Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАЗАҚСТАНДА АРАЛАС НЕКЕ ҮЛЕСІ АРТЫП КЕЛЕДІ


26 октября 2012, 20:53 | 4 370 просмотров



Қазақстандағы некелестіру бөлімінің қызметкерлері соңғы жылдары елімізде аралас некенің көбейіп бара жатқандығын айтады. Некелесу – азаматтық ауыстырудың ең оңтайлы жолы. Қазақстан заңына сәйкес, шетелдіктер өз елінде некелеспеген деген анықтама әкелсе, еш қиындықсыз отбасын құра алады екен. Бұл тізімде: Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Канада, Түркия мемлекеттерінің азаматтары алда келеді. Жыл сайын Алматы қаласындағы бір ғана ауданда неке қиғандардың шамамен 30 пайызы аралас некенің үлесіне тиеді екен. «Қазір аралас некенің 50 пайызы алыс шетелге кетеді»-дейді Медеу аудандық АХАЖ бөлім басқармасының директоры.

Қазақ баспасөздерінде қытайлықтардың Қазақстан азаматшаларына үйленуі туралы соңғы кездері жиі жазылып жүр. Дегенмен, Әділет министірлігіне қарасты бөлім қызметкерлері қытай ұлты өкілдерімен аралас неке үлесі аз деп отыр. Бірақ, көрші ел мигранттарының азаматтық алу үшін жалған некеге де тұратындарын да жасырмады.

Некеге тұрғысы келетін қытай азаматынан көптеген құжаттар мен анықтамалар талап етіледі. Ресми дерек бойынша қытайлықтармен отбасын құрғандар саны аз. Бірақ мамандар мұның себебін ондай некенің басым бөлігі ресми тіркелмейтіндігімен түсіндіреді және мұндай отбасылар өздерін көпшіліктен таса ұстауға тырысады дейді.

Елімізде жыл сайын шамамен 100 мың неке қиылады. Соның 20 пайызы, яғни 20 мыңы аралас неке екен. Кейбір қоғамдық ұйымдардың зерттеуіне қарасақ, 18-20 жастағы қазақстандық қыздардың үштен бірі шетелдік жігітке күйеуге шыққысы келеді. Бұл бойжеткендердің тең жартысы қазақ қыздары болып отырғандығы өкінішті-ақ.

Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы республикада 144 мың жас жұбай шаңырақ көтерсе, оның 8300-і өзге ұлт өкілімен некеге тұрғандардың үлесіне тиеді екен. Аралас некені таңдаған қандастарымыздың тең жартысы негізінен Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облысының тұрғындары. Олардың дені ресейлік азаматтармен отау құрған. Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген ағайындармен отасатын қазақ жастарының саны да артып келеді. Бұл елдердің азаматтарымен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарының тұрғындары тұрмыс құруды қош көреді екен. Сонымен қатар түріктер мен немістердің азаматтарымен неке қию да жиі кездеседі. Олармен 4 мыңнан астам отандасымыз некелесіпті. Америкалықтар мен Британдықтарды 29 отандасымыз өмірлік жолдасы ретінде таңдаса, қалғандары Израиль, Италия, Пәкістан, Ауғанстан, Оңтүстік Корея және Қытай келісімдеріне көз тігіпті.

Аралас некенің артуының басты себебі – ұлттық рухтың әлсіздігі. Осыған байланысты көптеген жастар өз ұлтына менсінбей қарап, өзге ұлттың жылтырағына қызығып жататындығы жиі байқалады. Байлыққа деген қызығушылық рухани қазынадан алыстады. Сондай-ақ аралас некенің көбеюіне ғаламтордың, ұялы телефондардың, танысу агенттіктері жұмыстарының ықпалы да зор. Сондай-ақ аралас неке біздің генетикамызды бұзады. Одан бөлек демографияға да кері әсерін тигізеді. Ең бастысы тілге де көп зардабын әкеледі. Қатынас құралы – тіл бұзылғаннан кейін шала қазақтар көбейеді де, қоғамымыз батысқа қарай бет алады. Дін, діл, салт-дәстүрге де ықпалын тигізбей қоймайды. Сондықтан аралас некеге барынша шектеу қойылу керек деген ойдамыз. Ұлттық сана жоқ жерде, саяси сана болуы да мүмкін еместігін есте ұстайық!

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА, өз тілшіміз