Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ОЙЫНШЫҚ НЕГЕ ОЙ САЛМАЙДЫ?


24 января 2013, 19:18 | 3 771 просмотр



Қолына ойыншық ұстап, ойнамайтын бала жоқ шығар, сірә. Балалық шақтың ең қызықты дәурені ойыншықтармен өтетіні әмбеге аян. Әдемі қуыршақ, зырылдаған машина – бүгінгі баланың басты ермегі. Әйткенмен, соңғы уақытта ойыншықтардың сапасы сын көтермейді. Тіпті елімізде өндірілетін ойыншықтардың 90 пайызы талапқа сай келмейді екен.

Ойлап қарасақ, 10 жасқа дейінгі баланың ең жақын «досы» ойыншықтар екен. Сондықтан кез келген ойыншықтың сапасы тәуір, бағасы арзан болғаны керек. Ата-аналардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, демографиялық өрлеу орын алған жерде ойыншық саудасының көрігі қыза түсетіні белгілі. Қанша бала болса, сәйкесінше сонша ойыншық керек. Дегенмен, соңғы кездері балаға ойыншық алып беруден қорқатын болдық. Өйткені қарапайым ғана жансыз қуыршақтың немесе жұбатар сылдырмақтың балаға төндірер қаупі зор. Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік эпидемиологиялық қадағалау комитетінің мәлімдеуінше, бақылауға алынатын өнімдердің ішінде ойыншықтарды зерттеу қиындық тудырады. Мәселен, әдетте зерттеуге алынатын ойыншықтардың 10 пайызының сапасы төмен болады. Ал өнімдердің өзге түрлерінің сапа көрсеткіші бар-жоғы 1-3 пайызға төмен болады екен. Бүгінгі баланың қолында жүрген ойыншықтардың басым бөлігі Қытай, Ресей, Белоруссиядан әкелінеді. Ең қызығы, сырттан келген ойыншықтардың қауіпсіздік сертификаты да болмайды екен. Әрине, баланың қуанышынан ата-ана аянып қалмасы анық. Сол себепті, ойыншықтардың сапасына баса назар аудармайды. Дүкен сөрелерінде көз¬дің жауын алған ойыншықтардың неден, қалай жасалғаны көпшілік тұтынушыға беймәлім. Мамандардың пайымдауынша, Қытайдан әкелінетін ойыншықтардың құрамында стиролдың көрсеткіші 2,5 пайызға жоғары. Айта кетейік, стирол жалпы токсиндік қаупі бар сұйықтық. Ең қызығы, пластмасса жасау жұмысында қолданылатын сұйықтықты «у» деп атайтындар да бар. Әрине, жүйке жүйесі мен қан айналымы һәм асқорыту жүйесіне залал келтіретін сұйықтықты «у» демеске шараң да жоқ. Айтпақшы, дәл осы стирол әйелдердің репродуктивті денсаулығына да қауіп төндіреді екен. Сәбилердің қолына тиетін кей ойыншықтардың құрамында формальдегид те бар. Бұл – адамның генетикалық дамуы мен репродуктивті мүшелеріне, тыныс алу жолына өзіндік зардабын тигізетін газ. Бүгінгі баланың санасын улаған ойыншықтар денсаулығын да жегідей жеп отыр.

Өткен жылдың аяғында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті ойыншық шығарумен айналысатын 84 кәсіпорынды тексерді. Нәтижесінде 75 кәсіпорынның өнімі талапқа сай келмеген. Бұл өз кезегінде ойыншық өндірісінің 90 пайызы көңіл көншітпейтінін білдірсе керек. 33 миллион теңге көлемінде 1003 ойыншық топтамасы тәркіленіп, 4 миллион теңгелік айыппұл салынды. Сондай-ақ Семей қалалық прокуратурасының тапсырысы бойынша ойыншық саудасымен айналысатын кәсіпорындар да түгел дерлік тексерілген. «Ойыншықтардың қорапшасында тұтыну бойынша ақпарат не мемлекеттік тілде, не ресми тілде жазылмаған. Тіпті ойыншықты шығарушы тарап туралы ақпаратпен қатар, оны Қазақстан Республикасында қабылдайтын кәсіпорын туралы дерек атымен жоқ» дейді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаев. Обалына не керек, мұндай тексеру ел аумағында жиі жүргізіледі. Әйткенмен, ойыншық бизнесі мұнымен тежелмесі анық. Соңғы уақытта елімізде отандық қуыршақтар мен түрлі ойыншықтарды шығарушылардың қарасы көбейіп келеді. Өкініштісі, бағасы шарықтап тұрған қазақ ойыншықтарын ата-ана сатып алуға құлықсыз. Себебі 5-7 мың теңгенің ойыншығын ата-ананың қалтасы көтермейді.

Әрине, ойыншық ермек қана емес, баланың ой-өрісін дамытар негізгі құрал. Шыр етіп дүние есігін ашқан баланы жұ¬бату үшін қолына сылдырмақ ұстатамыз. Аяғы шығып, тәй-тәй басқан бөбек әрқилы қуыршақтар мен машинаны серік етеді жанына. Дегенмен сапасыз ойыншықпен алдандырғанша, бір сәт балаға өзіміз көңіл бөлгеніміз жөн болар. Әйтпесе, құрамы беймәлім өнімді қолына алып, аузына салған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр...

Автор:
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ., www.aikyn.kz