Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бар ауру астан


27 ноября 2015, 04:06 | 1 726 просмотров



Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпарат мәлідемесі бойынша адам денсаулығына аса қауіпті ауру түрлерінің елуден астам пайызы ет және сүт өнімдерінен жұғатын көрінеді. Күнделікті ас ретінде пайдаланып жүрген тағамдарымызға байыппен қарап, сақтанбасақ байқамай ауырып қалуымыз да әбден мүмкін екен. Себебі, кейбір келеңсіз саудагерлердің кесірінен ауру малдың еті не болмаса сүті саудаға түсуі ықтимал. Ал бұл өнімдерден жұғатын бруцеллез, туберкулез, сальмонеллез сияқты ауру түрлері адам денсаулығына орасан зор зиян келтіреді.Жас балалар мен қарт адамдар үшін одан да аса өте қауіпті. Демек, мемлекет тарапынан мұндай сауда орындарын күнделікті қадағалау бүгінгі уақыт талабы. Осындай ойлардың жетегімен Талдықорған қалалық әкімшілігінің жанынан құрылған ветеринариялық қызмет көрсету мекемесіне келіп, бөлім басшысы Нұртас Тынышбайұлы Қиялбековке жолығып, тілдестік.

-Өзіңіздің мекемеңіз жайында бірер сөз. Күнделікті базар мен дүкен сөрелерінде сатылатын ет және сүт өнімдерінің сапасы жөнінде сіздің берер бағаңыз қандай?

-Елбасының үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енген үкімімен ет және сүт өнімдерін қадағалау функциялары әкімшілік жанынан құрылған ветеренария бөлімі арқылы атқару жүктелінді. Соған байланысты, халық денсаулығына зиян келтіретін түрлі себебтердің алдын-алу іс-шаралары жергілікті әкімшілік арқылы жүргізілуде.Әлбетте, өткен жылдармен салыстырғанда тамақ өнімдерінің сапасы мен сату орындарының санитариялық жағдайы көш ілгері жақсарды деп айтуға болады. Бұрынырақтарда сөрелерде жиі кездесетін арық мал еттері қазір жоқтың қасы. Бүгінгі күні ет және сүт өнімдерін тұтынушыларға ұсыну әдістері де түбегейлі өзгеріске ұшырады. Ет алған мезетте тұтынушыларға таза пакетпен ұсыну не болмаса сүт өнімдерін қолайлы қорапшаларға толтыру сауда айналымындағы жақсы үрдістердің бірі.

-Тұтынушыларға мал және құс еті арқылы жұғатын түрлі аурулардың алдын-алу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қандай деңгейде?

-Жұқпалы ауруларды болдырмаудың алғашқы қадамы екпеден басталады. Сондықтан қала бойынша жекеменшік мал менен құстарды тіркеуге алып, уақытымен егу шараларын атқару біз үшін күнделікті бұлжымас қағида. Мал мен құс ұстайтын қала тұрғындары үшін хабарлама ретінде айтарым, дер кезінде бізге келіп, жануарларыңызды тіркеу мен егуден тегін өткізіңіздер. Барлық ауру түрлеріне вакцинамыз жеткілікті. Уақытында келмеген жағдайда жөнсіз айыппұл төлеуге мәжбүр боласыз. Жалпы Талдықорған қаласында ет сататын алты павильеон бар. Сырттан келетін ет өнімдері сауда орындарына өту үшін лицензиялы жекеменшік зертханаларда тексеріліп, таза, ауру емес, сатуға болады деген рұхсат қағаздарын алады.

-Қалай және кімдер арқылы тексеру іс-шаралары жүзеге асуда?

- Біздің мамандарымыз келген ет өнімдерінің ветеринариялық-санитариялық жағдайын бақылауға алып, зертханалардан толық тексеруден өтуін және әрбір сатушының қолында сараптамалық рұхсат қағаздың болуын қадағалайды.

-Ақшаға құнығып, арандары ашылған саудагерлер арам істерін «адалдықпен» атқаруда, олармен күресетін мамандарыңыздың саны нешеу, жеткілікті ме?

-Әзірге екі ғана маманымыз бар, бұл әрине өте жеткіліксіз. Кем дегенде тағы да екі маман қажет. Екі ғана маманмен қала бойынша бақылау жүргізу бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Себебі, қала бойынша алты павильонда сауда жасайтын мыңнан астам адамдарды қадағалау оңай шаруа емес. Жоғары жаққа ұсыныстарымыз жіберілді, әзірге үмітіміз зор, көреміз.

-Ауылшаруашылық өнімдерін сараптамадан өткізетін зертханалардың мемлекет меншігінде болуына қалай қарайсыз?

-Осындай стратегиялық маңызы өте жоғары жұмысты атқаратын мекеменің мемлекет меншігінде болуын құптаймын. Халық денсаулығын жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардан қорғау үшін мемлекет тарапынан елеулі істер атқарылуда. Жақын арада қосымша маңызды іс-шаралар жүзеге асады деген сенімдеміз. Себебі, адам денсаулығынан артық не болуы мүмкін?

«Ас-адамның арқауы» деген сөзді дана халқымыз бекер айтпаған болар, бірақ сол астың қалай , қайдан және қандай екеніне көңіл бөлу әр адамның міндеті. Себебі біздің денсаулығымыз ішкен асымыздың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан ет не болмаса сүт өнімдерін алған кезде сатушыдан өнімнің сапасы жөніндегі рұхсат қағазды сұрағаныңыз жөн. Оған сіздің заңды түрде толық қақыңыз бар. Тұтынушылар тарапынан қадағалау күшейген кезде ғана сапасыз өнімдер саудадан тыс қалады.

Автор:
Берден Қадір