Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАЛА 1 ЖАСҚА ТОЛҒАНҒА ДЕЙІН АНАСЫНЫҢ ЖҰМЫСҚА ШЫҒУЫНА ШЕКТЕУ ҚОЮ КЕРЕК ПЕ? ЖОҚ


23 сентября 2011, 07:43 | 4 961 просмотр



– Жоқ, бұл пікірмен мен келіспеймін. Бұл адам құқына жататын мәселе болғандықтан, шектеу қоюға болмайды. Себебі нақ қазір біз «бала 1 жасқа толғанша аналардың жұмыс-қа шығуына тыйым саламыз» десек, онда жыл сайын босанатын 200 мыңға тарта ананың құқын бұзамыз. Өзіңіз ойлаңызшы, біздің елімізде жыл сайын 200 мыңдай ана сәбиді дүниеге әкеледі делік, ал сол аналардың барлығының әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Базбір аналардың жағдайлары жақсы, үй-жайы жайлы, отағасының табысы қомақ­ты болуы да мүмкін. Әрине, мұндай аналар жаңа туған баласының күтімін жасап, үйде отырғанды жөн санайды.

Керісінше, қайсыбір аналардың әлеуметтік жағдайы төмен, отағасының жалақысы орташа болады. Ал мұндайда амалсыз, бала күтімін жасап отырған ананың жұмысқа шығуына тура келеді. Рас, біздің елімізде дүниеге келген әрбір балаға және оның бір жасқа толық толғанша күтіміне арналған балалар жәрдемақысы қарастырылған. Мысалы, бала туылғанда берілетін бір ретттік жәрдемақы отбасында дүниеге келген әрбір бірінші, екінші, үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 45 360 теңге мөлшерінде беріледі. Баланың күтіміне арналған жәрдемақы отбасындағы баланың туу ретінің санына қарай бірінші балаға – 8 316 теңге, екінші балаға – 9 828 теңге, үшінші балаға – 11 340 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға 12 852 теңге мөлшерінде белгіленген. Сонымен қатар 2010 жылдан бастап елімізде демографиялық ахуалды арттыру үшін сондай-ақ қоғамда көпбалалы аналардың дәрежесін көтеру мақсатында төртінші және одан кейінгі туылған балаларға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылып, ағымдағы жылы оның мөлшері 75 600 теңгені құрады. Аталған жәрдемақылардың мөлшері жұмыс істемейтін отбасыларына және отбасының табысына тәуелсіз төленетінін айта кету қажет. Нақты санға жүгінсек, 2010 жылы бізде 329,2 мың адам бала тууына байланысты 15,2 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы алса, бала күтіміне байланысты жәрдемақымен 130,6 мыңдай адам қамтылып, оған жұмсалған қаржы көлемі 19,1 млрд теңгені құрады. Бұған қоса 2008 жылдан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі қосымша әлеуметтік тәуекел енгізіліп, жұмыс істейтін әйелдерге Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан жүктілігіне және тууына, жаңа туған баланы асырап алуына байланысты, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімімен айналысуына байланысты әлеуметтік төлемдер төленеді.

Осыған орай жұмыс істейтін әйел: а) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі және босануы жөніндегі әлеуметтік төлемді (табысына қарай); ә) республикалық бюджеттен жоғарыда көрсетілгендей, әрбір туылған балаға рет санына қарай 30 немесе 50 АЕК мөлшерінде бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақыны; б) бала бір жас-қа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алады, оның мөлшері әлеуметтік аударымдар есептелген табыстың 40 пайызын құрайды. Ал әлеуметтік төлемдердің ең төмен мөлшері Мемлекеттік сақтандыру қорынан берілетін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі жөніндегі ай сайынғы мемлекеттік жәрдем ақының мөлшерінен кем болмайды.

Жалпы, біздің мемлекетіміз – демографиялық ахуалды көтеруге, ана мен бала денсаулығына жіті назар аударуға, көпбалалы аналарға қолдау жасауға аса мән беріп отырған елдердің бірі. Білесіз, ана баласына жамандық ойламайды. Егер баласы 1 жасқа толмай анасы жұмысқа шығып жатса, ол да баласының қамы үшін жасалып отырған шаруа. Демек, бұл жерде ешқандай шектеу қойылмауы керек. Шектеу қою аналардың құқын бұзушылық болып табылады.