақысы – 25, өзге сала қызметкерлерінің жалақысы 28-40 пайызға көбейді.

Сондай-ақ, жаңа Кодекс бойынша мемлекеттік қыз­мет­керлер еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілмек. Яғни, мамандарды білімі, білік­тілігі, жұмыс көлемі мен жауап­кер­шілігі бойынша 4 топқа бөледі. Олар: басқару жүйесі қыз­меткерлерінің, негізгі қыз­меткерлер, әкімшілік қыз­мет­керлері, қосымша қызмет­керлер блоктары.

Сонымен қатар, бұл жаңа жүйеде қосымша еңбек сағатына сыйақы тағайындау жағы да қарастырылған. Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры, профессор Қуаныш Шадыбайұлы Нұрғазиевтің айтуынша, бұл модель дәрігерлердің жұмыс сапасының артуына жол ашады.

– Біз ұжым болып жаңа Еңбек кодексін, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін талқыладық. Дәрігерлердің жалақысы 28 пайызға артпақ. Бірақ, бұл кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын үдеріс. Қазір бізде 13,5 пайызға дейін ақшаны көтеруге мүмкіндік бар. Осылайша 28 пайызға жететін болады. Бұл өзгеріс бойынша біз қазір жұмыс істеп жатырмыз. Айта кету керек, дағдарыс медицина саласына салқынын тигізері хақ. Сол үшін де, үнемдеу туралы ұмытпауымыз керек. Десек те, дәрі-дәрмекке келгенде үнемдеудің реті келмес. Алдағы уақытта барлық бағытта алғашқы көмек көрсету мен әлеуметтік қолдау жалғаса бермек», – дейді онкоинститут басшысы.

Елбасы Жолдауы мен Еңбек кодексіндегі өзгерістерге сәйкес, негізгі мамандардың біліктілігіне байланысты жалақысы 7 пайызға артады екен.

Пре­зидент Н.Назарбаев мем­­қыз­мет­керлер біліктілігін арт­­тыру туралы жиі айтады. Был­­тырғы жылы Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму ми­нистрлігі еліміздің барлық айма­ғында қазан мен қараша ай­ларында мемлекеттік меке­ме­лер­дің есепшілері мен өзге қыз­меткерлерінің білімін жетілдіру бойынша арнайы курстар ұйымдастырды. Оған барлығы 9 мыңнан аса маман қатысты.

Автор:
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».