Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша көрсетілген медициналық қызметтің сапасына 8378 адам қанағаттанбайтындығын жеткізді


25 декабря 2010, 07:56 | 3 648 просмотров



Шағымданушылардың басым бөлігі халық арасындағы ақпараттық насихат жұмыстарының көңіл көншітпейтінін, дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі дұрыс жолға қойылмағандығын және арнайы мамандардың тапшы екендігін алға тартты» деді Мәжіліс депутаты Рауан Шаекин «Нұр Отан» партиясының Партиялық бақылау комитеті жанындағы Денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жасау жөніндегі сараптамалық комиссия тобының отырысына төрағалық ету барысында.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі денсаулық сақтау жүйесіне жүргізілген реформа аясында 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап отандық медицинаға БҰДЖ енгізіліп, оның іске асырылу барысына мониторинг және қоғамдық бақылау жасау билік партиясының құзырына берілді. Осыған сәйкес республикамыздың медициналық мекемелері базасында 497 партиялық бақылау бекеті құрылып, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін анықтау үшін Мәжілістің 11 депутатынан арнайы сараптамалық топ жасақталды. Топ мүшелері жер-жерді аралап, халықтың пікірі мен ұсынысын тыңдады. Нәтижесінде, елді мекендердегі медицина мекемелерінің техникамен қамтамасыз етілу деңгейінің төмендігі мен науқастардың ауруханаға жатқызу мерзімін ұзақ күтетіндігі сынды келеңсіздіктер әшкереленді.

Осы турасында Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарын аралаған депутат Бағила Баймағанбетова: «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша ешқандай кемшілік анықталған жоқ. Бақылау бекеттері өздеріне тиісті жұмысты мүлтіксіз атқарып тұр. Десек те, бұл аймақтарда жаңа жылдан кейін жыл сайын жалақы кешіктіріліп беріледі екен. Мені таңғалдырғаны, 2 облыстың да медицина саласының қызметкерлері тым тұйық. Өздеріне не қажет екендігін ашып айтпайды. Тек «Қағазбастылық көп, барлық құжатты қолмен толтырамыз» дейді. Шынында да мұндай мәселе бар. Соның салдарынан дәрігер науқасқа аз уақыт бөледі. Денсаулық сақтау министрлігінің осы олқылыққа назар аударып, облыстардағы медициналық мекемелерді компьютермен қамтамасыз етуге көңіл бөлуін сұраймын» десе, оның әріптесі, сараптамалық топ мүшесі Майра Айсина: «Қарағанды облысында да жоғарыдағыдай кемшіліктер бар. Мен 11 елді мекенді аралап, 36 нысанда болдым. 30 бақылау бекетінің жұмысымен танысып, 1500 адаммен жүздестім. Мұнда маман тапшылығы өзекті болып тұр. Жастар жоқтың қасы. Облыс 400 дәрігерге және 110 медбикеге зәру болып отыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Денсаулық министрлігі кемшіліктерді жоюға асығып жатқанға ұқсамайды» деді.

Автор:
Қанат МАХАМБЕТ Астана