Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ БОЛА БЕРГЕЙ!


24 декабря 2010, 14:45 | 2 073 просмотра



Қуаныш АЙТАХАНОВ, сенатор:

- Бұл аса зор тарихи оқиға әрбір отандасымыздың санасында салтанатты күн болып қалды. Жақсы күн жарқын жалғасын тапты. Тарих үшін көзді ашып-жұмғандай ғана қысқа мерзімде, он тоғыз жылда мұндай дәрежеге жеткен қандай мемлекет бар? Тәубе дейік Тәуелсіздігімізге! Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен бүгінгі таңда республика халқы қол жеткізген толайым табыстарды сөз еткенде, өткен тарихты еске түсірмей тұра алмайсың. Сол арқылы тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат, баға жетпес ұғым екенін, оның ұдайы жасампаздыққа жетелейтінін ұғына түсесің. Тегінде республика өміріндегі осынау тарихи кезеңнен бастау алған мемлекеттігіміздің шежіресі мәңгі есте қалар небір айтулы оқиғаларға тұнып тұр. Жалпы, Қазақстанның жаңа тарихында он екінші сайланған Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңеснің рөлі ерекше. Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Аталған конституциялық заңның жобасын еліміздің көрнекті заңгері, атақты ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты С.Сартаев жасады. Ол мемлекетіміздің тәуелсіздігі туралы заң жобасы туралы өзінің «Левитандық» саңқылдаған, ашық даусымен баяндама жасаған кезде, денеміз шымырлап, ерекше қуанышқа бөленіп отырдық. Жан-жақты қызу талқылаудан кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда кешкі сағат 18-00-ден өткенде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды.

Өз басым шабыттанып, көңілім алабұртып, өн бойымды бұрын соңды болмаған алапат сезім кернеп кетті. «Тәуба-тәуба, аңсаған арманға да жеттік қой-ау» - деймін іштей, демімді жұтып. Көзімде жас. Ия, бұл кеудемізді кернеген үлкен шаттық, тебіреністен шыққан қуаныш көз жасы еді. Бұл көрініс еш уақытта менің есімнен кетпейді. Осы сәттегі біздің қуанышымызды, көңіл күйімізді ешбір сөзбен жеткізуге болмас.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы: - Біз Тәуелсіздікті аңсап келдік және қол жеткіздік. Елтаңба, Әнұран, Ту секілді символдық атрибуттар бекітілді. Алайда бастапқы мақсатымыздан басқа арнаға түсіп кеттік. Себебі 90-жылдардағы алғашқы күрестің өзі ұлт-азаттық күрес және әділетті, демократиялық қоғам құруға бағытталды. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік алғаннан бастап 1994 жылға дейін созылған бұл екі бағыттың ғұмыры қысқа болды. Одан кейін тоқырау кезеңін бастан кешті.

Тәуелсіз сананың қалыптасуына кедергі болып отырған бірнеше фактор бар. Мәселен, «желтоқсандықтарға» деген жалтақ көзқарастан арылған жоқпыз. Қазір қалыптасып келе жатқан 40-50 жас арасындағы жаңа зиялы қауымның тегеурінді күш боларына сенемін.

Тәуелсіз мемлекеттің жұмысы Тәуелсіздік үшін күрескен азаматтарды құрметтеуден басталуы керек. Сол ілтипатты көріп өскен, Тәуелсіздіктің қандай қиындықтармен келгенін түйсінген жастар өз елінің Тәуелсіздігін қорғауға күш салады.