Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Аурудан айықтырмаса да, өмірін ұзартады


25 декабря 2010, 07:55 | 2 543 просмотра



Бір қызығы, басым көпшілігіміз ғасыр індетіне айналған ЖИТС-пен (СПИД) күрес туралы жылына бір-ақ рет, 1 желтоқсан күнінде еске алып, қалған 364 күнде естен шығарып жібереміз. Барлық іс-шаралар осы күнге орайластырылып өткізіледі де, өскелең ұрпақтың санасына өзге уақытта да сіңіріп отыру ұмыт қалады. Бірақ та бұл ауру мұндай салғырттықты көтермейтін індетке айналып барады. Оған халқымыздың саны аз болса да, ЖИТС-ты жұқтыр-

ғандардың қатары бойынша, Орта Азия елдерінің арасында алғашқы орында келе жатқаны дәлел.

Ал ЖИТС-пен күресте жыл бойы тынбайтын Республикалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мәліметтері бойынша, АИТВ (ВИЧ) кеселін жұқтырғандардың қатары 15 мыңнан асса, оның 1224-і ең соңғы сатысы - ЖИТС-пен ауырады екен. Ал 2010 жылдың 10 айында 1681 адам қорғаныш тапшылығы қоздырғышы бойынша тіркеліпті. Мамандар бұл санның алдыңғы жылдардан аз болғанымен де, еліміздің кейбір аймақтарында ВИЧ-инфекциясының ошақтары қалыптасып жатқандығын айтады. Соның ішінде Қарағанды, Жамбыл облыстарында бұл кеселді жұқтырғандардың қатары 1,2 есеге өскен. Өткен аптада қатерлі дертпен күресіп жүрген дәрігерлер бас қосып, адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышын емдеу жолдарын талқылады. Соңғы кезде, бұл істе антиретровирустық терапия кеңінен қолданылады екен. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл адамды ауруынан құлан-таза айықтырмаса да, оның ұзақ уақыт сапалы өмір сүруіне мүмкіндік беретін көрінеді. Қазақстанда жылдан-жылға осы терапия бойынша емделіп жатқан жандардың қатары артуда.

Мамандар оны қазіргі кезде ВИЧ-инфекциясын емдеудегі ең тиімді тәсіл деп отыр. Антиретровирустық дәрілер адам бойында вирустардың таралуын тежеп, қорғаныш жүйесінің қызметін қалпына келтіреді. Яғни, ВИЧ-тің ең соңғы сатысы - ЖИТС-ке айналуы-

на тосқауыл қояды. Бұл терапияның арқасында қорғаныш тапшылығы қоздырғышын жұқтырған 1200-дей адам ем алып жатыр.

-Біз антиретровирустық терапия бойынша емдеуді 2005 жылы қолға алдық. Оны қабылдап жатқан науқастардың саны жыл сайын 300-500 адамға көбеюде. Алғашында оған қажетті қаражатты ЖИТС-ке қарсы күрес әлемдік қоры бөлсе, қазіргі кезде толықтай мемлекет қаржыландырады. Ем-дом бірнеше жүйе бойынша жүргізіледі. Оның құны 700-900 АҚШ долларын құрайды. Меніңше, бұл терапия ВИЧ-қоздырғышын жұқтырған жандардың денсаулық күйіне ғана емес, олардың әлеуметтік және психологиялық жағдайларына жақсы әсерін тигізуде. Терапия олардың өмірін сақтап қана қоймай, өмір салтын өзгертеді, - дейді Республикалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы клиникалық бөлімінің менеджері, дәрігер Елена Қудусова. Ал 2011 жылға қарай олардың қатары 1600 адамға жетпек. Айта кету керек, заманауи антиретровирустық терапия адам бойындағы инфекцияны толығымен жойып жібере алмайды.

Ол тек кеселдің адамның қорғаныш жүйесіне ары қарай зиянын тигізбеуін қамтамасыз етіп, өмірін сақтауға мүмкіндік береді. Яғни АИТВ инфекциясын жұқтырған адамның өмірден түңілмей, аталмыш емнің арқасында ұзақ өмір сүруіне болады. Бірақ та оны үздіксіз қабылдап отыру қажет. Өкінішке қарай, егер адам терапияны қабылдаудан қол үзіп қалса, вирустар аз уақыттың ішінде «өз күшіне» мінуі мүмкін. Сондықтан АРТ көп жылдар бойына үздіксіз қабылдауға арналған. Дәрігерлер АИТВ-пен өмір сүріп жүрген адамдарға әлі де болса, онымен қалай күресу керектігі туралы нақты ақпарат жетпей жатыр деген пікірде. Аты жаман ауруға шалдыққандардың басым бөлігі нашақорлар болғанымен де, олар біреу-

дің баласы, бауыры, жолдасы. Сондықтан қоғам бұл мәселеге бей-жай қарамауы керек. ЖИТС-пен күрестің мемлекеттік бағдарламасы бойынша, ел аумағында 168 сенім пункттері жұмыс жасаса, арнайы тестіден өткізетін 302 кабинеттің есігі ашық.

-Ауруды емдегеннен, оның алдын алған жеңіл болатындықтан, дәрігерлер тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, жан-жақты ақпарат алғаны абзал дейді.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР