Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТЕМЕКІ МЕН АРАҚҚА -КҮШЕЙТІЛСІН ТАЛАП ТА!


26 октября 2012, 20:52 | 2 182 просмотра



Депутат Нұртай Сабильянов «бір сұмдықты» жария етті, елжанды қалаулы кеше, шенеуніктердің арасында арақ-шарап және темекі лоббистері барлығына қатысты зілді мәлімдеме жасады. Даудың басы - осы күні ел Парламентінде тұсауы кесілген «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы еді.

Бұл құжат 2009 жылы қабылданған Салық кодексін және осы саладағы ел заңнамасын өзгерткелі отыр. Бұл заң жоба банктерге де біраз жақсылық әкелмек. Осы мәселені талқылау барысында еліміздің жаңа Экономика министрі Е.Досаев «қазақстандық банктерде депозиті барын» мойындады, яғни өз қаржысын өз елімізде ұстайтыны анықталды. Бірақ қаржыларын министр ұзаққа салмай, жыл сайын ұзартып отырады екен.

Жаңа заң жобасындағы дау тудырған норма «алкогольдік өнім мен этил спиртінің өндірісінде қолданылатын шарап материалдарына акциз ставкасын литрі үшін 20 теңгеден 0 теңгеге дейін төмендетуді» қарастырады. Мұны Үкімет «отандық кәсіпорындарға арналған бәсекелестік жағдайларды қолдау» деп түсіндіреді. Екінші бап «Қазақстанда шығарылған және экспортқа арналған темекі бұйымдарын, олардың орын ауыстыруы (при перемещении) кезінде акцизден босатуды» көздейді. Жақында ғана көрші Ресей енді бірер жылдан соң, ең арзан арақ-шарап өнімі 1 мың рубльден кем болмайтын жағдайды туғызу жөніндегі жоспарын жария етті. Оның аясында қалаулыларға Қазақстандағы мына іс сорақылық болып көрінген.

- Мұның себебі не? - деп сұрақты төтесінен қойды Мәжіліс депутаты Н.Сабильянов. - Әлде біздің шарап шығаратын кәсіпорындар бәсекеге қабілетті болмай жатыр ма?

Жалпы, керісінше, салықты көбейту керек еді! Ал сіздер азайтып отырсыздар. Екіншіден, темекі бұйымдарын акциз алымынан босату - бұл енді нағыз сұмдық, сіздердің тараптарыңыздан жол берілгелі отырған! Біз керісінше, акцизді көтеруді, яғни бір жағынан бюджетке қосымша қаржы түсуін, екінші жағынан, халықтың денсаулығын ойлап отырсақ, мына жерде мүдделі топтар бізден шығарылған темекі бұйымдарынан акцизді алып тастауға қол жеткізбек. Бұл ешқандай мемлекетте жоқ, - деген ол, егер бұлай болатын болса, «бәсекеге қабілетті ету үшін» барлық отандық кәсіпорындардың экспортқа шығаратын тауарларын салықтан босатуды ұсынды.

«Менің ойымша, мыналарыңыз үл-кен қателік! - деп жалғады ойын Нұртай Сабильянов. - Демек, сіздердің орталарыңызда темекі бұйымдарымен айналысатын және темекі шығаратын комбинаттарды қолдайтын бір топ бар, бұл - соның істеп отырғаны! Біз бұған қарсымыз». Осыдан біраз бұрын бір топ депутат темекі бұйымдарына салықты көбейту, оны Ресейдегі акциз деңгейіне дейін жеткізу жөнінде ұсыныс жасаған. Онда Төменгі палата депутаттары еліміздегі темекі акцизінің құны Ресейдегіден екі есе аздығын алға тартады.

Бұған Үкімет атынан жауап қатқан Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев ДСҰ талаптарына сілтеме жасады, жаһандық осы ұйымға кіру үшін «заңнамамызды соның талабымен үйлестіруді жүргізуге тиіс» екенбіз. «Әдейі шарап шығарушыларға жағу үшін енгізіп отырған норма жоқ» деп лоббилау айыбына қарсы сөз айтты министр Е.Досаев. «Темекіге келсек, өз ішімізде, елімізде өткізілетін темекі өнімдеріне салықты көтеруді мен екі қолымды көтеріп, қолдаймын! - деді экономика министрі.

- Ал экспортқа шығатын өнімдерге акцизді алып тастау керек, экспортты қолдау қажет. Бізде темекі өнімдерін шығаратын екі зауытымыз бар, біреуі - Алматы, екіншісі - Оңтүстік Қазақстан облысында. Олар өз өнімдерін басқа елдерге сатқанда акцизден босатылады»

Бірақ депутат өз ұстанымында табандады: «Қос комбинатты жауып тастаса да, темекінің таралуына тосқауыл қоюға тиістіміз!» деді Н.Сабильянов.

- Нұреке, шетелдік темекі түрлері импортпен бізге келгенде, олар да өзінде акциз төлемейді, - деп қызбаланды Е.Досаев. - Олардан біз осы жерде аламыз оны. Сондықтан екі рет төлемесін деп, босатып отырмыз. Ал егер ол темекі өнімі өз еліміздің ішінде қалса, оның салығын көтеру мәселесін бірге отырып, қарап, үстемелейік. Екі есе керек болса, екі есе көтерейік!

- Бұл - коррупциялық норма! - деп шорт кесті қалаулы.

- Нұреке, бұл ешқандай коррупция-лық норма емес, - деп күйіп кетті министр. - Егер шекараны кесіп өтсе, ол экспорттық өнім болады, егер кесіп өтпесе, саналмайды.

Бірақ әккі кәсіпкерлер заңның бұл тетігін айналып өтетін жолды баяғыда тапқан. «Мен бизнесте жұмыс жасағанмын, - деп ескертті Н.Сабильянов. - Маған ертегі айтпаңыз, Ерболат. Оның қалай жасайтындарын білеміз. Бұл - коррупциялық норма. Біз осы тетік арқылы өз халқымызды улағалы отырмыз». Бұл жерде сөз «реэкспорт» жөнінде болып отыр. Қайталама салық салу болмайтынын жақсы білетін алаяқ кәсіпкерлер өнімді алдымен, экспорт құсатып, сыртқа алып кетеді, соңынан елде сату үшін қайта алып келеді. Кезінде баз біреулер тіпті өз өнімімен шекарадан кесіп өтпей-ақ, осы схеманы жүзеге асырғаны мәлім болған. Оны Экономдаму министрі де білетін болып шықты. «Салық және кеден комитеттері оған жол бермеу үшін қарайды, - деп сендірді Ерболат Досаев. - Біз баяғыдағы схеманы білеміз, алкоголь өнімдерін елден шығарып әкетіп, артынан қайта кіргізетін. Біз қайта елімізде ондайдың енді ешқашан болмауы үшін мүдделіміз! Алайда әлгі кәсіпорындарда құрылған жұмыс орындарын сақтап қалу үшін мына норма қажет. Егер өнімін экспортқа шығара алмаса, ол комбинаттардың керегі қанша?»

- Біз өндірілетін алкоголь және темекі өнімдеріне салық салу мәселесіне қандай жағдай болмасын, қайта ораламыз! - деп сендірді депутаттарды өз кезегінде қаржы вице-министрі Дулат Ерғожин. - Өйткені темекі өнімдері бойынша біздің министрлік аясында белгілі бір ымыра-консенсус табылды. Спирт бойынша біз ендігі алкоголь өнімдерін өндірушілермен, солардың Қауымдастығымен кездестік. 2014 жылдан бастап, кез келген жағдайда біз акцизді көтеруді бастаймыз. Олар мұны түсініп отыр. Қазір акциз құнын қанша рет және қандай деңгейге дейін көтерудің экономикалық есептемелері жүруде.

Ерте ме, кеш пе, ел ішінде темекі және алкоголь өнімдеріне салынатын салық еселеп артады. Қалаулылар «осыны түсініп отырған темекі және арақ-шарап алпауыттары ұсынылып отырған заңдық өзгерістерді «реэкспорт» схемасын жүзеге асыру үшін пайдаланбай ма?» деп қауіптенеді. Демек, Үкіметке тиісті құрылымдары арқылы ондай алаяқтықпен күресті күшейту талап етіледі.

Айтқандай, жаңа заң жобасы аясында Қазақстан жолдарында «джип» айдап жүрген қожайындарға салынатын салық артуы мүмкін. Мәжіліс депутаты М.Тінікеев Үкіметке қозғалтқышының көлемі 4 литрден асатын автокөліктерге салынатын салықты көтеру ұсынысымен шығып отыр. «Автоинспекция департаментінің дерегінше, Қазақстанда қозғалтқышының көлемі 4 литрден асатын 56 мыңнан астам автокөлік бар, - деді Мұхтар Тінікеев. - Бірақ Салық комитетінің дерегінше, олардан түсетін салық жүздеген есе төмен».

- Бұл өзгерістер арасында ондай нор¬ма жоқ, - деді Экономикалық даму министрі Е.Досаев. - Бірақ Салық комитетімен бірге сіздің ұсынысыңызды тағы да қараймыз. Өйткені мен қозғалтқышының көлемі 4 литрден асатын көліктердің Ішкі істер министрлігінде тіркеуде шын мәнінде қаншасы тұрғандығы туралы статистикаға үңілгім келеді. Оның үстіне, Кеден одағының тиісті нормасы күшіне енгелі бері қозғалтқышының ауқымы үлкен көліктерге салынатын салық көлемі де өзгерді. Біз бұл мәселені заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырыстарында қараймыз! - деп шегеледі министр.

Автор:
Айхан ШӘРIП, «АЙҚЫН»