Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТӘУІПТЕР ТАҚТАН ТАЙДЫ


15 июля 2011, 07:50 | 2 813 просмотров



Одақтың құрамында 70 жыл бойы атеистік, материалистік жүйеде тәрбие алып, өзінің рухани бастауларына шөлдеген қазақ қоғамын да моральдық вакуум пайда болды. Оған әлеуметтік, саяси, мәдени т.б салалардағы вакуумды да қосыңыз. Тоқсаныншы жылдардың басындағы жұрт күтпеген жерден түрлі тапшылыққа, атап айтқанда тауардың, заттың, жұмыстың тапшылығына душар болып, бұрын бір жүйеде туып өскен ұрпақтар не болғанын білмей абдырып қалды.

Тәуелсіздікті өмірі көрмеген, оны сезінбеген көпшілік жаңа мемлекет қалай болар екен деп алаңдады. 70 жыл дегеніңіз аз уақыт па?! Міне, осындай тапшылықтар сахнасында азаттыққа, кең бостандыққа ие бола қалған халық көрінгеннің соңынан ерді де кетті.

Мысалы, дінге, діни сенімге шөлдеген халық тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылында тәуіп, әулие, бақсы, балгер, көріпкелдер мен барыпкел-шауыпкелдерге ерді. Сәуегейлер, ғайыптан жаңалық ашатындар, түрлі-түсті әулиелер, аталар, бабалар, аналар пайда болды. Алматыдағы үлкен алаңдарда, стадион мен цирк ғимараттарында мың-мыңдаған халықты жинап, сеанстар өткізіп, діни сауаты жоқ жалпақ жұртты бірнеше жыл бойы өзінің соңынан ергізіп, коммерциялық табысқа жеткен «дінпаздар», «сенім қанаушылары» пайда болды. Алайда, осы комедиянының шайтани әрекет екенін халық түсінді. Құдайға шүкір тәуіп-тер тақтан тайды.

Екіншіден, бұрынғы «бәріміз теңбіз, пролетариаттар бәрің де бірігіңдер!» деп, ұран салып отырған адамдардың ішінен теңдесі жоқ капиталистер шықты. Бұрынғы «құдай жоқ», «дін апиын» дейтін қоғамнан қазір «имансыздарға орын жоқ!» дейтін, қоғамға ауысып бара жатырмыз.

Қазіргі кезеңде қоғамның діншілденуі әлеуметтік феномен, әлеуметтік құбылыс сипатында болып жатыр. Алуан түрлі діни ағымдар мен діни ұстанымдар қарқынды таралып келеді. Осы әлеуметтік өзгеріске мысал да көп. Мәселен, діндарлығын я қажылығын паш етіп, оны мүмкіндігінше жариялап, көрсетіп, осы бір қырын белгілі бір дәрежеде насихаттап жүрген азаматтар шығып жатыр. Екінің бірі бес уақыт намазын оқитын намазхан немесе пәленбай рет қажыға барып келгенін айтып жататын болса және осы айтылымдар қоғам алдында абырой, атақ әперетіндей болса, онда оны көрген басқалар да тура соны жасайтын болады.

Сол себепті, діндар бауырларымыз ақ пен қараны ажырата білуі керек.

Автор:
М. ТАЙЛАҚ