Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ПЛАСТИКАЛЫҚ ХИРУРГИЯНЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ


12 ноября 2010, 18:35 | 7 234 просмотра



Мәңгілік жастық шақ кімді болсын еліктірері сөзсіз. Жылдан жылға есейе түскен елдер кәріліктің еміне заманауи технологиялар арқылы қол жеткізгісі келеді. Бірі керемет келбетін сақтап қалу үшін түрлі дәрі-дәрмекке тәуелденсе, енді бірі сұлулықтың кілтін хирургтің скальпелінен іздейді. Өзгенің «жарасын жазып» жаңа өмір сыйласа, келесінің «жанын жаралап» жапа шектірген пластикалық хирургияның пайдасы мен зиянын өмір таразысына салып көрейік…

Өзін ең алғаш медициналық терминдер қатарына ресми түрде 1798 жылы Дезольт есімді француз ғалымы енгізген болатын. Ал 1893 жылы Германияда «Пластикалық хирургия анықтамалығы» жарық көрген соң, термин қалың қолданысқа кіреді. Ресми емес деректерге сенсек, медицинаның аталмыш саласының дамуына ХІХ ғасырда жиі орын алған қырғын қантөгістер себеп болған. Жауынгерлердің бетінен соғыстың салқын «ізін жою» үшін алғашқылардың бірі болып қолына скальпель алған хирургтердің арасынан орыс дәрігері Николай Пироговтің есімін кездестіре аламыз.

Алайда оташылардың мұндай тәжірибесін тарихтың орта, тіпті антикалық ғасырдан тартылатын қойнауынан жолықтыруға болады.

Бет терісін ХІХ ғасырдан бастап тартса, сүт безін «семірту» операциялары сонау жетінші ғасырларда жасала бастаған. Людовик XV-нің сүйіктісі мадам Помпадур есімімен белгілі Жанна-Антуанетта де Пуассонның дәуірінде қазіргі селиконның орнына майшамның балауызы қолданылған екен. Бүгін қыз-келіншектер артық майдан арылу үшін «липосакция» жасатып әлек. Ал байлық пен ауқаттылықтың символы іспеттес семіздік сән сахнасында салтанаттап тұрған шақта арық қыздар бөксесін шығару үшін терісінің астына шошқаның майын салдыр-ған. Мұндай қауіпті сұлулықтың құрбаны болып кеткендер қаншама. Яғни, «сұлулық құрбандықты талап етеді» деген түсінік осыдан шықса керек.

Үндістанда пластикалық хирургия екі мың жылдан бері тәжірибеленіп келеді. Тарихтың қалың қатпарларынан қытайлардың «шығармашылығын» көз шалып қалады.

ХХ ғасырдың жартысынан бастап пластикалық хирургияның жаңа саласы – эстетикалық хирургия пайда болды. Енді елдер пышақ астына денсаулық үшін емес, сұлулық үшін жата бастады. Және де сұлулыққа деген мұндай құштарлық вирус тәрізді ел-ел арасына жылдам тарала жөнелді.

КСРО қабырасында жасанды сұлулықтың сиқырына жергілікті ақ халаттылар 80-інші жылдардың орта тұсында үңіле түсті. Тағы бір айта кететіні, 1985 жылдың өзінде пластикалық операцияға шалдыққан жалпы пациенттердің 10 пайызын ерлер құраған. Мұндай арақатынас күні бүгінге дейін сақталып келеді. Олар көбіне қалқан құлақтықтан, қоңқы мұрыннан арылу үшін жүгінеді екен. Тіпті, сырадан кептетіліп қалған қарын майын алдыруға да баратын ерлер саны кейінгі кезде жиілеп кеткен. Не десек те, сұлулықтың соңына түсіп, ерлердің назары үшін «ішкен асын жерге қоятын» әйелдер болмаса, эстетикалық хирургия тек медициналық термин күйінде ғана қалар еді.

Уақыт сүзгісінен өткен жасанды сұлулыққа деген сұраныс әсіресе 90-жылдары жанып тұрды. КСРО есігін бұзып кірген ақпарат тасқыны бірсарынды өмірден жалыққан кеңестік қыз-келіншектерді «сыртқы» әлемнің сымбатына еліктіре жөнелді. Ойдан шығарылған «90:60:90» стандартына ұмтылған сәнқойлар теледидардағы кумирлеріне ұқсауы үшін хирургтің пышағына шаншылып, пластикалық операцияны сұлулықтың қысқа әрі оңай жолына балады. Жылтыраған жарнамаға желпілдей жүгірген кейбір советтік сылқымдар үшін сұлулықтың қысқа жолы өмір жолының қысқаруымен аяқталды. Алайда мұндай қайғылы нәтиже де пластикалық хирургияның кеңінен жайған қанатын қайыра алмады.

Бейресми ақпараттарға сенсек,

эстетикалық операцияның қар

мағына бірінші болып Грузия елі іліккен екен. Мұрындарының қоңқылығын кемістік көрген тау қыздары ерлерін одан бетер ынтықтыра түсу үшін мұрын үсті сүйегін сындырып, оны түзетіп, қайта салдыртуға бел буған.

Жаңа ғасыр қазақты да қайран қалдырмай қоймады. Құдай берген сұлулықтың арқасында кеудесіне күні бүгінге дейін пышақ тидіріп көрмеген қазақ қыздары да жаңа технологияның дәмін татып үлгерген. Эстетикалық хирургияның етегі біздің елге жетпей жатып, бұлыңғыр арманның соңынан шетел асып келгендер қаншама.

«Әсемдік әлемді құтқарады» демекші, қазақ қыздарының сұлулыққа деген құштарлығын тез аңғарған жергілікті іскерлер Қазақстанда да арнайы клиникалар ашып, қыздардың сәнқұмарлығын қып-қызыл ақшаға айналдырып алды. Қазір «қуыршақ шығаратын» отандық клиникалардың нақты саны белгісіз. Бірақ олардың қызметіне жүгінушілердің саны жылына мыңнан асып жығылады екен. Тіпті жақында ел болып әрең өткерген дағдарыс кезеңдерінде де бет терісін тарттырып, қарын майын сылығандардың саны азаймақ түгілі, он пайызға арта түскен. Яғни, бүгінде келбетіне көңілі толмаған кез келген адам, жүзін өз қалауынша өзгерте алады. Кеудені үлкейтіп, мұрын мен бетті түзеу сынды операциялар қазір қазақстандық қыз-келіншектер үшін таңсық емес. Тіпті, талантына табындырып жүрген белгілі әншіміз Роза Рымбаеваны алматылық сұлулық клиникасының «басты беті» ретін-де жарнамадан жиі көріп жүрміз. Жасанды сұлулық деген аты ғана болмаса, әншінің жаңа келбеті өзіне жарасып-ақ тұр. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай жарасымды келбетке қол жеткізу әркімнің пешенесіне бірдей жазыла бермеген. Батыстық сәтсіз операцияларды ескермегенде, қазақ даласына тамыры сіңіп үлгермеген жаңашылдықтың жағымсыз жайттарын құлағымыз ара-тұра шалып қалатыны бар. Мысалы, өткен жылдары алматылық қыз-келіншектердің құдайына айналған Богин есімді аты Алатау-

ды дүрліктірген хирургтің жұмысына бір пациентінің көңілі толмай, сотқа беремін деп қорқытып, ақшасын қайыра талап еткен. Алайда тексеріс нәтижелері еш заң бұзушылықты анықтай алмай, әйелге жаңадан операция жасау қызметі ұсынылыпты.

Жалпы, пышақтың астына кез келген адам жата бермейді. Мұндай операцияға біріншіден әлеуметтік жағдайың, екіншіден денсаулығың сәйкес келуі тиіс. Мамандардың айтуынша, диабетке шалдыққандар мен тері ауруы барларға липосакция жасауға болмайды. Өйткені ағзада горманалды ауытқулар болуы мүмкін. Сондай-ақ кеудесінде фиброаденомалық түйіндері барларға да пластикалық хирургия туралы «қиялға берілуге» тыйым салынады.

Ал әдеміліктің құнына келетін бол

сақ, әр жерде әрқалай. Айталық,

омырауды тіктеу – 1000-2000, ал үлкейту 2 мыңнан 5 мың доллар шамасында. Диетасыз денедегі майды сылу 450 доллар тұрады. Енді «аузы қисық болса да, байдың қызы сөйлесін» деген мақалдың заманы өткен. Себебі жасанды сұлулық тек «байдың қызының» қалтасына сай. Сондықтан болар, пластикалық хирургияның көмегіне бақуаттылар мен шоумендер, отандық эстрада жұлдыздары мен шенеуніктер жиі жүгінетін көрінеді.

Бір өкінтетіні, операцияның нәтижесі жұмсаған ақшаң мен күткен үмітіңмен үнемі сәйкес келе бермейді. Алматыдағы пластикалық хирург Игорь Богиннің айтуынша, «медицина – нақты ғылым емес. Әр қадамыңды бүге-шігесіне дейін қарастырғаныңмен, болжамаған реакциялар орын алып жатады. Және ешбір хирург те, пациент те одан сақтандырылмаған. Сол себепті дау-дамай тумас үшін операция алдында пациент пен хирург арасында екі жақты келісім-шарт құрылады. Келісімнің шартымен келіспегендерге операция жасалмайды». Мұндай тәжірибе шетелде де кеңінен қолданылады.

Қыздар арасында сүт безін өсіру «сәнге» айналды. Бұл – өте зиянды. Болашақ анаға силикон енгізген соң, ол қысылып қалады да, қан тамырларына түсетін қоректік заттар дұрыс дамымайды. Екіншіден, силиконның өзі белгілі бір мерзімге дейін жарамды. Оны қайта алдырып, жаңасын салдыру үшін тағы да пышаққа түсуге тура келеді. Ондай жағдайда ағза жұмысы бұзылып, ол өзінің атқаратын қызметінен айырылып қалады. Сол себепті, кішкентай төсіңізді жасанды жолмен ұлғайтамын деп, қолда барыңыздан қол үзіп қалуыңыз ғажап емес. Өйткені сүт шығару бездері семіп қалады, ол босанған жағдайда нәрестесін емізу мүмкіндігінен айырылады.

Жалпы, әлем бойынша бес мың

операцияның бірі өліммен

аяқталатын көрінеді. Яғни, қысқа мерзімді сұлулықтың бағасы өмірмен тең. Қысқа мерзімді дейтініміз, операция жолымен қол жеткізген сұлулықтың дәурені әрі кетсе он жылға ғана жарамды екен.

Дей тұрсақ та, пластикалық хирургияның таптырмас тиімділігін де айта кеткен жөн. Мысалы, бет кемістігімен туған сәбилердің ертеңгі өміріне үміт сыйлай алатын медицинаның саласы – осы пластикалық хирургия. Мол табыстың астында қалған шетелдік кейбір жеке меншік клиникалар мұндай сәбилерге тегін операция жасауды қолға алған. Тағы бір мәселе, балалар арасында жыныстық жетіспеушілік болады. Оны қалпына келтіруде де пластиканың тигізер пайдасы зор.

Қазіргі таңда пластикалық хирургияны телебағдарламалар арқылы жарнамалау нау-

қаны басталды. Күйбең тіршіліктің жетегінде кетіп, көркінен айырылған үй шаруасындағы әйелдердің көз алдыңда құлпырып шыға келуі кімнің болсын арманына арқау болатыны белгілі. Алайда экранның арғы өмірінен бейхабар қарапайым халық жылтырақ дүниенің ақ-қарасын қайдан айырсын.

Автор:
Бетті әзірлеген: Ырыс КЕНЖЕ