Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Медициналық көмек сапасын арттыруға мүмкіндік береді


23 мая 2015, 23:45 | 2 290 просмотров



Алматыда Халықаралық мейіргерлер күніне арналған Мейіргер ісі мамандарының ІІІ съезі болып өтті. Съезд жұмысына мейірбике ісінің мамандары, медициналық білім беру ұйымдарының, облыстар, Астана мен Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, ғылыми зерттеу институттарының, ұлттық орталықтардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, Ресей, Финляндия, Литва, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген мамандар қатысты.

Съезд аясында «Қазақстанда мейіргер ісі саласын реформалауда тәжірибелік денсаулық сақтаудың рөлі» және «Орта кәсіптік білім беруді жаңарту, дуалды білім беру қағидаттарын енгізу. Қолданбалы бакалавриат бойынша пилоттық жобаны енгізу» тақырыптары бойынша 2 пленарлық отырыс және 2 секция өткізілді.

Съездің пленарлық отырысында мейіргер ісі саласын реформалау және халықаралық талаптарға сай жаңа формациядағы мейіргер ісі мамандарын даярлау арқылы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.

2014 жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мейіргер ісін дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Онда:

- денсаулық сақтау жүйесінде мейіргер ісі мамандарының рөлін арттыру және жаңа құзіретін енгізу;

- мейіргер ісін реформалауға сәйкес медициналық колледждер мен университеттерді институционалдық дамыту;

- мейіргер ісі саласын және жүйені нығайтуға ғылыми негіздеме жасау;

- мейіргер кәсібінің жағымды келбетін қалыптастыру үшін мейіргер ісі саласын реформалау туралы ақпараттандыруды арттыру және маркетинг;

- республикада мейіргер ісі саласын реформалауды үйлестіру тетіктерін әзірлеу және енгізу қарастырылған.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 154 мыңнан астам мейіргер қызмет етуде, олардың ішінде 39% - ауылдық денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейді. Медициналық құжаттама жүргізуде мейіргерлік технологияларды енгізу жұмыстары жалғасуда. Күндізгі стационар, хоспистер, үйде күтім жасау, консультациялық-диагностикалық қызметтер сияқты ауруханадан тыс көрсетілетін көмектің жаңа түрлерінде мейіргерлерді қатыстыру аясы кеңейтілуде. Отбасын жоспарлау кабинеттерінде мейіргерлердің профилактикалық жұмыс жүргізуде оң тәжірибесі қалыптасты.

Амбулаториялық-емханалық секторды жетілдіру, медициналық-санитариялық алғашқы көмек әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Штатқа әлеуметтік қызметкерлерді, учаскелік дәрігерлер үшін екінші мейіргер, жалпы тәжірибе дәрігерлері үшін үшінші мейіргер бөлу профилактикалық жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етіп, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында медициналық көмек сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Съезд жұмысының қорытындысында Қазақстанда халықаралық деңгейге бағытталған мейіргер ісі қызметін әрі қарай дамыту бойынша қарар қабылданды.

Автор:
ҚР ДСӘДМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ