Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АРТЫНА ІЗГІЛІКТЕН ІЗ ҚАЛДЫРҒАН


23 июля 2010, 11:48 | 3 241 просмотр


Өзгелерге салмақ салмай, айналасына қамқорлықтың нұрын шашып жүретін жандар болады. Медицина ғылымы саласында өзіндік із қалдырған, дәрігер деген аса жауапты мамандықтың қадірін арттыра білген Қуандық Дүйсенов сондай жүрегі жомарт, жаны асыл азамат еді.Қуандық Дүйсенұлы 1940 жылы 1 сәуірде Ақтөбе облысының Байғанин ауданында дүниеге келген. Әкесі Дүйсен Ұлы Отан соғысына қатысқан, анасы Сейілхан ұрпақ тәрбиесіне баса көңіл бөлген кісі. 1958 жылы Жарқамыс орта мектебін бітірген Қ.Дүйсенов Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Ол білім ала жүріп, медицина ғылымы, оның ішінде өзі қалаған мамандығы бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысады. Білімін тәжірибемен ұштастырып, жаңа бастамаларға ұмтылыс жасап, ғылымдағы жаңалықтарды тынбай іздестіреді. 1964 жылы бітірген үздік түлектердің ішінде ол осы оқу орнының инфекциялық аурулар кафедрасының емханалық ординатурасында қызметке қалдырылды. Еңбек жолын бастаған сәттен ғылыми-зерттеу және ұстаздық қызметті қатар алып жүрді.

Қуандық Дүйсенұлының еңбек пен ғылым жолындағы еселі еңбегі, азаматтық тұлғасы жайлы замандастары, әріп-тестері және шәкірттері ерекше ықыласқа толы пікір білдірген. Соның бірі Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Намаз Ізімбергенов: “Түсінген адамға Қуандық осы институттың интеллектуалдық алтын қорына жататын, оның моральдық дәрежесін арқалаушы діңгектерінің бірі еді”, деп оның атқарған қызметіне, азаматтық тұлғасына жоғары баға берген. Ол Қуандық өмірге қазақтың қара балаларының бірі болып келіп, мына дүниеден тек қана ауыл-аймағы емес, дүйім ел мақтан еткен, ел дамуында өзінің белгілі орны, оның игілігі үшін арқалаған жүгі бар абзал азамат болып өткенін жазған. “Қуандық Дүйсенұлы медицина ғылымының ең күрделі тарауларының бірі болып есептелетін жұқпалы аурулар саласында белгілі ғалым. Ғалым болғанда қандай! Көптің бірі емес, бірегейі, бүкіл одаққа белгілі ғалымдар Георгий Руднев, Евгений Белозеров сияқты майталмандардан өзінің әділ бағасын алған азамат еді. Оның ғалымдық ерекшелігі – әуелі жұ-мысты істеп алып, оның нәтижесін тәжірибеде мұқият тексеріп барып қана жариялайтын. Ақтөбе облыстық ауруханасында әдейі емдеу лабораториясын ұйымдастырып болып, енді докторлық диссертация жазып жатқанда өмірден өтті. Сондықтан оның докторлық диссертациясын кітапханалардан таба алмайсыз. Оны іздеген оқушы облыстық аурухананың іс-тәжірибесінен, апаттан аман қалған сырқаттардың өмірінен табады. Профессор Дүйсеновтің қазасы казақ медицина ғылымы үшін ауыр соққы болып саналады. Қуандық тамаша дәрігер еді. Елде дәрігер көп қой. Ал Қуандық сырқаттар әдейі іздеп келіп емделетін дәрігер еді”, деп тебірене отырып еске алған.

Қ.Дүйсенұлының жан досы, медицина институтының сәулелік анықтау және сәулелік емдеу кафедрасының доценті Темірхан Сұлтанов қазақы ауылдан шықса да, Қуандықтың жоғары оқуға түскен соң, орыс тілін жете игеріп алғанын, кейін медицина саласында шәкірттерге дәрістер оқығанда ойын жеңіл де түсінікті жеткізе алатын қабілетіне талай жандардың таң қалғанын атап өткен. Оның өз жолдастары мен әріптестерінің, ағайын-тумаларының арасында өте абыройлы азамат екені, институтта, тіпті Қазақстанда үлкен ғалым-инфекционист екендігі баршамызға мәлім. Сонымен қатар Қуандықтың шебер домбырашы екенін айта келіп: “Менің кейде таң қалатыным дұрыс шықпайтын домбыралар да Қуекеңнің қолында күмбірлеп, бойды еріксіз билеп алып кететіндігінде. Қуандық домбыраны көбінесе жұмыстан шаршап келген кезде одан өзі ерекше нәр алатындай күмбірлетіп тартса, кейбір жағдайларда жұртшылықтың сұрауымен өзінің барлық орындау шеберлігін пайдаланып, өте шеберлікпен күй толғағанда тыңдаушы қауым күйдің терең толғанысына қалай еріксіз беріліп кеткендігін аңғармай да қалатын еді”, – дейді.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ыдырыс Алмабаев студенттік жылдарындағы Қуандық Дүйсенұлының тағылымын былай еске алады: “Өзі біраз ойланып отырды да жағдайымызды білуге көшті. Біз оған қазақ мектебін бітіріп келгендерге оқудың қиынға соғып жүргенін, көп терминдерге түсінбей жүргенімізді және де орыс тілі мен латын тілі бірдей түсініксіз екенін тілге тиек еттік. Сол кездегі бізге айтқан ағалық қамқорлық сөздері әлі есімде: “Тек еңбекпен ғана талай шыңдарды аласыңдар”,- дегені бізге қамшы болып, қинал-ған шақтарда біраз сүйеу болды. Жылдар өтіп жатты, әр барған жаңа кафедрадан ақжарқын жүзді, жайдары оқытушыны кездестірсек деген ой мазалап жүрді. Бірақ оның сәті 1972 жылы инфекциялық аурулар кафедрасына келгенімізде түсті. Артқа қайырған қалың бұйралау қою қара шашы кең маңдайлы жарқын жүзін ерекше бейнелегендей. Алдыңғы 1- курста кездескенімізге қарағанда есейгені, білім шыңын меңгергені, өзіне-өзі сенімді маман болғаны айқын көрініп тұрды. Дәрісті екпіндетіп оқып, жұқпалы ауруларды қан майдан етіп суреттеп, ал өзі сол майданның сарбазы екенін көрсете білді. Тәжірибелік сабақ, көбінесе ауру жанында өткендіктен, біз Қуандық Дүйсенұлынан дәрігер әдептілігін, мейірімділігін және әр дерекке ерекше көңіл бөлу керек екенін түсіндік. “Хирург боламыз” деген біраз-ымыз жұқпалы аурудың маманы болғымыз келіп кетті. Осы кафедрада оқып, профессор Қ.Д. Дүйсеновтен дәріс алып жүріп алған қорытындымыз пәнді меңгеру үшін, оқытушыны сүю қажет екендігі болды. Институтты бітірген соң Қуандық Дүйсенұлымен 20 жылдан астам уақыт бірге еңбек еткенде оның сегіз қырлы, бір сырлы, нағыз ұлтжанды азамат екеніне көзім жетті.

Қуандық Дүйсенұлы өз тілімізге, қазақ халқының салт-дәстүріне ерекше сүйіспеншілікпен, студенттер мен жас-тарға құрметпен қараушы еді. Профессор Қ.Д.Дүйсенов қандай жағдайда болмасын тура ойын ашық көрсетіп, тыңдаушыға анық жеткізетін. Институт мәжілістерінде сөйлеген сөздері нақты, тақырыптан ауытқымай көкейден шығатын. Ал жеке адамға қатысты қиын сұрақты талқылағанда барынша шыншыл болып, қаралып отырған жағдайдың басты себептеріне объективті сараптама беретін. Сондықтан ол кісіге өкпелеген әріптестерді, өз басым, кездестірген жоқпын.

Ата қазақ өзінің азаматтарын бағалағанда “сегіз қырлы, бір сырлы” деп қараған. Қуандық Дүйсенұлын еске алғанда оның ғылымдағы жетістіктері мен ұстаздығы, ұйымдастырушылық қасиеттерімен қатар басқа да қырлары мен сырларын айтпауға болмайды. Оның өнерге деген ықыласы өзгеше еді. Ол домбыра өнерін ерекше дәріптейтін. Домбыра тартқаны талай кісілерді таң қалдырып, олардың жан-жүрегін тебіренткені көз алдымызда. Киім киісі, жүріс-тұрысы да ерекше болатын. Ол кісі аудиторияға кіріп келгенде, өзімен бірге жақсы көңіл-күйді ала келетін”.

Әттең, Қуандық Дүйсенұлының жарқын ғұмыры қысқа болды. 1994 жылы дүниеден озды. Бүгінде 70-ке толып арамызда жүрсе, қалай жарасар еді. Дегенмен артында елге жасаған еңбегі, халқы құрметпен еске алып отыратын ардақты есімі, ордалы отбасы, ұлағатты ұрпағы қалды. Әкесінің жолын қуған сүйікті қызы Амангүл Қуандыққызы медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың инфекция және тропикалық аурулар кафедрасының меңгерушісі.

Қ.Дүйсенұлы алыс сапарларға шыққанды жаны қалаған. Қызының айтуынша, сол кездегі Кеңес Одағы құрамындағы көптеген әйгілі қалаларда болып, олардың тарихымен тереңірек танысып, сәулетті ғимараттарын, мұражайларын тамашалаған. Іссапардан оралғанда жақын-жуықтарына, көрші-көлемдеріне көрікті кітаптарды, әдемі фотосуреттерді, әр түрлі мүсіндер мен базарлықтарды қуана-қуана үлестіретін болған. Алайда, әр адамға өзінің туған жері ыстық қой. Дәрігер ғалым демалысқа шыққанда туған жері Байғанин ауданына және сүйікті жары Нұржамал Сисенқызының туған жері – Батыс Қазақстан облысына арнайы баруды дәстүрге айналдырған.

Амангүл Қуандыққызы өз естелігінде ем іздеген адамдардың үйге толассыз келіп жататынын, танымайтын адамдарды да әкесі қабақ шытпай қарсы алып, емдеп, үйінде жатқызып, бар қамқорлығын жасайтынын әңгімелеп берді. Өмірінің соңғы жылында өзінің мамандығын таңдаған қызының кандидаттық диссертация қорғаған мәжілісіне қатысты. Отбасын ардақ тұтып, қызметін бағалай білген Қуандық Дүйсенұлы көңілі шаттанып: “Мен шын мәнінде бақытты адаммын!” деп айтады екен.

Біз білетін, ел құрметтеген профессор Қуандық Дүйсенұлы осындай жан еді. Қызметтес болған әріптестері, туыстары мен жолдастары Қ.Дүйсеновтің адамгершілік асыл қасиеттерін жоғары бағалайды. “Қазақтың жігіті осындай!” деп өзге елге көрсетсе, ешқандай қысылмай, бар сенімді ақтап шығатын азамат еді. Оның көптеген шәкірттері биік белестерді бағындырып, ғылым жолында үлкен жетістіктерге жетті. “Артына ізгіліктен із қалдырған” жанның бірі – Қуандық Дүйсенов.

Автор:
Мейрамбек ҚҰРМАНҒАЗИН, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты.