Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Әр істің берекесі-жауаптылықта


28 ноября 2014, 09:35 | 1 917 просмотров



Әр адамға денсаулығы мен білімі қандай маңызды болса, кез келген мемлекет үшін де азаматының денсаулығы мен білімі маңызды болып табылады. Міне, осы тұрғыда мемлекетіміз ауыл мен аудан медицинасына қаншалықты көңіл бөледі? Олардың жұмыс істеулеріне мүмкіншіліктері қандай дәрежеде? Оларда заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бе? Ауылдық, аудандық ауруханалардың кадрлық базасы толық па?,-деген сауалдар кімді болсын, толғандырары хақ. Біз осы сұрақтардың жауабын білу үшін, жер жанаты – Жетісу өлкесі болса, сол өңірге қарасты Сарқан ауданы бар. Сол ауданға жол тарттық. Сарқанға барған жан табиғатын тамашалап бітпейді...

Адамды еңбегіне қарай бағалайтын заманда, оның мамандығының мәртебесі де ескерілетіні заңдылық. Күллі ұлттың тағдыры тұратын қос мамандық болса оның бірі ұстаздық, екіншісі дәрігерлік. Бірі адамның тән саулығын қадағаласа, екіншісі жан саулығын, рухани амандығына жауапты. Ұлттың саулығын қадағалайтын ақ халатты абзал жандардың қашанда алатын орны биік болуы шарт. Дәрігердің міндеті ауру адамды науқасынан айықтыру, оның қал-жағдайын жақсарту, аурудан сақтап, оның алдын алу жолдарымен шұғылдану болып табылады. Кез-келген саланы алсақта өздеріне сай міндеттер жүктеледі. Бірақ, медицина қызметкерлеріне жүктелген міндеттердің орны ерекше. Өйткені, бұл мамандықтың адам денсаулығын және оның өмірімен тікелей байланысты. Басқа салалардан гөрі, медицинада болатын өзгерістер мен жаңалықтар жиі өзгерістер болады. Осындай өзгерістер мен жаңалықтарды жіберіп алмай, берген анттарына адал, өз міндеттерінен кемшіліктер жібермей қызмет етіп келе жатқан еліміздің медицина саласында елеулі орны бар, тарих қойнауына терең бойлаған Алматы облысы Сарқан аудандық орталық ауруханасы. Бұл аурухананы бүгінде басқарып отырған Мырзашев Иманғали Бөлегенұлымен дидарласып, қайтқан едік. Сарқан аудандық ауруханасы заманауи медициналық техникамен жабдықталған, білікті әрі өз ісіне адал мамандарымен қамтылған мекеме. Соңғы жылдары аудан денсаулық сақтау саласында үлкен өзегерістер орын алып, өңір медицинасы біршама жетістіктерге жетті. Бұған аудан халқы куә болып отыр. Сарқан ауданы тұрғындары бүгінгі күні сапалы медициналық көмектің қамтамасыз етілген. Медициналық-саниатрлық алғашқы көмек жұмысы өз деңгейінде жұмыс істеп, ауруды асқындырмай алдын-алуға негізделген. Осы бағытта емханалық қызмет мамандары халық денсаулығы үшін тынбай еңбектенеді. Сондай-ақ, шұғыл медициналық көмек көрсету бағыты жоғары деңдейде, Жедел жәрдем көліктері заман талабына сай жабдықталып, мамандары арнайы курстардан білімін жетілдірген. Міне, аудандық аурухана шұғыл медициналық көмегі арқасында талай адамның жанын аман алып қалды. Аудан денсаулық сақтау саласы бір орында тұрмайды, күнделікті даму үстінде. Жаңа емдеу әдістері, жаңа технология, жаңа бағыттар –осының барлығын игеруге толық жағдай жасалған.

«Сарқан аудандық ауруханасы 37 елді мекендерге, жалпы 40683 халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету радиусы 300 км-ді қамтиды. Халыққа медициналық көмек көрсетуде 144 төсектік аудандық аурухана, ауданаралық 50 төсектік туберкулез ауруханасы, 10 ауылдық дәрігерлік емхана, 3 фелдшерлік-акушерлік пункті, 19 фельдшерлік пункт, аудандық санитарлық эпидемиологиялық станциясы қызмет атқарады. Аудандық аурухана ауысымына 250 емделушілерге есептелген. Аудан бойынша ұжымында 650 мамандар бар. Оның ішінде барлық емдеу мекемелерінде 72 дәрігер, жоғары дәрежелі маман саны 12, бірінші дәрежелі -15 маман, екінші дәрежелі 4 маман жұмыс істейді. Өткен жылы кадр мәселесінің жетіспеушілігі болған болса, биылғы жылы маман тапшылығы жоқ»,-деп сөзін бастаған Сарқан аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Иманғали Бөлегенұлы Мырзашев. Иманғали Бөлегенұлымен сұхбат барысында тек аудан денсаулық сақтау саласы жайында ғана емес, еліміздің медицинасының әрбір негізгі бағыттарына тоқталып өттік. Бас дәрігер бойынан үнемі ізденіс үстінде жүретін тұлға екенін байқадық. Ол «медицинада күнделікті ізденіс қажет, сондықтан да болып жатқан жаңалықтарды жіберіп алмай, үнемі жиі оқу керек»-деді.

- Иманғали Бөлегенұлы, Сарқан аудандық ауруханасының бүгіні мен кешегі күніне тоқталсаңыз? Материалдық техникалық базасы, сондай-ақ кадрлық база –мамандармен қамтамасыз ету жұмысы қандай?

- Сарқан аудандық аурухананың кешегісі мен бүгінін салыстыруға мүлдем келмейді. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Кешегі күні жұмыс жасауға толық жағдайымыз болмаса, бүгінінде барлығы бар. Материалдық техникалық базамыз толықтай жеткілікті. Әрбір мамандарымыз заманауй компьютерлермен жабдықталған. Ғаламтор желісіне қосылған. Олар өз мамандықтарының иелері. Кадрлық базамызда толық. Маман тапшылығы жоқ. Жас мамандарымыз да жеткілікті.

- Жас мамандарда жеткілікті дейсіз, ал олардың білімдеріне қандай баға бересіз?

- Жақсы, көңілім толады. Әрине, біз оларды оқу бітіре салысымен жұмысқа бірден алмаймыз. Оларды арнайы курстарға жібереміз. Практикалық тәжірибелерден өткіземіз. Содан барып жұмысқа тұрғызамыз. Әр жылы әр түрлі жас мамандар келеді. Бір жылы теориясы бар, практикасы жоқ мамандар келсе, ендігі жылы керісінше келіп жататындары да бар. Бұл мамандықты қаншалықты жаныңмен қаласаңда, үнемі оқуды талап етеді. Жылдан жылға өзгерістері де бар. Жас мамандар ғана емес, білікті мамандарымыз да курстардан өтіп тұрады. Бұл дегенің күннен –күнге медицина ғылымының қарыштап дамуы. Тіл – көзден сақтасын, бізге келген әрбір жас мамандарымыз өздерінің таңдап алған мамандықтарын игеріп кетеді. Ол өз ісін жақсы атқарып жатса, неге менің көңілім толмасын.

- Көп жылдық тәжірибесі бар, білікті дәрігерлеріңіз бен жас мамандар арасындағы сабақтастық қалай?

- Жаман деп айта алмаймын. Біздің ауруханада білікті мамандарымыздың жастарға берері де, үйретері мол. Қолдарынан келгенінше көмектерін көрсетіп жатады. Жастарымызда қысылмай, білмегендерін сұрап, үйренеді. Біздің саламызда «білмеймін» деген сөзді ұмыттыратын мықты мамандарымыздан жастарымыз біліктіліктерін шыңдайды. Өзара сабақтастық жақсы.

- Иманғали Бөлегенұлы, Сарқан аудандық ауруханада денсаулық саласын жақсарту мақсатында қандай өзгешеліктеріңіз бар?

-Денсаулық саласын жақсартуға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарла¬масы бойынша елімізде 48 инсульт орталығын ашу жоспар¬ланған. Соның бірі өткен жылдың аяғынан бастап, біздің аудандық ауруханадан ашылды. Орталық жедел ми-қан айналымы бұзылыс¬тары науқастарына медициналық көмек көрсетуге арналған. Бұл бөлімде Алматы облысы бойынша ең мықты томограф аппараты және білікті маманы да бар. Нейро- инсультті бөлім Сарқан, Ақсу және Алакөл ауданына қарайды. Қажетті құрал-жабдықтарды, аппараттарды лизинг бойынша алып отырмыз. Рентген аппарат алынды, эндовидеостойка аппараты орнатылды. Жаңа УЗИ аппарат, наркоз аппараттары қолданысқа берілді. Нейроинсульт орталығына келген науқастың сауығуына барлық жағдай жасалған. Инсульт бөлімшесі, демалдыру аппараты төсектік мониторымен, дефибрил¬лятормен жасақталған. Ерте қалпына келтіру кабинетінде көлденең тарту, жүруге арналған, майда бұлшық еттерді қалпына келтіру аппараттармен жабдық¬талған. Бөлімшеде инсульттен кейінгі емдер, шеткі жүйке жүйесінің, бас ми-қан тамырлары ауруларының созыл¬малы науқастары емделеді.

-Өзіңіз атап өткен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы 2015 жылы аяқталады. Сіздердің ауруханадан осы бағдарлама бойынша тағы қандай нәтижелер берді?

- Әрине, осы бағдарламаның арқасы. Ең алдымен айта кететін жайт, ауданымызда ана мен бала өлімі азайды, туу көрсеткіші жақсарды, туберкулезбен ауыратындар былтыр 27 болса, биылғы жылы 17. Бұл бағдарламаның шыққаны бізге оң нәтижесін берді. Жаңа айтып өткенімдей жаңа нейро-инсультті бөліміміз ашылды. Білікті мамандармен кадрымыз толықтырылды. Халқымыздың денсаулықтарын жақсарту үшін қалтқысыз еңбек етуге бар жағдайымыз жасалды.

- Иманғали Бөлегенұлы аудандық ауруханаңызда орын аларлықтай проблемаларыңыз бар ма?

- Жұмысымыз жағынан кереметтей бір проблемаларымыз жоқ. Бірақ, неше жылдан бері құрылысын аяқтай алмай, қолданысқа берілмей тұрған ауруханамыз бар. Аудан әкімі боп, біз боп қазіргі таңда осы жұмысты қолға алдық. Енді, бұл жұмысымыз қолға алған күннің өзінде алдағы жылы қолданысқа беріледі деп айта алмаймын. Екі, үш жылдың көлемінде нәтижесін беріп қалар деген ойдамыз.

- Медицина саласында «қағазбастылық» көп дегенді естіп жатамыз, ал өзіңіз айтып отырсыз: «аурухана компьютерлермен жабдықталған деп», бұл дәрігерлер жұмысын одан әрі қиындатып жібермей ме?

- Енді, бұл қағазбастылықты қай салаға барсаң да көріп, естіп жатасың. Жалғыз біздің ғана салада ғана емес, қай саланы алсаң да бар дүние. Бірақ, істеймін деген адам өз ісінің шебері болады. Не нәрсе болсын үлгеріп, оның майын тамызуға тырысады. Қанша рет осы қағазбастылықтан құтылудың жолын іздесек те азаяр емес. Керісінше, көбеюдің үстінде. Ал, компьютерлерге келетін болсақ, біздің ұжым баяғыдан қолға алған. Бұл жұмысымызды күрделендірмейді. Негізінен бұл жақсы әдіс. Өз басым бұны қолдаймын. Мамандарымызды арнайы компьютерлік курстардан оқытып, үйренгенбіз. Біраз қиыншылықтары болғанымен тез үйреніп алды.

-Аурухана техникамен де, білікті мамандармен қамтылуы аудан халықының денсаулық көрсеткіштерінде де оң нәтиже көрсеткен шығар?

- Біздің ауруханада жедел түрде көмек көрсетулеріміз де бар. Бұл жедел көмек көрсетуге арнайы мамандарымыз оқып келген. Кадрлары толық қамтылған. Былтырғы жылы 19 жас маманымыз келсе, биылғы жылы 6 жас маман жұмысқа алынды. «Жас келсе іске»-демекші осылардың арқасында халықтың десаулық сақтау саласында кедергілер кездесіп жүрген жоқ. Жылдан-жылға нәтижелеріміз жақсаруда. Компьютерлеріміз ғаламторға қосылғандықтан тікелей Алматы қаласындағы 12 ауруханамен байланыстамыз. Жедел түрде көмек сұрауға жағдайларымыз жасалған. Бізде ғана Алматы облысы бойынша мықты тамографта бар. Білімді мамандарымыз да жеткілікті. Енді осындай жеткілікті базамен жұмыс атқарғандықтан, халықтың денсаулық сақтау көрсеткіштері неге теріс болу керек. Әрине оң нәтижелері көп.

- Иманғали Бөлегенұлы жеке сіздің пікіріңізше, медицинада білім беру саласына не жетіспейді? Кемшіліктері мен жетістіктері қандай?

- Менің ойымша, медицинадағы білім беру саласында айтарлықтай үлкен кемшілік бар деп айту қате деп түсінемін. Себебі, бүгінгі мына дамып отырған заманда барлық жағдайымыз жасалған. Оны өзіміз дұрыс қолдануымыз керек. Біздің кезімізде бүгінгі жастарымыз секілді барлығы дайын болмаған. Өзіміз ізденетінбіз. Ал, қазіргі таңда кемшілікті тудырып отырған жастарымыздың өзі. Ізденушілік аз. Бұрын бізде компьютер, ғаламтор болмаған. Қазір, ақшаң болса бәрі бар. Шетелден біздің қай жеріміз кем. Олар да бар зат бізде де бар. Соны өзіміз дұрыс қолдана алмаймыз. Қазақстан білімге дегенде барлық жағдайды жақсартқан. Тіпті шетелде оқып, тәжірибе алмасуда бар. Бұрын осының бірден-біреуі де болған емес. осыдан артық, бүгінгі жас буындарымызға тағы да не жетпейді? Енді мен барлық жастар оқымайды демеймін, арасында біршамасы бар. Осыған менің көңілім толмайды. Жастарымыз жалқауланбаса деймін.

- Кейінгі кездері медициналық сақтандыру туралы көп айтылып жүр. Біздің денсаулық сақтауға медициналық сақтандыру қажет пе? Біз бұл процеске дайынбыз ба?

- Медициналық сақтандыру біздің басымыздан өткен құбылыс. Бұл бағытты қолға алып, бастаған кезі болған. Бірақ аяқсыз болды. Ол кезде халық дұрыс түсінбеді ме, әлде қажеттілікке санамады ма, әйтеуір сәтсіздік болды. Негізінен медициналық сақтандару әр адам үшін қажет. Өзінің денсаулығын сақтандыру артық емес деп ойлаймын. Уақыттың зымырауына қарай бұлда нақты қолға алынар сәті келер. Ал, оның алға қарай жылжуы біздің кезіміздегідей болса да оны тоқтатпауымыз қажет. Сонда ғана іс жүзінде жүзеге асады. Дайындығына келер болсақ, қазір халықтың көзі ашық. Бірден алып кете алады.

– Соңғы кездері медицинаны сауатсыздық пен жауапсыздық жайлап барады деген пікір халық арасында ашық айтылып жүр. Бұл мәселе бойынша сіз не дейсіз?

- Енді, бұл әр адамның санасына байланысты. Көбісінің көкейін тескен ақша. Барлығы сол қаражатқа келіп тіреледі. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Неге мұндай пасықтыққа жол береді түсінбеймін. Бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді деген бар. Ішінен біреуі шығарады, содан әрі қарай өрбиді. Қазіргі таңда сауатсыздық пен жауапсыздық емес, сауаттылық дамуда. Кереғар түсінушілік болмасын. Мен өз басым мұндай пасықтық сөздерге сенгім келмейді. Қаншама ақ халаттыларымыз осы халық үшін аянбай еңбек етуде. Ал, қатты олай айтуға келмейді. Бірақ, елдің көзі елу деген де бар. Бәлкім, өз жұмыстарына жауапсыздықпен қарайтын мамандарымызда бар шығар. Өзім ондайды көрмеппін. Негізі мұндай ойлардан аулақ болу керек. Қандай істің маманы болсаң да, өз ісіңе адал, жауапты, сауатты болуға тиіссің. Сонда ғана әр ісіңнің берекесі болады.

- Иманғали Бөлегенұлы, сіз 40 жылдай медицина саласында қызмет етіп келесіз. Медицинада қиын кезеңдер болғанда да жұмыстан кетпедіңіз. Не себептен? Әлде бұл сіздің мамандыққа деген адалдығыңыз ба?

- Енді ол кездеріңіз 90 жылдар шамасы. Біздің жанымызда біраз кетіп қалғандары болды. Менде кетем деген ой болған емес. Мен өз басым осы саладан басқа саланы меңгеріп кете аламын деп ойлай алмаймын. Себебі, өтірік айта алмаймын, сауда-саттық пен айналыса да алмаймын, құрылыс жұмыстарын істей алмаймын. Менің табиғатыма сай жұмысым болғандықтан кете алмадым. Шыдадық, істедік. Ол күндерде артта қалды. Негізінен мен дәрігер боламын деген жоқпын, заң саласына кеткім келген. Ауылдастарымның арқасында осы мамандыққа келгенмін. Өзім таңдаған мамандық болмаса да, мен өз ісіме адал бола білдім, адалмын. Қазіргі таңда мамандығыма деген еш өкінішім жоқ. Істер істерім әлі алда.

«Жәрдем» анықтамасы

Ісіне адал, сөзіне берік Мырзашев Иманғали Бөлегенұлы 1953 жылы 8 қыркүйекте Алматы облысы Көксу ауданы Қаблиса жырау ауылында дүниеге келген. Сол ауылдық орта мектепті үздік медальмен бітіріп, 1969 жылы Алматы қаласындағы медициналық институтқа оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнында жақсы бітірген ол, табан алды еңбегін Талдықорған қаласынан бастайды. 1976-1997 жылдары Қапал ауылдық ауруханасында, 1997-2000 жылдары Ақсу аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарады. Жоғары санатты хирург. Бірнеше рет денсаулық сақтау үздігі атағын алған. Сөресінде мақтау мен алғыс хаттардан бос орын жоқ. Иманғали Бөлегенұлы мықты хирург қана емес, бүгінде екі немересінің ардақты атасы. Жұбайы Қозғанбекқызы Орынкүл екеуі 1 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп, өсірген. Ұлы ата жолын қуып математик болса, қызы әке жолын қуған хирург. Бүгінде басқарушылық қызметті атқарып отырған Иманғали Бөлегенұлына бейнеті көп еңбектің зейнетін ұзағынан көріп, жастарға ақылшы, қамқоршы, халықтың денсаулығын қорғаушы болып жүре беріңіз.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ