Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖОҒАРЫ ДӘРІГЕРЛІК ҚЫЗМЕТ АЙМАҚТА ДА ДАМУЫ КЕРЕК


23 ноября 2012, 10:57 | 1 649 просмотров



Отандық денсаулық сақтау саласын реформалаудың нәтижесінде осы саланы қаржыландырудың озық әдістері енгізілді. 3 мыңнан астам менеджер оқытылды. Еліміздің 35 емдеу мекемесінің өкілі Финляндияға барып, біліктіліктерін көтеріп келді.

Денсаулық сақтау менеджерлері үшін Ұлыбританияның ұлттық кәсіби стандарттарына негізделген жаңа біліктілік талаптары әзірленді. Аурухана секторын қайта құрылымдау жоспары, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту тұжырымдамасы дайындалуда. Бұл туралы кеше «ҚР денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу жөніндегі жобаны» талқылаған дөңгелек үстелде айтылды.

Айта кетейік, талқылауға түскен жоба ел Үкіметі мен Дүниежүзілік банктің серіктестік стратегиясы аясындағы бірлескен бастамасы саналады. Жобаның жалпы құны 296,1 млн долларды құрайды. Оның 117,7 млн доллары Дүниежүзілік банктен займ ретінде алынса, 178,4 млн доллары республикалық бюджеттен бөлінген. 2008 жылдың соңында күшіне енген бұл жоба тағы екі жылға ұзартылып отыр. Себебі жобаның нақты жұмысы мерзімінен кештеу басталды.

«Бас кезінде біз бесжылдық жобаны 2008 жылдың орта шенінде бастап, 2013 жылы аяқтаймыз деп жоспарладық. Алайда ол 2009 жылы қолға алынып, тек 2010 жылда ғана нақты іске асырыла бастады. 2011 жылы жоба бюджетінің 50 пайызы жұмсалды. Осыны ескере отырып, жобаны 2015 жылдың аяғына дейін ұзарту туралы шешім қабылданды» деді Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық даму департаментінің директоры Болат Төкежанов.

Президент Әкімшілігі, Үкімет өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Дүниежүзілік банк, БҰҰ Даму бағдарламасы, ЮНИСЕФ, Ғаламдық қордың өкілдері қатысқан жиынның модераторы рөлін атқарған Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың пікірінше, бұл жоба «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға үлкен қолдау болып отыр екен. Соның бір дәлелі, денсаулық сақтау саласындағы сапа жөніндегі халықаралық қоғамдастық 2012 жылы ауруханаларды аккредиттеудің жаңартылған қазақстандық стандарттарына 2016 жылға дейін сертификат берді. Дәрігерлердің біліктіліктерін тәуелсіз бағалау үшін Республикалық білім және дағдылар орталығы құрылып, 6 медициналық ЖОО озық технологиялық оқыту симуляциялық құрылғылармен жабдықталды. Азаматтарды дәрімен қамтамасыз етудің қолжетімділігін арттыру бағытында үлкен жұмыстар атқарылды, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша заңнама үйлестіріліп, бақылау тиімділігін арттыру тетіктері әзірленді.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру шеңберінде, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу жөніндегі жобаның мүмкіндіктерін барынша пайдалануды жоспарлап отыр» дейді министр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы бюро директоры Жужанна Жакаб Қазақстанның денсаулық сақтау саласымен 20 жылдан бері таныс екенін, соңғы жылдарда бұл саладағы даму үдерісін оң бағалайтынын айта келе, әлі де болса назар аударатын мәселелер бар екенін тілге тиек етті. «Қазақстан жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға назар аудару керек. Әсіресе, бұл - кезінде Кеңес Одағы құрамында болған Қазақстан үшін өте маңызды. Себебі Одақ кезінде Қазақстандағы ауыр науқастарды жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Мәскеуге, ірі қалаларға жөнелтетін. Енді осы компонентті жергілікті жерде де дамыту керек. Сонда жылына 30 мыңдай адамның өмірін сақтап қалуға болады» дейді Жужанна Жакаб.

Автор:
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, «Айқын», Астана