Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРІГЕР АТАНУ ОҢАЙ ЕМЕС, АЛ НАҒЫЗ ДӘРІГЕР БОЛУ ТІПТЕН ҚИЫН


28 марта 2014, 08:24 | 8 588 просмотров



Дәрігер болу оңай ма? Дәрігер болу үшін алдымен 7 жыл бойы медициналық ЖОО- да оқиды, қатал тәртіпке көніп ұзақ жылдар тәжірибе жинайды. Одан кейін барып дәрігер атана¬ды. «Дәрігер» атану оңай емес, ал нағыз «дәрігер» болу одан да қиын. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 60 мың дәрігер және 120 мыңнан астам орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді екен. 2005 жылдан бері елімізде мемлекеттік медициналық мекемелердегі дәрігерлер саны 5 мыңға өсіпті. Жыл сайын отандық медициналық ЖОО-ын 3 мың түлек бітіреді екен. Сонда да елімізде маман тапшылығы байқалады. Медициналық білім алған жастар жетерлік, бірақ олардың барлығы мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық. Бұл дәрігер бойында болатын қасиеттер. Бірақ бұның бәрінен дәрігерге қажет ең негізгі қасиет –шыдамдылық. «Әсіресе, жас мамандарға шыдам мен сабыр бастапқы уақытта тіптен қажет» -дейді біздің кейіпкеріміз Алмас Сапарханов. Алмас Алсейтұлы Сапарханов Алматы облыстық ба¬лалар ауруханасы хирургі. Ол дәрігерлік жолды анасына қарап таңдайды. Мамандығы балалар тіс дәрігері болған анасының жұмысына қызығып, ба¬лалар дәрігері болуды жөн көреді. «Жұмыс істегеніме 9 жыл болды»-деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз өзі туралы көп сыр шертпесе де, жұмысы жайлы қойған сұрақтарымызға ашық жауап қайтарды.

Кейіпкеріміз 1982 жылы Талғарда туылған. 6-сыныпқа дейін Талдыбұлақ ау¬ылында №34 мектепте білім алып, одан кейін Алматыдағы Қазақ-түрік лицейінде оқиды. 1998 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық Медициналық университетінің педиатриялық факультетіне түседі. «2004-2005 жылдары бала¬лар хиругиясы бойынша интернатурадан өттім. Мамандық жәрмеңкесі болғанда Талдықорған қаласын таңдадым. 2005 жылдың қыркүйек айынан Талдықорғанға келдім. Бастапқыда балалар емханасында жұмыс істеп, кейіннен осы балалар облыстық ауруханасына ауыстым. Содан бері жұмыс істегеніме 9 жыл болды».

Жұмысы жайлы кейіпкеріміз «Жасыратыны жоқ, жұмыс қиын. Бірақ, ісің ұнаса, жақсы көрсең қиындығына қарамайсың»- деп жауап қайтарды. Бұдан да басқа сауалдарымызға Алмас Алсейтұлы ашық жауап берді.

Алматы облыстық балалар ауруханасында облыс аудандары, ауылдары¬нан кішкентай науқастары емделеді. Аудандармен жұмыс жасау қаншалықты жолға қойылған?

-Біз үшін баланың бәрі бірдей. Бәрін бірдей емдейміз. Әрине, алдымызға қала ба¬лалары жиірек келеді. Аудандардан да науқастар көп. Сонымен қатар біз өзіміз де аудандарға жиі шығып тұрамыз. Кеңес беруге, операция жасауға автокөлікпен, кейде вертолетпен де жиі барамыз. Алыс жатқан аудандағы өте ауыр халдегі бүлдіршіндерге шұғыл түрде вертолетпен жетеміз.

-Балалар хирургиясы бөлімінің ерекшелігі қандай?

-Балалар хирургия бөлімі көпфункционалды. Егер ересектер хи¬рургиясында травматология бөлімі, уро¬логия бөлімі деп бөлек-бөлек болса, ба¬лалар хирургиясында бәрі бір бөлімде. Сондықтан бөлім жұмысы да кең спек¬торлы. Жұмыс өте көп, негізгі жұмыспен қатар кезекшіліктер және вызовтар да бар. Жұмысымыз оңай болмаса да, қолымыздан келетін жасаймыз.

-Дәрігер болғаныңызға өкінбейсіз бе?

-Жоқ, өкінбеймін. Тіпті өзімді басқа маман иесі ретінде елестетіп те көрген емеспін.

-Еліміздегі медициналық білім жайлы ойыңыз. Өзіңіз қалай білім алдыңыз, медициналық студенттің өмірі қандай болады?

-Студенттік кезде бәрі сияқты оқыдық, озат студент болмасам да қатардан қалған жоқпын. Үшінші курсқа дейін теорияны меңгердік, практикаға көшкенде кейін медициналық білімнің қызығы басталды. Практикалық білімге көшкеннен соң мамандығыңа одан әрі қызығып кетесің. Ал басқа жағынан медициналық студент те басқа студент¬тер сияқты.

-Неге педиатрияны таңдадыңыз? Соның ішінде балалар хирургиясына қалай келдіңіз?

-Анам балалар стоматолы¬гы болғаннан кейін педиатрияны таңдадым. Ал хирургияны таңдаған себебім, меніңше кез-келген ер адам хируруг болғысы келеді. Хируругияда үнемі қозғалысыта боласың, бір орын¬да отырмайсың. Шұғыл, ауыр халдегі науқастар көп болады. Меніңіше хи¬рургия көп қырынан ерлердің жұмысы сияқты.

-Дәрігер болып қалыптасуда сізге көмек көрсеткен адамдар. Ұстаздарыңыз.

-Барлығын атап айту қиынырақ болатын шығар. Осы ауруханаға жұмысқа келгенде барлық ұжым қол ұшын беріп көмектесті. Менің хирург бо¬лып қалыптасуымда аурухана ұжымы қолдады. Тек хирургтар ғана емес, пе¬диаторлар да, медбикелер де түгелдей ақылын айтып, көмектесті. Бағыт- бағдар беріп тұрды. Бұл аурухана ұжымы өте жақсы, бір отбасындай. Мүмкін сондықтан шығар, маған осы ауруханада жұмыс істеген ұнайды. Егер өзімді бұл жерде жайсыз сезінсем, Талғарға неме¬се Алматыға кетіп қалар едім. Аурухана ұжымы жақсы, ақылдаса-кеңесе жұмыс істейміз. Бұл жердегі жұмысым өзіме қатты ұнайды, Сондықтан дәрігер болып қалыптасуымда анау-мынау көмектесті деп жеке есімдерді атаған қиын. Бүкіл ұжым болып жас маманды қолдап, көмектеседі, үйретеді, ақыл айтады.

-Сіз білім алып, дәрігер болғаннан кейін медициналық уни¬верситеттерде педиатриялық факультеттерді жауып тастады. Осы жағдайға сіздің бүгінгі маман, кешегі студент ретіндегі ойыңыз, пікіріңіз қандай?

-Менің ойымша, бұл мүлдем дұрыс емес. Бізге бұрын 1-курстан бастап ба¬лалар дәрігерісіңдер» деп санамызға құятын, алдын-ала дайындайтын. Сол 1-курстан оқу бітіргенге дейін ұстаздарымыз бізге «бала дәрігері болу қиынырақ, бала ағзасының өзінің ерекшелігі бар, бала емдеуде айырмашылық бар» деп санамызға сіңдіретін. 7 жыл ішінде біз педиа¬тор болуға терең біліммен дайында¬латынбыз. Ал қазір жалпы тәжірибе дәрігерін дайындау кезінде педиатрия¬ны тереңдеп оқымайды. 5-жылдан кейін де резидентурға түскенде педиатрияны ешкім таңдамайды, себебі ол студенттер үшін таныс емес «ну орман» сияқты, түсініксіз әрі қорқынышты. Бұл маман тапшылығына әкеп соғады. Сондықтан, мен педиатриялық факультеттердің жабылғанына қарсымын. Педиатриялық факультет болу керек, керісінше педиатриялық қызмет кеңейе түскені жақсы.

-Бүгінгі күні кеңес заманында медицина да, білім де жақсы болған, ал қазір «бәрі нашар» деп сынайтындар көп.

-Мен бұл пікірмен келіспес едім. Бізді оқытқан ұстаздардың барлығы кеңес заманында білім алған қалыптасқан мамандар бол¬ды. Олар бізге өздері оқыған, үйренген принциптерді, білімді оқытты. Сондықтан медициналық білімде үлкен айырмашылық бар деп айта алмас едім. Осы аурухана мамандары да Кеңес заманынан бері жұмыс істейтіндер. Бұл мамандар да сол принциптерді, сол бағыттарды қолдана жұмыс істейді. Ал біз соларға қарап үйренеміз. Оның үстіне Денсаулық сақтау министрлігі білімге өте жақсы көңіл бөледі. Біліктілікті арттыру, жетілдіру мақсатында жас мамандарды шетелдерге тәжірибе алмасуға жиі жібереді. Мысалға, мен былтыр Оңтүстік Кореяға 1 айға барып келдім. Барғаныма өкінбеймін, өзім үшін жақсы тәжірибе жинадым. Тәжірибе алмасу бүкіл Қазақстан бойынша жүріп,жаңа технологиялар да енгізілуде. Әрине, жаңа техно¬логияларды енгізу кішкене кеш басталды, бірақ сонда да алға жылжу бар. Бұрынғы мен салыстырсақ, бүгін медицинада даму бар.

-Сіз Оңтүстік Кореяға тәжірибе алмасуға бардыңыз. Корея медицинасы жайлы сіздің пікіріңіз.

-Корея медицинасының өзінің ерекшеліктері бар. Ол елдің ме¬дицинасы –медициналық сақтандыру негізінде жұмыс істейді. Соңғы технологиямен жабдықталуы жоғары сапалы. Ал емдейтін дәрігерлері біздің дәрігерлер сияқты.

-Кореяда медициналық кадрлар тапшылығы бар ма?

-Маман тапшылығын, немесе кадр жетіспеушілігін байқаған жоқпын. Оларда денсаулық сақтау жүйесінің схемасы мүлдем басқа. Сақтандыру медицинасы болғандықтан, барлығы сақтандыру полисі арқылы жүзеге асады. Біздің елде де шетелдік тәжірибелерді зерт¬теп пайдалану қолға алынуда. Мысалға бізде қазір бірыңғай ақпараттық база бар. Науқастар туралы толық мәлімет осы базада сақталады, қандай диагноз қойылды, қандай операция жасалып, қай күні ауруханаға түсіп, қашан шыққанына дейін бар. Ко¬реяда да солай ортақ база. Науқас өзінің денсаулығы туралы мәліметтерді қолындағы телефонынан да біле алады. Біздің медицина да біртіндер осыған келе жатыр.

-Жаңа жүйе, жаңа бағыттар енгізіліп келе жатқаны белгілі. Ал біздің меди¬цина осының бәріне дайын ба? Медициналық сақтандыру 2014 жылдан қолға алынып, жүзеге аспақ. Біз дайынбыз ба?

-«Дайын болу» сөзінің мағынасы кең. Дайын емеспіз, дайындалайық десе, өмір бойы дайындалып жүруге болады. Жаңа бағытқа көшуге дайындардың бір үлес салмағы болады. Мысалы 100 пайыздың 70-і дайын дейік, алдымен солармен жұмыс істесе. Қалған 30 пайызы кейіннен енгізіледі. Менің ойымша, жаңа бағыттарды енгізген дұрыс. Егер әрбіріміз сол бағытта жұмыс істесек бәрі де жақсы болады. Сақтандыру медицинасының өзінің ерекшеліктері, жақсы жақтары бар. Бірақ оның біздің ме¬дицинада қалай болатынын, қалай жүзеге асатынын денсаулық сақтау жүйесіндегі ұйымдастырушы топтар, басшылар біледі.

-Сіз дәрігер маман ретінде 2005 жылдан бері жұмыс істейсіз. Біздің денсаулық сақтау саласындағы түбегейлі өзгерістер де сол жылдардан кейін орын алды. «Саламатты Қазақстан», БҰДСЖ-нен кейін сіздің жұмыста не өзгерді?

- Портал бойынша емдеу, науқастың емделгісі келетін мекемені өзінің таңдауы жақсы өзгерістер. Егер біз бұрын науқасты Республикалық орталықтарға емдеу¬ге жіберу үшін квоталар ашып, қағаз жинасақ. Қазір оның бәрі қажет емес. Науқас емделгісі келетін медициналық мекемеге өтінім, не сұраныс жібереді. Кейін сәйкесінше науқас емделуге барады. Уақыт үнемделеді. Жаңадан жұмыс істейтін бағдарлама болғандықтан кемшіліктер бар шығар, қанағаттанбайтын адамдар да кездеседі. Бірақ бұның бәрі жұмыс процесі барысында ескеріліп, түзеледі деген сенім бар.

-Алмас Алсейтұлы, сіз бастапқы кезде балалар емханасында жұмыс істегеніңізді айттыңыз. Алматы облысына іссапармен келгенде денсаулық сақтау министрі Медициналық-санитарлық алғашқы көмекке ерекше назар аударылатынын айтып өткен. Бұл туралы Елбасы жолдауында айтылған. Емханада дұрыстап емдемеді, дұрыс қарамады, кейін ауруы асқынды де¬ген сөздер жиі айтылады. Біздің МСАК қаншалықты дамыған?

- Емхана жұмысын жақсарту үшін көп жұмыстар атқарылады. Диагностикалық жабдықтарда, құралдар да алынды. Науқастардың ауруын асқынып кететіне келетін болсақ, біріншіден педиатор мамандардың жетіспеушілігін айта¬мыз, екіншіден халықтың өзі дайын емес. Халық емханаға бармай жүре беріп, ауруын әбден асқындырып келеді. Содан кейін стационарға жатқызуға тура келеді. Әрине, МСАК- ті жетілдіру қажет. Жетілдіріп те, да¬мытып келе жатыр. Алайда қайтадан маман тапшылығы мәселесі кедергі жасайды. Мысалға балалар емха¬насында қалаға бір ғана балалар хирургі. Науқастарды да түсінуге болады. Бір маман бәрін қарап үлгермейді, ал баласымен ата-ана¬сы 2-3 сағат күтіп тұра алмайды. Үйде емделеміз деп кетіп қалады. Нәтижесінде ауру асқынып, ауруха¬надан бірақ шығады. Ал негізгі про¬блема –кадр тапшылығында.

-Жақсы маман, жақсы дәрігер болу үшін адамда қандай қасиеттер болу керек?

-Бұл жерде бәрі оңай. Адам өз мамандығын сүю керек. Одан артық ештеңе қажет емес. Жұмысыңды жақсы көрсең бәрі болады. Ал жұмысың ұнамаса ісің де алға ба¬спайды.

-Қазір сіз маман ретінде қалыптасқан балалар хирургісіз. Ал медицинаға қадамын жаңадан бастаған студентттерге, әріптестеріңізге айтар тілегіңіз, кеңесіңіз бар ма?

- Сәттілік ,шыдымдылық, сабыр тілеймін. Біздің жұмыста шыдымдылық қажет. Адам өміріне араша болу оңай емес. Өздерінің мамандығын шын жүрекпен ұнатсын. Дәрігер болар алдын¬да жақсылап ойлансын, оған бұл керек пе керек емес пе? Медициналық білім алып, бірақ кейін дәрігер болмай, басқа салаға кетіп қалатындар көп. Ал дәрігер болғаннан кейін, осы жолды таңдағаннан кейін жақсы дәрігер болуға ұмтылсын. Дәрігер дипломын алу –істің басы ғана, ал дәрігер болып қалу қажырлы еңбекті, іске адалдықты және шыдамдылықты қажет етеді.

-Әңгімеңізге, рахмет!

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА