Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Рамазан – бірлік айы


19 июня 2015, 09:49 | 1 550 просмотров



Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа ҮНДЕУІ

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті қауым! Баршаңызды аса ұлық қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Рамазан мүбәрак болғай! Оразаға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл да Рамазан айын үлкен дайындықпен өткізбек. Еліміз бойынша мешіттер мен медреселерде, діни оқу орындарында, қоғамдық орталарда қайырымдылық акциялары, игі жобалар ұйымдастырылады. Баршаңызды осы ізгі іс-шараларға атсалысуға шақырамын.

Рамазан – жалпыға ортақ ізгі амалдар маусымы. Ораза – тәрбие һәм тақуалық айы. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Иә, мүміндер, өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сендер тақуа боларсыңдар», деген («Бақара» сүресі, 183-аят). Оразада отбасы құндылығын арт¬тырып, жастарымыздың иманды, Отанын, халқын сүйетін, салт-дәс¬түрін ардақ тұтар нағыз азамат болып қалыптасуына әрдайым көңіл бөлейік. Ислам ғұламалары: «Отанды сүю – иманнан», деп тәлімді тұжырым айтқан.

Рамазан – қайырымды жандар үшін үлкен мүмкіндік. Оразада жасалған Жаратушы Иемізге ұнамды әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Адамдардың жақсысы – елге пайдасы тигендері», деген. Адам қалай ниет етсе, сол мақсатына жетеді.

Әр пенде сауапты амалымен, тақуалығымен Алланың алдында дәрежесі артады. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қам¬қор¬лық көрсетуге, мәселен, су тас¬қынынан үйсіз, шарасыз қалған отан¬дастарымызға қайырымдылық жа-сауға, табиғи апат салдарынан бұ¬зылған көпір мен жолды жөндеуге үлес қосуға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын. Елбасы Ұлытау төрінде ұлт туралы, дін, тіл жайлы берген ұлағатты сұхбатында асыл дініміздің тұрмысы төмен жандарға көмектесу, бауырмал болу, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету сынды асыл құндылықтарын сөз еткені есімізде. Осындай ортақ игі амалдар жұртымызды жақсылыққа, ізгілік пен бірлікке ұйыстырады.

Қасиетті айдың құрметі үшін халықтың тұрмыстық қажеттіліктеріне жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен тойлар ауызашар уақытында ұйымдастырылса деген тілегімді біл-діремін.

Рамазан – бірлік айы. Осы айда берілетін ауызашарлар ағайын-жұрттың арасын жақындастырып, игі іс-шаралар мен қайырымдылық акция¬лар халқымызды сенімі мен нәсіліне қарамай, ортақ мақсатқа үндейді. Бүкіл әлемнің Жаратушысы барша адамға: «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Бірлігі күшті елдің берекесі артады. Қымбатты отандастар! Рамазан айында жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл етіп, сауапты істеріміз әрдайым жалғаса бергей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің болашағы баянды болғай! Әумин!