Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«СӘБИҚҰМАРЛАРҒА» «ХИМИЯЛЫҚ СҮНДЕТТЕУ» ӘДІСІН ҚОЛДАНУ КЕРЕК ПЕ?


15 июля 2011, 07:47 | 2 216 просмотров



Осыдан бірнеше жыл бұрын «Сәби зорланды» деген ақпар өзге елдерден естілсе, жағамызды ұстап, «мұнысы несі?» деп шошушы едік. Бүгіндері «кішкентай сәби зорланды» деген сөзді құлағымыз шалса елең етпейтін болдық. Себебі еліміздің түкпір-түкпірінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлау әрекеттері жиі орын алып жүр. Тек бір аптаның ішінде осындай екі қылмыс тіркелсе, екі айда 10-нан аса бала «сәбиқұмар» жауыздардың құрбанына айналды.

Қызылорда өңірінде 28 жасар жігіт 6 жасар кішкентай сәбиді зорлаған. Бейкүнә бала алаңсыз далада ойнап жүргенде, қаніпезер сәбиді алдастырып үйіне әкеліп, арам пиғылын жүзеге асырыпты. Осы қорқынышты жайттың ізін ала Солтүстік Қазақстан облысында жасы 40-ты еңсерген апталдай азамат 5 жасар баланы қорлаған. Соңғы кездері қоғамға дендеп енген мұндай бассыздықтар-ға бүгіндері тоқтау болмай тұр. Ресейдегі Қазақстан азаматы өзінің өгей баласын 2 жыл бойы қорлап келген. Ресейлік құқық қорғау органдары баласын ойнас қылған азаматты өмір бойына темір торға қамау керек деген пікірлерін жасырған жоқ. Жоғарыда аталған екі қылмысты жасаған қылмыскерлер ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабына сәйкес 20-25 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда әлеумет «сәбиқұмар» қылмыскерлерді түрмеге тоғыту аздық етеді, мұндай жауыздарды өлім жазасына кесу керек деген пікірде.

Жалпы, баланы зәбірлеуге құштарлық әлемде кеңінен етек алған аса өткір проблеманың бірі. Жалғыз біздің елде ғана емес, бірқатар дамыған елдерде де мұндай «дертпен» күресу әрекеттері қызу талқылануда. Мәселен, Ресей Федерациясында жуырда ғана «педофилдерді химиялық сүндеттеу арқылы жазалауды» заңға енгізу мәселесі қаралды. Ресей президенті Дмитрий Медведев «Жазалау барынша қатал болу керек. Мемлекет мұндай бассыздықтың алдын орауы тиіс және мәселені либералдық жолмен шешу орынсыз» деп, медициналық тұрғыда химиялық әдіспен жазалау тәсілін қолдаған еді. Мамыр айында елде «сәбиқұмарлардың» санының өсуіне алаңдаған қазақ депутаттары да бұл мәселені күн тәртібіне қойып, тал-қыға салған болатын. Депутат Владимир Нехорошев «Егер Ресейде қылмыскерлерді медициналық тұрғыда химиялық әдіспен жазалауды заңдастырса, біз де олардан үлгі алып жазалаудың осы жолын енгізуіміз керек» деген-ді. Нехорошевтің бұл пайымын біршама депутаттар қолдаған жоқ. Тәңірберген Бердоңғаров қылмыскерлерді бұлай жазалаудан ештеңе ұтпаймыз, мұндай жазалауға душар болған адам қоғамға әбден кектеніп, қылмыс жасауын одан әрі үдете түседі, ең тиімдісі мәселенің шығу жолдарын талқылап, түптамырымен жою әдістерін қарастырған жөн деген пікір білдірген болатын. Ғани Қасымов сәбилерді қорлаған қылмыскерлердің балалар көп жүретін мекемеде қызмет етуіне тыйым салу керек деген ұсынысын жасырмады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, балаларға зәбір көрсетішулерді «химиялық әдіспен» жазалау қылмысты 3 пайызға төмендетеді екен. Дегенмен ресейлік халық қалаулылары «химиялық сүндеттеу» әдісі қылмыскерлерді одан әрі өршітеді және жазалаудың бұл түрі мемлекет үшін қаржылық тұрғыда тиімсіз деп заңға өзгеріс енгізуге үзілді-кесілді қарсы болған. Ресейдің Денсаулық сақтау министрі Татьяна Голикова балаларды зәбір-леушілерді жазалауда дәрменсіздік танытып отырғандықтарын, тіпті мұндай бассыздықпен күресу жолдары тым әлсіз екенін мойындап отыр. Ал қазақстандық ғаламтор әлемінде қоғамға «Педофильдерді жазалауда қандай әдісті пайдаланған дұрыс?» деген сауал тасталды. Сауалнамаға қатысушылардың біраз бөлігі, яғни 52,61 пайызы қылмыскерлерге өлім жазасы қолданылуы тиіс десе, 26,87 пайызы қоғамда кеңінен талқыланған «химиялық әдіспен» жазалауды қолдайды екен. Ал сауалға жауап бергендердің 11,85 пайызы қылмыскерлерді өмір бойына бас бос-тандығынан айыру керек деген пікірде. Елімізде өлім жазасын пайдалануға жол берілмегенін ескеру керек сияқты. «Химиялық жазалау» әдісін де ел қалаулылары қолдамай отыр. Қылмыскерлерді 20-25 жылға бас бостандығынан айыру бейкүнә сәбидің бар өміріне балта шауып, баланың аппақ көңіліне сызат түсірген жәбірлеушілер үшін тым аз. Оның үстіне мұндай жазалау «сәбиқұмар» қылмыскерлерді тоқтатпай тұрғаны тағы бар. Демкоратияның отаны атанған АҚШ-тың өзінде балаларды зәбірлеген жауыздарға аса қатаң жазалау қолданылатынын ескерген жөн.

Балаларды зорлаушылар психикалық тұрғыда ауытқуы бар адамдар екені даусыз. Қоғамға, ұлт болашағына қауіп төндіретін мұндай адамдардан сәбилерді қалай арашалап аламыз? Күн сайын үдеп бара жатқан жантүршігерлік қылмысты қалай ауыздықтауға болады? Халықтың біраз бөлігі елімізде орын алған зорлау әрекеттері туралы ақпараттың БАҚ беттерінде жиі жариялануы мұндай қылмыстың одан әрі өршуіне жол ашады десе, енді біреулер бұл «дерттің» белең алуына жұмыс пен мансапты ойлап, ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-ана кінәлі деп отыр. Қалай десек те халқымызда бұрынды-соңды болмаған мұндай бассыздықпен тиімді күресу керек.

Автор:
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ.