Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Озық технологияларды ендіруге мүмкіндік береді


23 февраля 2015, 00:38 | 1 833 просмотра



2015 жылғы 12 наурызда Астанада Көз аурулары қазақ ғылыми-зерттеу институты филиалының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты болады. Көз аурулары қазақ ғылыми-зерттеу институты – 80 жылдық тарихы бар еліміздің бас офтальмологиялық орталығы. Институттың елордадағы филиалы 4 жылдан бері Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Астана қаласы тұрғындарын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмекпен қамтамасыз етуде. Филиал шала туылған нәрестелердің көз ауруларын емдеуде және скрининг жүргізуде қалалық перинаталдық орталықпен ынтымақтаса жұмыс істейді.     

Ауданы 3200 шаршы метр болатын жаңа ғимаратқа көшу офтальмологиялық емдеу-диагностикалау қызметтерін кеңейтуге, сондай-ақ, шел хирургиясы және көз жанарын түзету сияқты салаларда ең озық технологияларды ендіруге мүмкіндік береді. Астанадағы филиалға 400 млн. теңгенің заманауи қондырғылары сатып алынды.

Көз аурулары қазақ ғылыми-зерттеу институты филиалының құрамына ересектер мен балалар бөлімі, күндізгі стационар, диагностикалық-консультативтік бөлім, лазерлік орталық, офтальмологтарды оқыту зертханасы кіреді. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 285 млн. адам көз ауруларына шалдыққан, олардың ішінде 39 млн. зағип жан бар. Қазақстанда көз аурулары бойынша 56 мың мүгедек тіркелген.