Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БЮДЖЕТІНІҢ АШЫҚТЫҒЫ ЕҢ ТӨМЕНГІ КӨРСЕТКІШКЕ ИЕ БОЛЫПТЫ


19 марта 2012, 00:03 | 2 153 просмотра



Талдықорған қаласында арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелде үкіметтік емес ұйымдар жүргізген «Қазақстандағы жергілікті бюджеттердің ашықтық индексі - 2011» зерттеуінің нәтижелері ұсынылды. Зерттеу мақсаты –еліміздегі барлық 16 әкімшілік-аймақтық бірлігінің индексін анықтау болды.Осы зерттеудің нәтижелері бойынша Алматы облысы мүмкін болған 100 ұпайдың 38-ін жинап, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарын ғана артта қалдырып 14-орынға ие болды. Бұл зерттелген 14 облыстың, Астана мен Алматы қалаларының орташа деңгейінен төмен. Қазақстан Республикасы жергілікті бюджеттер ашықтығы индексінің ең төменгі көрсеткіштердің бірі Алматы облысында. Алайда осыдан бір күн бұрын Алматы облысы әкімі Аңсар Мұсаханов тұрғындармен есеп беру кездесуін өткізді. Осы кездесуде аймақтың 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды.

Зерттеу нәтижесі бойынша Алматы облысының жергілікті билік өкілдері мен жергілікті органдар жұртшылыққа бюджет және қаржылық қызмет туралы ақпараттарды өте аз көлемде ұсынады. Сондықтан да азаматтардың есеп беруге міндетті жергілікті атқарушы органдардан ақпарат алулары және облыстың ақшалай қаражаты қалай игеріліп жатқанын қадағалау қиынға соғады.

Алматы облысы бюджеттің жобасын әзірлеу үрдісінің ашықтығы (43 ұпай), бюджеттік үрдістің ашықтық деңгейі (31 ұпай), бюджеттік ақпараттың ашықтығы мен қол жетімділігі (42 ұпай) тәрізді параметрлер бойынша бағалан-ған болатын. Қазақстан Республикасы жергілікті бюджеттер ашықтығы индексінің ең жоғарғы көрсеткіш Атырау және Қызылорда облыстарында. Бұл облыстар мүмкін болған 100 ұпайдың 63-іне ие болды. Алдыңғы орын-ға шыққан екі облыстардан кейінгі кезекте 60 ұпаймен Ақмола облысы, 57 ұпаймен Астана және Алматы қалалары тұр. Сондай-ақ 54 және 53 ұпайды тиісінше Қарағанды мен Павлодар облыстары жинаған.

Жергілікті бюджеттердің ашықтығы бюджеттік үрдісінің ашықтық деңгейінің облыс деңгейінде анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстанның әртүрлі аймақтарының индексі оларды өзара салыстыруға мүмкіндік береді. Яғни, жергілікті басқару органдарының бюджеттік ақпараттар ашықтығын көтеруге негіз бола алады. Сонымен қатар, осы индекс қандай аймақтар өздерінің азаматтарына бюджеттік процестерге қатысуы үшін қандай жағдайларды қарастырғандарын қорытындылауға мүмкіндік береді.

Жергілікті бюджеттердің ашықтығы мен жариялылығына зерттеу жүргізудің себебі - мемлекет бюджетінің 2/3 бөлігі жергілікті бюджеттерге тиесілі. Әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік қызметтер де негізінен осы жергілікті жерлерде жүзеге асырылады екен.

Алматы облысында ең төмен көрсеткіш бюджеттің орындалу кезінде байқалған. Ал бюджеттік жобаны әзірлеу барысындағы ашықтық көңіл көншітеді дейді зерттеуді жүргізген сарапшылар. Мемлекеттік органдардан толыққанды ақпарат алу мүмкіндігі болмағандықтан, зерттеудің нәтижесі осындай болған көрінеді.

Ал 5-наурыз күні Алматы облысы әкімі жергілікті бюджет туралы ақпарат ұсынды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2011 жылы Алматы облысының бюджетіне түскен кіріс 148,9 млрд. теңгені құраған екен. Алматы облысы халықтың табыс деңгейі бойынша айтарлықтай өсімге қол жеткізіпті. Жан басына шаққанда бір айдағы орташа ақшалай табыс 27,6 пайызға артып, орташа айлық жалақы 67 мың теңгеден асса, Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 5,9 млрд. теңгеге көбейген. Әлеуметтік маңызы бар барлық ауру түрлері бойынша халықтың сырқаттануы мен өлім-жітім саны азайған.

Облыста 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік білім беру бағдарламасы аясында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. 2011 жылы білім беру бюджеті 73,4 млрд. теңгені құраған, өңірде 739 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Жергілікті бюджет есебінен 1251 оқушыға арналған жалпы білім беретін 5 мектептің құрылысы аяқталып, 63 білім ошағы күрделі жөндеуден өтіпті.

Дегенмен, үкіметтік емес ұйымдар зерттеуі қорытындысы бойынша Алматы облысында бюджеттік ашықтық көрсеткіші төменгі деңгейде болып тұр. Алдағы уақытта осы олқылықты жою үшін ҮЕҰ-мен қатар мемлекеттік органдар да бюджеттік үрдістердің барлық кезеңдеріне қатысудың нақты механизмдерін ретке келтірулері қажет. Мемлекеттік құрылымдар жұртшылықты бюджеттік ақпараттармен қамтамасыз ету үшін қажетті іс-шараларды сайттар арқылы немесе БАҚ арқылы тарату.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА