Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

КОНСЕРВІЛЕРДЕГІ БОТУЛИЗМ


27 сентября 2012, 14:01 | 5 134 просмотра



Консервілердегі ботулизм қайдан пайда болады? Үй жағдайында әзірленген консервілер - ет, саңырауқұлақ, көкөністер, сирек жағдайда жемістер ботулизммен сырқаттанудың себебі болуы мүмкін. Консервілеу кезінде көкөністерде ботулиннің қоздырғыштарымен зақымдалған топырақтың ұсақ қалдықтары қалуы мүмкін. Біраз уақыттан кейін герметикалық тығындалған құтыда улы токсин бөліне бастайды. Бұндай консервілерді жеу ботулизмге тап болу деген сөз.

Консервіленген салаттың құрамындағы компоненттер неғұрлым көп болса, ол салаттың қауіптілігі де арта түседі. Консервілеу кезінде қолданылатын тұз да, сірке суы да токсиннің бөлінуіне кедергі бола алмайды.

Ботулизмнің белгілері. Басқа өнімдерден ботулизммен зақымдалған өнімді айыруға бол ма? Жоқ. Өйткені токсині бар құтыдағы өнімдер дәмін де, түсін де, иісін де өзгертпейді.

Ботулизмнің сиптомдары. Ботулизммен сырқаттанудың симптомдарын қалай білуге болады?. Ботулизммен зақымдану сәті сырқаттың басталуына дейін 2-4 сағаттан 2-3 тәулік, немесе 2 аптаға созылуы мүмкін. Өйткені науқас адамда ботулизмнің ерекше симптомдарының болмауы да мүмкін. Науқас адамда кәдімгі тамақтан уланғанда болатын іш ауруы, іш өту, құсу белгілері пайда болады. Бұл жағдайда қандай өнімнен болды деген күдік туады. Егер де сіз алдыңғы күнгі консерві (үйде дайындалған), тұздалған (қақталған) балық немесе қыртыс май жесеңіз онда дереу «Жедел жәрдем» шақыртып, дәрігерге өз рационыңызды жеткізіңіз.

Іш ауруынан кейін көз нервісі жүйесінің зақымдануы басталады, яғни адамның көзі қитарланып, бұлдырайды, қабағы түсіп, көзі көрмей қалуы мүмкін.

Ботулизм емі. Егер науқастың дем алу және жұтыну қабілеті закымдалмаса, алғашқы көмек ретінде 5% ас содасының ерітіндісімен (50г бір литр суға) асқазанды шаю керек. Сода токсиннің күшін жояды.

Ботулизмнің стационардағы емі. Ботулизм стационарда калай емделеді?. Ең басты ем ботулотоксинге қарсы поливалентті сары суды енгізу. Поливалентті сары су ботулотоксин түрі (А,В,Е) анықталғанша ғана қолданылады. Анықталғаннан кейін типіне сәйкес сары су енгізіледі. Осыған қарамастан, ем қабылдау ерте басталып, өкпеге жасанды демалу аппараты қосылғанымен, ботулизм жағдайының өлім-жітіммен аяқталуы 2-3 пайызды құрайды. Себебі ботулотоксинге қарсы сарысу ауру адамның қанындағы токсинді жойғанымен, орталық нерв жүйесіндегі уға күші жетпейді.

Ботулизмнің алдын алу іс-шаралары. Ботулизмнен қалай сақтануға болады? Бұл қиын емес, тек ботулизмнің алдын-алу іс шараларының талаптарын ғана орындау керек. Әрине, ең алдымен консервілеуге дайындалған көкөністерді, жеміс-жидектерді тазалап жуу керек. Бірақ оларда топырақтың ұсақ қалдықтарының қалмауына кім кепіл?. Оларды жоятын бір ғана жағдай-120° төмен емес жоғары қысымда стерилизация жүргізу, ал үй жағдайында ондай стерилизация жүргізу мүмкін емес.

Онда, консервіден бас тартып, қыста құтылардағы көкөніс салаты мен саңырауқұлақтардан да құр қалу керек пе? Мүлдем олай емес. Белгілі ережелерді сақтасақ, ботулизм дегеніміз қорқынышты емес. Олай болса, оларды естен шығармайық:

1.Герметикалық жабылатын құтыларда етті, саңырауқұлақтарды және топырақтың ұсақ қалдықтары оңайшылықпен кетпейтін (сәбіз, қызылша) көкөністерді консервілемеңіз.

2. Үй жағдайында етті, балықты, қыртыс майды қақтамаңыз - ботулизмнің споралары жануарлардың да, балықтың да ішектерінде болуы мүмкін.

3.Үй жағдайында дайындалған консервілерді қолдан алмаңыз.

4. Үй консервілері үшін пластик қақпақтарды қолданыңыз. Сонымен қатар, өнімдерді бірнеше рет сатылап пастерлеу керек, бұл токсин ұрығының жойылуына мүмкіндік береді.

5. Қауіпті құтылар әдетте қампаяды (бірақ кейде құтылар түрін өзгертпеуі де, қампаймаюы да мүмкін), оларды аямай, тездетіп лақтыру керек

Құрметті тұрғындар, үй жағдайында консервіленген тағамдар Сіздердің денсаулықтарыңызға зиян келтіретінін естен шығармағандарыңыз жөн!.

Автор:
Г.КАТКЕНОВА, ҚРДСМ АОМСЭҚКД тағам обьектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бастығы;Г.ТАЛАСПАЕВА, ҚРДСМ АОМСЭҚКД тағам обьектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің жетекші маманы.