Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Дағдарыстың кезекті дүмпуі


26 октября 2015, 04:04 | 1 934 просмотра



Сарапшылардың дені бұл дағдарыс тек экономикалық қана емес, әлеуметтік деп те жүр. Сондықтан оны жүйелі дағдарыс деп те айтуға болады. Қашанға созыларын ешкім дөп басып айта алмайды.3 жыл, 5 жыл, бәлкім 15. Қазақстан - әлемнің бір бөлшегі. Қаржылық күйреудің кері әсері біздің елімізді де айналып өтпейтіні анық. Елбасы республика экономикасы күрделі режімде жұмыс істеп жатқанына назар аудартып келеді.

Құнсыздану салдары

Сонымен еліміздегі экономикалық жағдай қандай? Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми деректері бойынша 2015 жылғы қыркүйекте инфляция 1,0% (2014 жылғы қыркүйекте -0,5%) болды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен. Бұл ретте, азық-түлік тауарларының бағасы 0,6%-ға (0,3%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 2,0%-ға (0,5%-ға) өсті. Ақылы қызмет көрсету тарифтері-0,7%-ға (0,7%-ға) көтерілді. Азық-түлік тауарларының ішінде көп дәрежеде қант - 13,4%-ға, жұмыртқа -10,8%-ға, жемістер-2,5%-ға, балық және теңіз өнімдері - 2,0%-ға, шай -1,9%-ға, күріш -1,4%-ға, алкогольсіз сусындар - 1,3%-ға, май және тоң майлар - 1,0%-ға, сүт өнімдері және жарма - 0,7%-ға, ет және ет өнімдері - 0,5%-ға қымбаттады. Көкөністердің бағасы 8,3%-ға, оның ішінде сәбіз - 20,9%-ға, қызылша - 15,1%-ға, пияз - 11,4%-ға, орамжапырақ - 10,7%-ға, картоп - 8,9%-ға төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар нарығында дәрі-дәрмектердің бағасы 1,9%-ға, тұрмыстық үй заттары - 1,1%-ға, сыртқы киім және аяқ киім - 1,0%-ға өсті. Бензиннің құны 13,2%-ға, дизель отыны - 1,1%-ға өсті. Ақылы қызмет көрсету тобында тұрғын үй-коммуналдық саладағы қызметке ақы төлеу 0,5%- ға көтерілді. Бұл ретте тарату желілері бойынша тасымалданатын газ тарифтері - 3,4%-ға, суық су - 2,2%-ға, тұрғын үйді жалға алу - 0,5%-ға, электр энергиясы - 0,4%-ға, қоқыс жинау және кәріз -0,3%- ға өсті. Бұдан басқа, ақылы қызмет көрсету құрылымында білім беру қызметінің бағасы 2,3%-ға, көлік - 0,9%-ға, мәдениет саласындағы қызмет - 0,5%-ға, амбулаторлық қызмет - 0,3%-ға өсті. 2015 жылғы қаңтар-қыркүйекте инфляция 2,9% (2014 жылғы қаңтар-қыркүйекте - 5,9%) болды. Азық-түлік тауарлары 2015 жылдың басынан бастап 1,5%-ға (5,6%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 3,4%-ға (6,7%-ға), ақылы қызмет көрсету - 4,0%-ға (5,4%-ға) қымбаттады.

Сандар, сандар тағы да сандар

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылғы қыркүйекте тұтастай алғанда елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін 67,9 млрд. АҚШ доллары қоса алғанда, 96,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ақша базасы 7,8%-ға кеңейіп, 4644,3 млрд. теңге болды (жылдың басынан бері 36,1%-ға кеңею). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 4535,9 млрд. теңгеге дейін 8,7%-ға кеңейді. 2015 жылғы тамызда ақша массасы 14391,7 млрд. теңгеге дейін 11,2%-ға (жыл басынан бері 12,3%-ға ұлғаю), айналыстағы қолма ақша - 1186,2 млрд. теңгеге дейін 4,5%-ға (жыл басынан бері 5,7%-ға ұлғаю), банк жүйесіндегі депозиттер - 13205,5 млрд. теңгеге дейін 11,9%-ға (жыл басынан 12,9%-ға ұлғаю) ұлғайды.

Ақша массасының құрылымындағы депозиттердің үлесі депозиттер көлемі қарқынының 2015 жылғы қаңтар-тамызда тіркелген айналыстағы қолма-қол ақшаның өсу қарқынымен салыстырғанда үдемелі өсуі салдарынан 2014 жылғы желтоқсандағы 91,2%-дан 2015 жылғы тамызда 91,8%-ға дейін өсті. Ақша мультипликаторы ақша массасының өсуі қарқынымен салыстырғанда ақша базасының кеңеюінің үдемелі қарқыны салдарынан 3,34-ті құраған.

Дағдарыс дүмпуі

14-қазандағы жағдай бойынша Екінші деңгейлі банктер еркін өзгермелі айырбастау бағамы режіміне өтуге байланысты депозиттерді қайта рәсімдеуге салымшылардың шамамен 400 000 өтінішін қабылдады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2015 жылғы 30 қыркүйектегі №177 қаулысымен еркін өзгермелі айырбастау бағамы режіміне өтуге байланысты жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгеде) ашылған депозиттері бойынша өтемақы төлеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Салымшылар Тәртіп шеңберінде өтемақыны алу үшін 2015 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде салымды қайта рәсімдеу үшін банкке өтініш беруге тиіс. Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Валюталық бағам нарығын тұрақтандыруға қысқа мерзімді перспективада қол жеткізуге болатынын 21-қазанда өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мәлімдеді. Жалпы отырыста депутаттар «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» заң жобасын талқылаған болатын. Негізгі тақырыппен бірге жиын барысында еліміздің доларсыздану мәселесі де көтерілді. Бұл ретте депутат Жұматай Әлиев талқыланып отырған құжат долларға тәуелділікті одан сайын арттырып жібермей ме, деген қаупін алға тартты. «Инвесторлар осы заң жобасын қабылдағаннан соң елге келуі күтіледі. Бәлкім олар теңгені сатып алуға ынталанып, ұлттық валютаны күшейтерміз? Бізді осы мәселе толғандырады, долларсыздандыруға бұл заң жобасы қалай әсер етеді?» - деп сұрады депутат Ж. Әлиев.

Өз кезегінде Ұлттық Банк басшысы ағымдағы жағдайға заң жобасының әсері туралы пікірімен бөлісе келе, бұл құжат елімізге кемінде 50 жыл қызмет ететінін алға тартты. «Бүгінгі қиындықтар айларға, бәлкім жылдарға жалғасуы мүмкін, бірақ 50 жылға созылмайды. Әлемдік  экономика бірде төмен құлдырап, бірде жоғары секіріп тұратын циклға ие. Біз 1991 жылдан бері әлемдік экономиканың бөлшегіне айналдық, жаһандық ойын тәртібінің арасында жүрміз. Бұған дейінгі он жыл ішінде АҚШ доллары «бәсеңдеп» ол бәрімізге жағымды болды, ал енді «қымбат доллар дәуіріне» кезіккеніміз туралы айтылып жатыр», - деп түсіндірді Қайрат Келімбетов. Бас банкир бұл ретте әлем бойынша барлық валюта долларға қарсы әлсіздік танытып отырғанынан мысалдар келтірді. Мәселен, оның айтуынша, ресей рублінен бастап, Австралия, Канада доллары да АҚШ валютасына қарсы құбылды, Норвегияның кроносы да теңселген. «Мызғымас резервтік валюта» ретінде айтылып жүрген қытай юаны да  девальвацияға ұшырады. «Сондықтан да, бүгінгі ахуалдың өзі долларға тәуелділік элементін көрсетеді. Біздің экономика да солай, біз мұнай сатамыз, ал ол доллармен байланысты. Осыған орай біз валюталық бағам нарығын тұрақтандырумен айналысып жатырмыз. Сонымен қатар, біз бұған қысқа мерзімді перспективада қол жеткізуге болады деп санаймыз», - деді Ұлттық банк басшысы. Бүгінгі экономикалық жағдайдың қысқа мерзімді проблема екенін алға тартқан бас банкир мұнай бағамына да тоқталды. Ешкім де мұнайға бағаның ертең қандай болатынын айта алмайды. Мұнайдың бағасы 60-70-80 доллар болып өссе, онда теңге де нығаяды. Керісінше, мұнай бағасы төмендесе онда қолдан келер қайран жоқ. Сондай-ақ, бас банкир халықты дүрліктірген тағы бір мәлімдеме жасады. Ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты экономиканы кредиттеуге жұмсалуы мүмкін екендігін айтты. «Біз қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп экономиканы кредиттеу мәселесімен айналысып жатырмыз. Соның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты алдағы жылдары экономиканы кредиттеуге жұмсау мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Бұл ауқымды қаражаттар негізінен банктерге, тұрғын үй құрылыстарына, сондай-ақ экономиканың аралас секторына да қатысты», - деді Бас банкир.Оның айтуынша, алдағы уақытта ел экономикасы үшін қолжетімді әрі қымбат емес теңгемен  қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін табады. Десе де, бұл уәдеге қаншалықты сенуге болады? Деген орынды сұрақ туындайды.

Автор:
ЖД ақпарат