Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Өтемақы өмірмен өлшенетін болды


25 марта 2011, 07:56 | 2 311 просмотров


Еліміз Азаматтық кодексінде қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу тәртібі нақты белгіленбеген-ді. Осы мәселенің көтеріліп келе жатқанына да біраз болғаны белгілі. Үкімет тарапынан Парламент депутаттары бастамашылығымен әзірленген «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қолдау табуы үлкен жетістік.

Валерий КОТОВИЧ, Мәжіліс депутаты.

Мүгедектер мемлекет тарапынан қолдауға ие десек те ол түбегейлі шешімін таппай келді. Егер кәсіпорын жұмыс істеп тұрған болса, онда аталған жұмыс орны жапа шеккен қызметкері үшін ай сайынғы төлемін төлеп тұрады. Егер аталған кәсіпорын банкроттыққа ұшыраса, онда оны мемлекет өз мойнына алады. Осы ретте денсаулығына келтірілген зиян үшін төлем қызметкер 70-ке келген соң тоқтатылатын. Міне, бұл мәселе депутаттар алдына өткір қойылып келген еді. Осыған орай біз заң жобасына банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі капиталдандырылған төлемдерді алған қызметкерлерге жасын шектемей жүзеге асы­руды қарастыруды ұсындық. Енді жас жағынан шектелмейтін болды.

Тағы бір мәселе, төлемдердің индексацияланбауы. Соның салдарынан, мәселен 2000 жылы тағайындалған төлемдер сол жылдардағы жалақыға сәйкес есептелсе, одан бергі уақытта ол ешқандай өзгеріске ұшырамай келген. Енді заңдық құжатта ол жыл сайын қайта қаралатын болып көрсетілді.

Шынтуайтына келгенде, бұл мәселемен айналысып келе жатқанымызға да 4-5 жылдай болып қалыпты. Бірқатар кәсіпорындардың банкроттыққа ұшырағанына байланысты бюджет есебінен капиталдандыруға қол жеткізіп, олардың құқын қорғап қалған болатын­быз. 2008 жылы тіпті осы мәселемен Конституциялық Кеңеске де жүгінген едік. Өкінішке қарай, Конституциялық Кеңес 40-қа тарта депутаттың қолы бар үндеуді қайтарып берді. Сондағы уәждері: Азаматтық кодекстегі норманы Конституцияға таңа алмаймыз. Ал біз өз тарапымыздан азаматтарымыздың конституциялық құқын аяқасты етіп отырмыз деген ойымызды жеткізген болатынбыз. Артынан Үкімет тарапынан ведомствоаралық комиссия құру қажеттігі жөніндегі шешімнің шығуына түрткі де болдық.

Үш жыл қатарынан осы мәселе төңірегінде әр түрлі есептеулер жүргізіліп, оған қажетті қаржы қарастыру жан-жақты пысықталды да. Қарағанды, Степногор қалаларынан келген делегациялар өз ұсыныстарын да ортаға салып жатты. Негізінен бұл проблемалар осы екі өңірге ғана тиесілі емес. Бұл мұнай-газ, тау-кен, тіпті минералдық тыңайтқыш өндіретін кәсіпорындардың қызметкерлеріне де қатысты мәселе. Осы жерде ерекше айта кетерлігі, егер Елбасының өзі араласпағанда бұл мәселе шешімін табар ма еді, таппас па еді. Саяси шешім қабылданғаннан кейін барып аталған мәселе бойынша сең қозғалды десе де болады. Осы мәселеге 1 490,6 миллион теңге қосымша мемлекеттік шығыс Республикалық бюджеттік комиссияның 2010 жылғы 28 тамыздағы шешімімен мақұлданды және ол «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда көрініс тапты. Яғни, 2011 жылы 436,6 миллион теңге қарастырылса, 2012 жылы – 497,9, 2013 жылы 556,1 миллион теңге қарастырылған.

Қорыта келгенде, Парламент депутаттарының бастамашылығымен өмірге келген «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Үкімет тарапынан мойындалды. Осының өзі үлкен жетістік екенін айта келіп, бұл депутаттардың талабын арттыра түсеріне кәміл сенемін.

Автор:
Leave a Reply