Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ОТАНДЫҚ ДӘРІ ӨНДІРУШІЛЕРГЕ САЛЫҚ ЖӨНІНЕН ЖЕҢІЛДІКТЕР ҚАЖЕТ


27 ноября 2009, 21:20 | 5 144 просмотра



Келесбек Абдуллин, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Фармацевтика факультетінің деканы:

- Елбасы дағдарыс жағдайында халық денсаулығы күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. Халықтың денсаулығын сақтау, оларға сапалы ем жасау үшін медициналық мекемелерді салу, оларды жабдықтау қажет. Бұл бағытта Елбасы Жолдауында: «Біз қазір халықпен келісіп, тура айтуға тиіспіз: құрылысы басталған мектептер мен ауруханаларды салып бітіреміз. Жағдай осылай болып тұрғандықтан, біз жаңаларын кейінге қалдыра тұрамыз, алайда қаражатты қолданыстағы мектептерді, ауруханаларды, медициналық пункттерді жөндеуге жұмсаймыз» деп нақ-

ты атап көрсетті. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Әлбетте, Елбасының ұстанған бағыты оның көрегендігінен хабар береді. Өйткені халық денсаулығы қандай қиын кезеңде де назардан тыс қалмауы керек. Адам факторы - елдің тірегі. Құрылысы басталған ауруханаларды жоспарлы уақытта аяқтау олардың жұмысын ерте бастауына жол ашады. Жолдаудың бұл бағытта көтерген жоспарлары іске асып жатқанын көріп жатырмыз. Алматы, Астана секілді ірі қалалардағы қуаныштарға өзіміз куәгер болып жатсақ, аймақтарда жаңа аурухана, емханалардың тұсауы кесіліп жатқанына БАҚ арқылы қанығып жатырмыз. Мұның бәрі Елбасының ауыр кезде ел саясатын оң бағытқа қоя білгенінің арқасы деп білген жөн. Дағдарыс бір Қазақстанды құрсауына алып отырған жоқ. Оның салқыны бізге Батыстан, мұхиттың арғы жағынан келді. Олардың кейі халық үшін ең маңызды денсаулық саласын тұралатып алып та жатыр. Бұл жағынан келгенде, Қазақстанның көші ілгері.

- Таяуда «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі қабылданды. Бұл - бұған дейін қолданыста болып келген бірқатар заңнамалардың орнын алмастыратын бірыңғай, жалпыға ортақ заң. Осы құжаттың фармацевтика саласына әкелген өзгерісі, тигізген ықпалы жайында әңгімелесеңіз...

- Жаңа кодексті бастан-аяқ оқып, зерделеп шықтым. Айтқандай, бұл құжат ендігі жерде ақ халаттылардың жүгінетін бірден-бір заңнамасы болмақ. Ал бұған дейін бірқатар заңдарды ақтарып отыруға тура келетін. Бұл жағынан аталмыш өзгеріс дұрыс та болар. Кодексті зерделеп шыққанда, біршама тұстары көңілден шықты. Мен үшін «кемшін түсіпті-ау» деген жерлері де болмай қалған жоқ. Алдымен жақсы тұстарынан бастайық. Осы уақытқа дейін фармация саласының мекемелері қатарына дәріханалар, дәріханалық пункттер, қоймалар және басқа да ұйымдар жат-

қызылған болатын. Енді дүңгіршек деген атымен болмайды, дәріханалық пункттер мен жылжымалы дәріханалық пункттер жұмыс жасайды. Олар да емдеу, алдын алу мекемелерінде ғана қызмет етеді. Яғни дәріханалық ұйымдар өз тиісті орындарына түседі деген сөз. Жеке адамдар құзырында дәріні сату құқығы болмайды. Делдалдық фирмалардың аяғына тұсау ілінетін болды. Бұл бір жақсы үрдіс. Кодексті оқып отырғанда, екінші бір көзге жылы ұшырағаны - фармацевтика саласында жаңа бір лауазым пайда болып отыр. Ол - фармацевтика саласының бас мемлекеттік инспекторы. Бұған дейін инспектор лауазымы бір санитария саласында ғана бар болатын. Бұл лауазымның берері сол - министрлікте бүкіл фармацевтика саласына жауап беретін бір тұлға қызмет етеді. Оның жауапкершілік жүгі, әрине, өте ауыр, бірақ сонымен бірге құзыры да үлкен. Соған сай, фармацевтика саласының түйіні тарқатылмай жүрген көп мәселесі ендігі уақытта шешілетін болады деген үміттеміз. Үшінші бір жақсылық - дәріні пайдалану мерзімі ұзартылмайтын болды. Кеңес дәуірінде, білсеңіздер, уақыты өткен дәріні мерзімін созып, қайта пайдалануға бере беретін. Енді бұған жол берілмейді. Сондай-ақ кодексте бірегей дистрибьютор мәселесі де ашық көрсетілген. Тек бұл жерде «кепілдеме түріндегі дәрі-дәрмектерді өндірушілер мен делдалдық фирмалардан дистрибьюторлық компания Үкімет атынан өздері сатып алады» дегені біршама көңілге қонбайды. Дәрі-дәрмекті делдалдық фирмалардан емес, тек қана өндірушілерден тікелей алу қажет еді. Дүниежүзілік тәжірибеде, дистрибьюторлар ешқашан делдалдық фирмалардан дәрі алмайды, олар тек өндірушілермен тікелей жұмыс жасайды. Міне, осы тұсы сәл көңілге қонбай қалды. Сондай-ақ тағы бір мен кемшін деп санаған тұс - Кодекстің бірде-бір жерінде гомеопатиялық дәрілер жайлы әңгіме қозғалмаған. Ал аталмыш дәрілер біз қажет етейік, қажетсінбейік, елімізде болуы қажет. Өйткені шет мемлекеттерден келетін-

дер бар, олар тіркеледі, тексеруден өтеді. Тіпті оған сенетін адамдар да бар болғандықтан, біздің қоймаларда аталмыш дәрілер сақталуы қажет. Біз науқастардың барлық мұқтаждығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Кодекстің тағы бір жақсы тұсы - қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынғаны болып тұр. Бұл өте дұрыс, уақытылы көтерілген мәселе деп есептеймін. Өйткені темекіге әуестігі жоқ адам шылым шегетіндер үшін өз денсаулығын құртуға міндетті емес. Қоғамдық орын ешкімнің де жекеменшік территориясы емес, ол жерде біреудің басқа біреудің денсаулығына зиян келтіруге құқығы жоқ. Оның үстіне темекі тартпайтын адамның өкпесіне шылым түтіні пассивті түрде, екі есе зиян келтіреді. Сондықтан бұл мәселенің Кодексте қамтылғанын құп көріп отырмын. Кезінде «Қазақстан Республикасы азаматтары денсаулықтарын қорғау туралы» заңда сертификаттау жайында арнайы бап болатын. Ол бойынша сертификаттау құқығы тек үкіметтік ұйымдарда болатын да, бірақ уақыт өте келе, түрлі жағдайларға байланыс-

ты бұл құқық жекеменшік мекемелерге де тиесілі боп кетті. Міне, Кодексте бұл мәселе қайта қалпына келтірілді. Алдағы уақытта сертификаттау құқығы тек үкіметтік мекемелерге ғана беріліп отыр. Отандық өндірушілерге қатысты мәселені қозғар болсақ, Кодексте отандық өндірушілердің тауарын бірінші кезекте сатып алу мәселесі көтерілген. Жақсы ұсыныс, бірақ, меніңше, ол да аздау соғатын секілді. Әлемдік денсаулық сақтау саласында «Отандық өндірушілерді қорғау» деген ұғым бар. Оны «протекционизм» деп атайды. Ол бойынша егер бір елде бір дәрі өндіріліп, тура сондай дәрі сырт мемлекеттерден тасымалданатын болса, оған 20 пайыздан кем емес үстеме ақы қосылуы керек. Бізде де, міне, осы жүйені қолдануға әбден болар еді. Мұндай үстеме болмайтын болса, отандық өнім өтпей қалады. Өкінішке қарай, бұл жеңілдік кодексте көрсетілмеген.

- Түсінікті... Бұл - жаңа Кодекстің Қазақстан фармацевтикасына қатысты тұстары. Ал шамамен 10 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғандағы республиканың фармацевтика саласының дамуына баға берер ме едіңіз?

- Фармацевтиканың ең бірінші критериі - халықтың дәріге қол жетімділігі болып есептеледі. 1997 жылы қазақстандағы дәрі-дәрмек көлемі бар болғаны 300 миллион АҚШ долларын құраған еді. Егер сол уақытта елде 15 миллион халық болды деп есептесек, онда жан басына шаққанда, бір адамға тиесілі дәрі-дәрмек көлемі 20 долларды ғана құрайды. Енді 2008 жылғы мәліметке қарайтын болсақ, ол көрсеткіш 3,5 есе өскенін байқаймыз. Өткен жылы бұл мәлімет 1 млрд 140 миллионға жеткен-ді. Әрине, өсім негізінен, шетелден келетін дәрі-дәрмек есебінен байқалды. Оның отандық үлесі бар болғаны - 14-ақ пайыз. Ал қалған 86% дәрі - шетелден тасымалданады. Осыдан-ақ Қазақстанның қай елге инвестиция құйып отырғанын аңғаруға болады. Осы жылдарды есепке алып қарасақ, біз шетелге 5 миллиард доллар шығарып келіппіз. Бұл дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Халықтың ақшасын өз мүддесіне жұмсауға тиіспіз. Бұл тек өндірушілердің қаперіне алатын мәселесі емес, оларға Үкімет тарапынан зор қолдау қажет. Фармацевтика - экономиканың ең бір тиімді салаларының бірі. Шетелдің ұлттық фирмалары өз еліне салық төлеуші ретінде өте үлкен сомада қаржы құяды. Айталық, Американың нарығы өте үлкен, фармацевтика саласындағы сыйымдылығы 400 миллиардқа жетеді. Енді олардың дәрі-дәрмек өндірушілері бюджетке қанша ақша салып отырғанын есептей беріңіз. Фармацевтика - нағыз қайнап тұрған ақшалы сала. Бүгінде дәріхана саласында жұмыс жасайтындардың орташа жалақысы 100 мыңға жетеді. Басқа қызметшілермен салыстырғанда, жалақы көлемі жоғары. Осыдан-ақ фармация саласында үлкен қаржының рөл ойнайтынын көруге болады. Сондай-ақ фармацевтиканың медицинаның басқа салаларынан артықшылығы - ақша тұтынып қана қоймайды, сонымен бірге оны береді де. Яғни бұл салаға денсаулық сақтау қырынан кейін, экономикалық тұрғыдан да ерекше мән беру керек.

- Екі-үш жыл бұрын бұрынғы Денсаулық сақтау министрі медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің малайазиялық үлгісіне көшеміз деген еді. Соған жеттік пе?

- Жеттік қой. Бірегей дистрибьюторлық жүйе құрылды.

- «Самұрық-Қазына Фармация» компаниясының құрылғанын айтасыз ба?

- Иә. Кепілді дәрі-дәрмек атаулының бәрін осы «Самұрық-Қазына фармация» сатып алатын болады. Бірегей дистрибьюторлық жүйе деген - осы. Бірақ бұл жүйенің дұрыс, дұрыс еместігін сұрағың келетін шығар...

- Әлбетте...

- Ол жағын дәл қазір тап басып айта алмаймын. Әрине, Кодексте бұл жайында айтылған идеялардың бәрі жақсы, оның бәрін құптаймын. Десек те, тарихта монополия ешқашан жақсылыққа апарған емес. Ал бірегей жүйе дегеніміздің монополиядан түк айырмашылығы жоқ. Сондықтан ол жағын «уақыт көрсетеді» деп шектелгенім дұрыс болар...

Автор:
Нұрболат Аманжол