Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАЗАҚША ШЫҒУЫ ҚАЖЕТ ЕДІ...


27 сентября 2012, 14:04 | 2 235 просмотров



Медициналық мекемеге бас сұққан әрбір науқастың құқы қандай? Халыққа қызмет көрсететін ақ халаттылар өз құқығын біле ме? Елімізде тұңғыш рет «Денсаулықты қорғау саласындағы адам құқығы» атты нұсқаулық кітап жарық көрді. Бұдан былай әрбір азамат денсаулық сақтау саласындағы құқын білетін болады.

Бұл жөнінде «Сорос Қазақстан» қоры һәм «Амансаулық» қоғамдық қорының өкілдері мәлімдеп отыр. Медициналық мекемеге бас сұққан әрбір науқастың құқы қандай? Халыққа қызмет көрсететін ақ халаттылар өз құқығын біле ме? Елімізде тұңғыш рет «Денсаулықты қорғау саласындағы адам құқығы» атты нұсқаулық кітап жарық көрді. Бұдан былай әрбір азамат денсаулық сақтау саласындағы құқын білетін болады. Бұл жөнінде «Сорос Қазақстан» қоры һәм «Амансаулық» қоғамдық қорының өкілдері мәлімдеп отыр.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері дәрігерлердің үстінен шағым түсіретін науқастардың саны көбейді. Бірде дәрігер өз жұмысына салғырт қараса, бірде науқасқа жеткілікті деңгейге көмек көрсетпейді. Ал кейде, керісінше дәрігерге дөрекілік танытатын науқастар да бар. Мұндай олқылықтардың орын алуына не түрткі? Әрбір дәрігер һәм науқас өзінің құқығын жетік білмей, ақпараттанбағанның соңы дауға ұласады. «Амансаулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменованың айтуынша, қорға қоңырау шалып, дәрігерлердің үстінен шағым түсірушілер бар. Тіпті қазақстандықтар денсаулық сақтау саласы бойынша дұрыс ақпараттанбайды. «4 жыл 8 ай бойы қордың жедел желі телефонына 16 188 адам шағым түсіріп, қоңырау шалды. 2011 жылы бір ғана Алматы қаласы бойынша 1684 арыз түскен. Ал 2012 жылдың жеті айында 1010 адамнан шағым түссе, қоңырау шалғандардың 40 пайызы денсаулық сақтау саласындағы құқығынан беймәлім. Аталмыш кітап адамдардың көзін ашып, кемшілікті жояды. Әрбір қазақстандық өз құқығын білетін болады» дейді Бақыт Түменова. Халықтың көкірек көзін ашатын көмекші құралдың дайындалуына заңгерлер атсалысқан. Бір айта кетерлігі, кітапта әрбір заң қандай жағдайда қолданылу керектігі анық көрсетілген. Бұған дейін мұндай нұсқаулық Армения, Грузия, Македония, Қырғызстан, Ресей және Украинада шығарылған екен. Мамандар кітаптың дайындалуына екі жыл бойы тер төккен. Тың дүние «Құқық және денсаулық» бастамашыл тобы, «Адам құқығы және басқару» грант бағдарламасы, «Ашық қоғамдық қор», «Сорос Қазақстан» қоры мен «Амансаулық» қоғамдық қорының бірлескен жобасының жарқын нәтижесі. Заң ғылымдарының докторы, профессор Сергей Ударцевтің айтуынша, аталмыш нұсқаулық Елбасының «әрбір қазақстандық өз денсаулығына өзі жауапты» деген сөзінің дәлелі. «Ата Заңда мемлекеттің басты құндылығы адам және оның құқықтары деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Яки әрбір азаматтың денсаулығы да мемлекеттің негізгі құндылығы саналады. Бұл кітапта халықаралық, еуропалық және қазақстандық заңнамалар түгел жазылған. Бір айта кетерлігі, 1990 жылдардың басында Алма Сағындықова денсаулық сақтау бойынша конституциялық заңдарды жинақтаған болатын. Бірақ аталмыш зерттеу сол күйінде қалды. Бұған дейін елімізде барлық заңнаманы толықтай қамтитын нұсқаулық кітаптары болмаған» дейді Сергей Ударцев.

«Амансаулық» қоғамдық қоры «Сорос Қзаақстан» қорымен біріге отырып, 120-ға жуық үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп, құқық бойынша арнайы семинарлар өт¬кізген. Бақыт Түменованың айтуынша, дәрігерлер, қорғаушылар, науқастар заңды білуі тиіс. Сонда ғана елімізде ақ халаттылар мен науқастардың арасындағы дау-дамай басылады. «Сорос Қазақстан» қорының бағдарламалар жетекшісі Аида Айдарқұлова студенттер адам құқығының негізгі принциптерін мүлде білмейтінін алға тартты. Сол себепті, медициналық бағыттағы жоғары оқу орындарының һәм заң факультеттерінің 60-қа жуық студентіне құқық саласы бойынша арнайы дәріс оқылды. Болашақта Шымкент, Талдықорған, Өскемен халқының да көкірек-көзін ашу жоспарда бар.

«Адамдар өз құқығын сақтау қағидаларын білмейді, денсаулық сақтау мекемелерінде сол қағидалардың қалай жүзеге асырылатынынан мүлде бейхабар. Бұл нұсқаулық аталмыш кемшілікті жоюға сеп болар еді» депті денсаулыққа қатысты құқықтық сұрақтар бойынша БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Ананд Гровер кітаптың алғы сөзінде. Бір өкінтерлігі, кітап әзірге тек орыс тілінде жарыққа шықты. Ал қазақ тіліндегі нұсқауы жақын арада жарияланады деп сендірді жоба жетекшілері.

Автор:
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ