Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тіршіліктің тынысын тарылтпаған


28 сентября 2015, 05:20 | 1 714 просмотров



Кеңес заманында Қазақ­станның Денсаулық сақтау министрі, тәуелсіздік алған жылдары еліміздің тұңғыш Денсаулық сақтау министрі қызметтерін абыроймен атқарған, мемлекет қайраткері, ғалым кардио­хирург, бүгінде А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының профессоры Ақсұлтан Аманбайұлы Аманбаевты біздің заманның көрнекті тұлғасы деп айта аламыз.

Сұрапыл соғыс алдында Оңтүстік Қазақстан облы­сы, қазіргі Отырар ауданы, Шәуіл­дір елді мекенінде қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген ол балалық, жасөспірімдік кезеңінен-ақ білімге, еңбекке құштарлығымен ерекшеленген. Осы облыстың (қазіргі Мақтаарал ауданында) орыс орта мектебін Алтын медальмен бітіріп, Алматыдағы медицина институтының емдеу факультетіне оқуға емтихансыз кабылданды. 1962 жылы институтты үздік бітіргеннен кейін Түркістан, Түлкібас аудандарында дәрігер-хирург болып жұмыс істеді. Әрине, ол кезде ауылдық жерде хирург болудың өз қиыншылығы бастан асатын.

Ақаң хирургияның ең қиын да күрделі саласы кардиохирург мамандығын ғылыми-теориялық зерттеулермен ұштастырғысы келген құштарлығының ықпалымен, арман-мұрат бағдарымен Алма­тыға аттанған-ды. 1969-1974 жыл­дары Қазақ клиникалық және экспе­риментальды хирургиялық ғы­лы­ми-зерттеу институтының (қа­зіргі А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орта­лығы) кардиохирургия бөлі­міндегі теория мен тәжірибе негізделген клиникалық ордина­тура мен аспирантурада ғылым негіздерін игерді. Одаққа бел­гілі кардиохирург, медицина ғылым­дарының докторы, профес­сор В.С.Сергиевскийдің жетекшілігімен кардио­хирур­гиядағы жүректі алмастыру туралы аса өзекті, күрделі мәселеге арналған тақырыпта 1974 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл еңбегі отандық және шетелдік ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Ақаң осы ғылыми орталықта 15 жыл үзбестен кардиохирург, аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Көп жылдар бойы жинақталған бай тәжірибе негізіндегі ғылыми-зерттеу ең­бектері еліміздің жүрек ауруы­на шалдыққан тұрғындарына мезгілінде ота жасалып, дендерін сауықтыруға үлкен көмегін ти­гізді.

Ғылыми шығармашылық пен тәжірибе сабақтастығымен еңбек ететін ұжымның қоғам­дық жұмысына да белсене қа­тысып, 10 жыл бойы партия ұйымының хатшысы болды. Осы хирургиялық орталықта ұзақ уақыт атқарған игі жұмыстары арқылы ұжым мүшелерінің алдында үлкен абыройға бөленіп, аса беделді ғалым атанды. Ол 1984 жылы Үкімет құра­мындағы жоғары лауазым­ды мемлекеттік қызметке шақы­рылды. Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың келісімімен, Министрлер Кеңесінің қаулы­сымен Үкімет аппаратының оқу-ағарту және денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Үш жыл еліміздің қалалық, аудандық, облыстық, республикалық дең­гей­дегі денсаулық сақтау ұйым­дарының кураторы болып қызмет істеді. 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары және 4-ші Бас басқармасының бастығы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Емдеу-сауықтыру бірлестігінің бастығы қызметтерін атқарды. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлы­ғымен Денсаулық сақтау министрі болып қызмет атқарды.

Еліміз егемендік алған жылдары (1991-1992) Денсаулық сақтау министрі болып екінші рет тағайындалған қызметінде де абыройлы еңбек өнегесін көрсетті. ХХ ғасырдың 90-жылдары Кеңес Одағының тарауының салдарынан, еліміздің эконо­ми­ка­лық жағдайы әртүрлі қиын­­шылықтарға ұшырағаны мәлім. Медицина мекемелері де көп­теген қиыншылықтарды бастан кешіріп жатты. Ауру­ха­налардың материалдық базасы, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті. Осындай ауыр жағдайда министрлік елі­міздің денсаулық сақтау саласына нарық заманының талабына сай өзгерістер енгізуі де қажеттілік болып саналды. Осыған байланыс­ты 1991 жылы жаңа заң жобасы дайындалып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет Жоғарғы Кеңестің VII сессия­сында «Қазақстан Рес­публикасы халқының денсау­лы­ғын сақтау туралы» Заң қабыл­данды. Бұл заң уақыт талабына орай аз уақытта еліміздің денсаулық сақтау саласындағы қордаланып қалған көп түйінді шешуге елеулі ықпал етті.

Үкі­метіміз халық денсаулығының өзекті мәселелеріне ерекше назар аударып, қаржыландыру және медициналық қызметтің нәтижелілігі мен сапасын арттыру тәрізді күрделі мәселелерді шешуді шұғыл түрде қолға алды. Соның нәтижесінде халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту бағытында игілікті іс-шаралар біртіндеп жүзеге аса бастады. Халық денсаулығын сақтау­дың білікті, білімді басшысы Ақсұлтан Аманбайұлы өмірінің барлық кезеңдерінде қандай дең­гейде қызмет атқарса да кәсіби мамандығын әрдайым бірінші кезек­ке қойды. Ұзақ жылдар хирург ретінде жүздеген, мыңдаған сырқатқа душар болған жандарға ота жасап, денсаулықтарын түзеді, өмірлерін ұзартты. Бір оқиға оның есінен кетпейді.

Осыдан он жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның Созақ ауданында ХІІ ға­сырда өмір сүрген, Шыңғыс ханды таққа отырғызып, хан сайлаған құрылтайға қатысқан, сол заман­да Қаратау, Созақ, Түркістан айма­ғындағы қазақтың шашыранды тайпаларын отырықшы ел болып бірігуіне өз үлесін қосқан ірі тарихи тұлғалардың бірі болған Саңғыл би бабамызға ас беріліп жатқан кез болатын. Абыр-сабыр жүрген жұрттың назары бір кезде: «Ақсұлтан қарағым! Сенің атыңды естіп, таныдым», деп дауыстаған 80-нен асқан қарт әжейге ауды. Сөйтті де әжей: «Осыдан 30 жыл бұрын сен менің 16 жастағы қызымның ауырған жүрегіне аса күрделі ота жасаған едің, қазір ол дін аман. Тұрмысқа шықты. Бүгінде алты баланың анасы», – деп қасына келіп, қолын алып, «Саған үлкен рахмет!» деп маңдайынан сүйді. «Ажалдан аман алып қалған, дендері сауығып кеткен әртүрлі жастағы адамдар Отанымыздың әр өңірінен осы уақытқа дейін маған хабарласып, алғыстарын айтады. Еңбегімнің осындай нәти­­жесін ел аузынан есту – мен үшін зор мақтаныш, қуа­ныш, үлкен құрмет», дейді Ақаң.

Хирург-дәрігерлік жұмы­сында ол өмірдің талай соқпақ­тарынан өткен, тәжі­рибесі мол ғалымдардың, ұла­ғат­ты ұстаздардың (А.Н.Сыз­ғанов, М.И.Брякин, А.Б.Райз, Г.К.Ткаченко, В.С.Сергиевский) тәлім-тәрбиесін көрді, мол сабақ алды, үйренді. «Өмірімде осындай абыройлы, қадірлі адамдармен араласқаныма дән ризамын», дейді ол. Ақаң 50 жылдан астам ғұ­мырын адамдардың денсаулығын сақтау, жақсарту, емдеу жолына арнады. Бүгінде жеті белестің бес жы­лын артқа тастаса да Ақаң бі­лік­ті, тәжірибесі мол маман ре­тін­де дәрігерлік жұмысын әлі абы­ройлы атқарып жүр. «Қан­ша жасқа келсем де, қай жерде жүрсем де дәрігер болып қала беремін. Өйткені, дәрігерлік кәсіп – өмірлік кәсіп. Ауырып немесе жарақаттанып, жаны қиналған адамға көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалуға әрқашан да дайынмын. Дүниеде адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Қай қо­ғам болса да, қай ел болса да, оның басты байлығы алдымен адам. Әрбір адамның дені сау, жанарында мұң, көңілінде кір болмаса, жадырап күлсе, елдің жүзі де әруақытта жарқын, же­тіс­тіктері көп. Тәуелсіздік алған мемлекетіміздің Қазақстан Рес­пуб­ликасы болып аталған та­рихи жылдарда, еліміздің адам денсаулығын қорғайтын күрделі де, жауапты да саласын басқарып, Отаныма, халқыма қызмет етуді Алла маған нәсіп етті. Ол үшін мен тағдырыма ризамын!» – дейді абыз-қайраткер Ақаң тебіреніп. Ол Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жоғары басшы­лық қызметтерді атқарған жылдары елімізде көптеген нысандар іске қосылды.

Медицина меке­мелері мен медицина мамандарын дайындайтын оқу орындары: перинатальдық орталықтар (Алматы, Қостанай, Көкшетау қалаларында), диагностикалық (Қарағанды, Семей, Жамбыл, Шымкент, Алматы қалаларында), 1000 төсектік республикалық клиникалық аурухана (қазіргі Алматыдағы №7-ші қалалық аурухана), республикалық Уро­ло­гия ғылыми-зерттеу институ­ты (Алматы қаласында), Радиа­циялық медицина мен экология инс­титуты (Семей қаласы), Республикалық акушерлік-гине­ко­логия ғылыми-зерттеу инс­ти­туты (Алматы қаласында), Ал­ма­ты медицина институтында сани­­тарлық-гигиена факультеті мен жоғары білімді медбикелерді дайындайтын факультет, Алматы медицина институты филиалының базасында – Фармацевтика институты (Шымкент қаласы), А.Ясауи атындағы Түркістан университеті мен Өскемен университетінде медицина факультеттері, облыстарда медучилищелер ашылды. Ақаңның Қазақстан денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар істеген абыройлы қызметі Үкімет тарапынан да елеусіз қалған жоқ. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының, Қазақ КСР Минис­трлер Кеңесінің «Алғыс хатымен», «Кеңес Одағы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Рес­пуб­ликасы денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды. Ардагер ағамызға Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының «Құр­метті азаматы» атағы да берілген.

2013 жылы С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина уни­верситетінің ғылыми кеңе­сінің шешімімен Қазақстан Респуб­ликасының медицина ғылымы мен білімін дамытуға, денсаулық сақтау саласына және университет мәртебесін жоғарылатуға қосқан еңбегі үшін есімі «Университет Даңқ галереясына» кіргізілді. 2014 жылы А.Н.Сызғанов атын­дағы Ұлттық ғылыми хирургия ор­та­лығының Директорлар кеңесінің шешімімен хирургияға сіңірген еңбегі үшін Алтын медальмен марапатталды. «Жақсы адам – елдің ырысы» деген халқымыздың дана­лығы осындай абзал тұлға­лары­мыздың өнегелі өміріне байланысты айтылған. Тәуелсіз Қазақ елінің дамуына өнегелі еңбегімен үлес қосқан Ақаң сынды абзал тұлғаларымыз – біздің ұлттық құндылық қазы­намыз.

Отанымыздағы адамдардың денсаулығын сақтау бағдарындағы абыройлы еңбек жолымен келе жатқан ардагер ағамыз Ақсұлтан Аманбайұлының тіршілік тынысын жүрегінің лүпілімен тұтастырған өршіл оптимистік рухты ұстанымы қазіргі және болашақтағы ұрпақтармызды жаңа жарқын істерге жігерлендіре түседі. Иә, қазекем «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаса ке­рек. Себебі, дені сау адам бақытты, де­ні сау елдің ғана болашағы жар­қын болады. Ендеше, Ақаң сияқты адамдарға бақыт сыйлайтын алтын­қол азаматтар барда жүрек лүпілі ешқашан жаңылмайды.

Автор:
Ғабит КЕНЖЕБАЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің проректоры. АЛМАТЫ.