Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақстанда қолданылатын қызылшаға қарсы вакцина барлық нормативтерге сай келеді


24 апреля 2015, 09:37 | 1 801 просмотр



Қазақстанда жасөспірімдерді иммундауға қолданылатын қызылшаға қарсы моновакцина барлық нормативтік талаптарға сай келеді. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техникаларды сараптау ұлттық орталығының (ДЗММБМТСҰО) мамандары осындай қорытынды жасады.

ДЗММБМТСҰО-ның мәліметтері бойынша, Serum Institute of India (Үндістан) өндірген қызылшаға қарсы моновакцинаның еріткішпен қоса 16 физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері (көрінетін бөлшектер бойынша механикалық қосулар; ылғалдылығы; сипаттамасы; тұнықтығы; түсі, рН; алынатын көлемі; қышқылдығы немесе сілтілігі; меншікті электрөткізгіштігі; заттардың тотығуы; хлоридтер, нитраттар, сульфаттар, кальций және магний; ауыр металлдар; бактериялық эндотоксиндер; кептірілген кезде массаның жоғалуы; улылығы; зарарсыздығы) бойынша сынақтан өтті. Сынақ қорытындылары нормативтік құжат талаптарына сай екенін көрсетті.

Вакцинаның қосымша үлгілері келесі көрсеткіштер бойынша сынақтан өтті:

1. Сәйкестендіру – сынақтан өтетін вакцинаның шынайылығы, яғни қызылша вирусы штаммының құрамы анықталады.

2. Айрықша белсенділігі – бұл әдіс «Vero» жасушаларының сезімталдығына қызылша вирусының цитопатикалық әсерін пайдалануға негізделген және вакцинаның сандық құрамын анықтайды.

3. Термотұрақтылығы – айрықша белсенділігінің көрсеткіштері анықталып, вакцинаның температуралық режімнің өзгеруіне тұрақтылығын көрсетеді, яғни, вакцина экспозициядан кейін Цельсий бойынша температура 36 градуста 7 күн бойы өзіндік белсенділігін сақтауы тиіс.

Сондай-ақ, «ауытқыма уыттылығына», «бактериалдық эндотоксиндерге» және «зарарсыздығына» сынақтар өткізілді.

Жоғарыда көрсетілген барлық көрсеткіштер бойынша вакцинаның сапасы нормативтік құжаттардың талаптарына сай келеді.

Вакцинациядан кейін жасөспірімдер арасында тіркелген қолайсыз көріністердің себептерін зерттеу қорытындылары құрамына ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті, республикалық медициналық орталықтар, ДДҰ Қазақстандағы кеңсесінің өкілдері кірген ведомствоаралық жұмыс тобы жүргізген барлық тексерулердің нәтижелері бойынша ағымдағы жылғы мамыр айында жарияланады.

Бұған дейін хабарланғандай, бүкіл әлемдегі қызылшамен сырқаттанушылық бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2015 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен 15 және 19 жас аралығындағы тұлғаларды қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялау туралы шешім қабылданған.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі - ТҚҚК) қызылшаға қарсы сатып алынған моновакцинаның көлемін, сұранысын, техникалық сипаттамасын анықтады. Қызылшаға қарсы вакцинациялауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарын қосымша иммунизациялауды өткізу кезеңінде жоспардан тыс тексеру ұйымдастырған кезде вакцинаның «салқындату тізбегін» сақтау және тасымалдау ережелерінің бұзылуы анықталған жоқ.

Иммунизациялау барысында республиканың 5 облысында қызылшаға қарсы вакцинациялаудан кейін жасөспірімдерден 399 өтініш тіркелді. Жасөспірімдердің 264-і ауруханаға жатқызылды, бүгінгі күні 264-і емделіп шықты. Егілгендердің жалпы санының (529 мың 422 адам.) ішінен өтініштердің салыстырмалы салмағы 0,07% құрады, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша 15%-ға дейін жол беріледі.

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылғы 19 ақпандағы қаулысымен қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялау тоқтатылып, ағымдағы жылғы 2 наурыздағы қаулысымен ол 2015 жылғы 4 мамырға дейін ұзартылды.

Қалыптасқан жағдайды зерделеу үшін ҚР ДСӘДМ құрамында ТҚҚК, республикалық медициналық орталықтар өкілдері, Қазақстандағы ДДҰ өкілдері кірген жұмыс тобын құрды.

Жағдайларын верификациялау және ары қарай оңалту қажеттілігі бойынша балалар Алматы және Астана қалаларының республикалық орталықтарына жіберілді. Өз кезегінде, бұл медициналық мекемелердің мамандары көмек көрсету үшін өңірлерге барып қайтты. Бүгінгі күні жасөспірімдердің жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық, кейбіреулерінде вакцинациялауға қатысы жоқ соматикалық ауруларының асқынуы байқалады.

Бейінді мамандардың қорытындысы бойынша, көп жағдайда қаралған тұлғаларда эмоционалды жағдайға жататын симптомдар және белгілер анықталды. Олар Халықаралық сыныптамасында «Күйгелектік», «Мазасыздану және қозғыштық» болып сыныпталған. ДДҰ сарапшылары қазақтандық дәрігерлер қойған диагноздарының дұрыстығын және жасөспірімдердің стационарларда ары қарай болуының қажетсіздігін растады. Көрсетілген симптомдардың себептері вакцинациялау емес, вакцинациялаудың процесі болып табылады.

Вакцинациялау вакцинамен басқарылатын, оның ішінде қызылша сияқты жұқпалы аурулардың алдын-алуда бірден-бір әдісі екенін атап өту қажет. Вакцинациялау жасанды иммунитеттің дағдылануына ықпал етеді. Адамда ауруға иммунитеттің жоқтығы асқынуларға және өлімге апарып соғады.

Қазақстанда қосымша иммунизациялаудың соңғы науқаны 10 жыл бұрын (2005-2006 жылдары) өткізіліп, елімізде қызылшамен науқастану көрсеткішін жүздеген есеге төмендетуге (16 мыңнан 13 жағдайға дейін) мүмкіндік берді.

Автор:
ҚР ДСӘДМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ,