Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Есіңді жи, ЕУРОПА!


13 февраля 2015, 11:13 | 2 851 просмотр


Дүниені дүр сілкіндірген Париждегі қанды оқиға бүкіл әлемді бір сәтте екіге бөлді. Жан-жақтан бұл қырғынды қаралаушылар мен жақтаушылардың саны күннен-күнге өсуде.Пайғамбарымызды әжуалауға жол бермейміз, тоқтатыңдар бассыздықты – десе бір жағы, өлтірсең де өзің біл қоймаймыз дейді екінші жағы. Парадокс. Бүкіл адамзат абыржу үстінде.Түсіну қиын, бір қыңырдың салған суреті үшін қаншама адам зардап шекті. Әрине, кісі өлтіру үлкен қылмыс, бірақ сол қылмысқа кім, не итермеледі, қандай мақсат, қандай ой. Ең соңғы амалды қолдану қатігездік екенін біле тұра, қандай әрекеттер арқылы бұл дауға жол бермеуге болар еді – деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Мысалы, Европа интелегенциясы қайда қарап отыр? Неге бассыздарды тәртіпке шақырмайды? Басқа діндегілердің пайғамбарын келемеждеу бассыздық емей ,немене? Дінараздыққа жол беру бүкіл адамзат үшін қауіпті екенін білмеді ме? Фашизм, расизм және ксенофобияны насихаттау қылмыс ретінде саналады, ал енді дінараздықты қоздыру сол қылмыстардың қатарында болуға тиіс. Яғни, кімде-кім мұндай іске жол берсе қылмыскер ретінде жазалануға тиіс.

Кәрі құрлықтың миллиондаған адамдары көшеге шықты. Қолдарындардағы қаламсап пен дәптерлерін жоғары ұстап шыққандардың ұрандары біреу ғана, «сөз бостандығы мен демократияны аяқ асты етуге жол бермейміз» – деп лағып шулады. Мемлекет басшысы, мемлекет қайраткері ретінде келелі пікір айтып, көпшілікке жөн сілтеудің орнына Франсуа Олланд өкінішке орай даурыққандардың қатарынан табылды. Өзге дінді сайқымазақ етушілердің тобырын толтырды. Франция азаматтық соғыстың аз-ақ алдында тұрған сәтте, исламға қарсы мұндай манифестік шерулер өткізу, сол шерулерге үкімет басшыларының қатысуы үлкен саяси қателік. Себебі, адамдар құқығының бұзылуы осындай қадамдардан басталады. Қандай дінді қабылдағысы келеді, әр адамның өз еркі емес пе?

Егер лаңкестердің басты мақсаты сөз бостандығы мен демократияны жою болса Францияда аз ғана жұрт білетін «Шарли Эбдодан» басқа атағы жер жарған «Фигаро», «Паризьен», «Монд Франс-суар», «Либерасьон» сияқты газеттер аз ба еді? Неге оларға тиіспеді? Сұрақ көп, жауап аз. Ең бастысы осы бір қайғылы да қанды оқиғаның келешекте қайталанбауы үшін, осы істің болу және болған себебтерін анықтап, тиісті заңды шаралар қолдану қажет еді. Франция үкіметі үшін мұндай әрекет жасау аса маңызды емес сияқты. Түсініксіз. Осы қанды оқиғаның ісін жүргізген тергеуші ойламаған жерден өзін-өзі өлтіреді, ол да түсініксіз. Европада ислам дінінің қарқынды дамуы мен таралуы батыстағылардың қорқынышы мен жеккөрушілігін күннен-күнге өсіруде. Соған қарағанда, Батыс пен Шығысты бір-біріне қарама-қарсы қою мақсатымен осындай қанды қырғынды қолдан жасады ма деген ой туындайды. Сыныққа сылтау іздеп, ислам дінінің құндылықтарына қарсы шабуыл көптен бері жалғасуда. Кейбір Европа елдерінің саясаткерлері діни төзімділік пен диалогтан сырт айналып, арандату әрекеттерін ашықтан-ашық насихаттауда. Дінаралық араздықты күшейту арқылы, халықтар арасында іріткі тудырып, ислам дінінің таралу қарқынын бәсеңдетпекші.. Осы уақытқа дейін демократияны тоқтамай жырлаған батыстың екіжүзді саясаты енді-енді бетпердесін аша бастаған секілді. Сирия маңайындағы соғыс өртінің тұтануы және оның бүкіл әлемге таралу қаупі маза бермегендіктен екі елді, екі дінді бір-біріне қарсы қойып, сырттан бақылау әлдеқайда тиімді де қауіпсіз санайтындай.

Мұсылмандар дінінің пайғамбары Мухаммед с.ғ.а. және де осы діннің әр кезеңдегі көсемдері ешқашан, ешуақытта жойқын соғысты насихаттап, қаталдыққа жол бермеген. Ислам дінінің тарихына көз салсаңыз, шектен шыққан қырғын туралы бірде-бір ақпарат кездестіре алмайсыз. Соғыс кезінде тұтқынға түскен жау әскерлерін жөнсіз өлтірмеген, дінді қабылдағандарын өз қатарларына тартып, қалғандарынан енді қайтіп соғыспаймыз деген уәде алып, үйлеріне қайтарған. Осындай жақсылықтың жаршысы бола білген нұрлы дінге жала жауып, күйе жағуға бола ма?

Кейбір сарапшылардың болжамдары бойынша, алдағы 10-15 жылдың ішінде ислам діні Европа елдерінде кең таралады деген пікір бар. Себебі, христиан дінідегі жастар өз дінінің нақты өмірмен тікелей байланысы өте аз болғандықтан селқостық танытып, мұсылмандар қатарын толтыруда. Рухани тоқырауға ұшырап, азғындана бастаған Европа ислам құндықтыларын елге кіргізбеудің бар амалын атқаруда. Бұл да «отпен ойнау» деген сөз, себебі, осындай әрекеттер мұсылмандар қатарындағы кейбір радикалды топтарды түрлі терроризмге итермелейді. Сонымен қатар, адамдардың дінді өз еркімен таңдау құқығы да өрескел бұзылады.

Ислам дінінің өзіндік саяси және экономикалық доктринасы бар. Бұл доктринаның принциптері құранға негізделген болғандықтан, әлемдік жаһандану идеологтарының кейбір пікірлерімен және батыстың либералдық стандарттарымен келіспейді. Әрине, ислам көптеген саяси концепцияларға (расизм, империализм, саяси зорлық-зомбылық) қарсы және құптамайды.

Көп ұзамай Европаның алдыңғы қатарлы интелегенция өкілдері ислам жайында әділ пікір айтатын шығар деген үміт үзілген жоқ. Алдымыздағы болашақта адамзат прогресі мен ислам құндылықтарының тығыз байланыстары арқылы болатұғын жарқын тарихи оқиғалардың куәгері болуымыз мүмкін деген сенімдеміз.

Автор:
Берден Қадір