Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТІЛ: БАРЛЫҚ ЖОЛ ҒЫЛЫМҒА АПАРАДЫ


23 июля 2010, 11:46 | 2 232 просмотра



(Соңы. Басы өткен санда).

Ғалымжан ЕРМЕКБАЙ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тілдер кафедрасының меңгерушісі

- Бұл мәселелерде де ғылымсыз ешқайда бара алмайтын сияқтымыз... Жарайды. Енді ғылымға басымдық беретін жолдың «дәстүрлі» жолдармен қалай тоқайласатынын айтып берсеңіз.

- Тіл мәселесі дәл бүгін тіл ғылымының мәселесі деп бағалануы дау тудырмауға тиіс. Бірақ байқасаңыз, мен айыппұл, тіл полициясы сияқты әкімшілік шаралар керек емес деп ешқашан айтқан жоқпын. Мен бұл шараларды оларға тілдің шешілмеген мәселелерінің өзі кедергі жасамайтын кезде іске қосу керек дедім. Яғни бүгінгі жаңалық - міндеттеу мен әсер етуге негізделген шараларды ғылыми нәтижелерге қол жеткен соң ғана қолдану керектігі.

Тілден тыс шараларға олар көтере алмайтын жүкті артуға болмайды. Мәселен, бас-аяғы көрініп тұрған нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру қиын емес, бірақ бұл жетілдірудің өзі көп мәселені шешеді деп үміттенудің керегі жоқ. Заң қазақша дайындалсын деген қандай оңай, бірақ тіл мүмкіндігін соған сай ету - қиямет жұмыс. Біз тіл мәселесінің осындай қияметтерде екенін түсінейік.

Балтық елінде тіл полициясы бар деген адам осы полиция құрған елден кезінде өзге ұлт өкілдерінің не себепті бізден көшкендей үдере көшпегенін ойланып көрсінші. Себебі оларда мәселені тікелей ғылыми, содан кейін заңды жолмен шешуге бағытталған өркениетті дәстүр бар, полиция қосымша шара. Бізде полиция әлі жоқ, ешкімді тіл үйренуге күштемедік десеңіз де, мәселені шеше алмау, тілдік құралды ауыстыруға қажетті шарттардың жасалмауы, айтылған сөздің орындалмауы сияқты бас-аяғы жоқ белгісіздік адамдардың болашаққа деген сенімсіздігін ұялатты.

Сондықтан реті келгенде айта кетейік, 2 млн диаспораның елден кету себебін тілге қатысты осы тұрғыдан ғана бағалауға болады, яғни мәселе тіл мәселесін көтеруде емес - оны шешуге қабілетсіздікте. Әйтпесе, мәселенің қазіргі қойылуынша, қоныс аударуға тіл мәселесі себеп болды-болмады деп мәңгілік таласуға болады. Оның зияндылығы мынау: қоғамда, бір жағынан, тіл мәселесі тағы да қоныс аударуға яки басқа наразылыққа сеп болар деген қорқынышпен тіл мәселесін өте «нәзік» деп созбалақтайтын, шын мәнісінде, іске икемсіздікті бүркемелейтін үрдіс бар, екінші жағынан, тіл ештеңеге себеп болмайды деп күштеу әдісіне ұмтылатын әсіреұлтшылдық бар. Бұл тағы да ғылыми көзқарас тұрақтамаған қоғамда болатын құбылыс.

- Дәл бұлай тіл мәселесі тіл ғылымының мәселесі деп екпін түсірген жағдай есімде жоқ. Қалай дегенмен тіл мәселесі бұл тұрғыдан айтыла бермейтіні анық. Осының себебі неде?

- Бұл жайлы айтса да өзге мамандар көбірек айтады. Мәселен, математик А. Жұмаділдаевтың әуелі ғылым тілін қалыптастыру керек дегені осыған саяды. Ал тілші ғалымдарымызға келсек, соңғы онжылдықтарда ғылымда бір ұрпақ үзіліп қалды. Жетпіс-сексендегі аға ұрпақ өздері әбден отырған бұтақты енді кесе алмайды. «Бізде бәрі жақсы» дейтіндер көп. Жастау ұрпақ бұл бағытты қолдайды деп ойлаймын. Ерте ме, кеш пе бұл мәселе осы түрде күн тәртібіне қойылуға тиіс еді. Жалпы, ғылымға шығармашыл, жаңалық жасай алатын мамандар керек. Бұл «тоғыз ұлыңыз бір төбе, Ер Төстігіңіз бір төбе» болатын жер.

- Болашақ мамандарды «Жас қанатқа» іріктегендей іріктеу керек дейсіз ғой. Енді осы үшін, осыған дейін айтылған мәселелерді іске асыру үшін не істеу керек?

- Алдымен бұл айтылғандарды негіздеу керек. Осы уақытқа дейін қор-ғалған кандидаттық, докторлық диссертациялардың шынайы бағасын беру керек, яғни қолда бар ғылымның құнын білуіміз қажет. Бұл жаңалық емес: Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Балтық елдері осылай жасаған. Содан кейін ғана бізге тілдің өзекті мәселелерін тіл ғылымына артуды ойластыруға болады. Дәл осылайша тілге бөлініп отырған қаржыға атқарылатын шаралардың қаншалықты маңызды екенін анықтау керек. Мұнан соң, тиісінше, оларды ғылыми негіздеген жағдайда не өзгеретінін, қашан қандай нәтиже алынатынын белгілейміз.

Бұл - үлкен жұмыс, ол үшін жұмыс орны керек. Тіл білімі институтының оған мүмкіндігі жоқ, сондықтан институт жанынан тілді әлеуметтік тұрғыдан қарастыратын, аталған мәселелерді ондағы зерттеулерімен үйлестіре шешетін үлкен орталық ашу қажет. Болашаққа есеп жасап, тіл саясатын тікелей зерттейтін әлеуметтік тіл білімі институтын бірден бөлек жасақтауға да болар еді.

Осы қадам қазір тілге ауадай қажет. Тәуелсіз ел болғалы бері тілге қатысты бірде-бір ғылыми-зерттеу мекемесі ашылмапты. Ал осы уақыт ішінде ашылған газет-журнал аз емес. Салыстырып қана шындықты табатындықтан ойланайықшы, әлдеқандай бір ақпарат көзін артық шығару осы ақпарат көздерінің барлығының басында тұрған тіл мәселесінен, соған байланысты жұмыс орнын ашудан маңызды ма? Ақпарат көзін былай қойғанда, бүкіл қазақ мәдениеті, мәдениет қана емес, тұтастай ұлт болашағы тілге байланысты. Ал тіл мәселесі ғылымға тіреліп тұрса, мұндай жағдайды тамашалап отыра беруге бола ма?

- Осы тұрғыда оң өзгерістер болатынына сенгіміз келеді. Десе де осындай бетбұрыстың нәтижесі не болмақ?

- Бетбұрыс нәтижесінде тіл - ол үшін жауап беретін иесін табады. «Шымшық сойса да қасапшы соятын болады». Тіл миллиардтаған қаржы бөлсе де «тоймайтын құбыжыққа» айналмайды. Сезіп отырған шығарсыз, осылай дегенде жаңа жұмыс орны жыл сайын тілге деп бөлінетін қаржыны ұйымдық-құрылымдық тұрғыдан қайта бөлу есебінен де өмір сүре алатынын айтып отырмын. Біз осыған дейін тіл мәселесіне жеткілікті қаржы бөлінсе де, ғылыми негіздеусіз нәтиже бермейтінін әбден көрдік. Мұндай жағымсыз тәжірибені ендігі жерде жалғастыра беруге болмайды. Мен тіл жанашырларының осы орайда пікірлерін ашық білдіргенін қалар едім.

- Расында да тіл жанашырларының мәселенің бұлайша нақты қойылуына белсенді қолдау көрсеткені керек тәрізді. Қоғам болып ұйымдасатын бір нәрсе болса, ол тіл мәселесі болар. Барлық жамандық немқұрайдылықтан басталады деген екен бір ойшыл... Сіз өз ойыңызға қаншалықты сенімдісіз?

- Түсіністік танытқаныңызға рақмет.

Әсіресе, соңғы уақытта экономикамыздың түрлі салаларында өз ғылымымызды дамытпай игілікке жетпейтініміз көп айтыла бастады. Жапонияның роботтық техникасының жетістіктерін БАҚ-тан жиі естиміз. Тіл мәселесін де ғылыми жолмен шешу қажеттігі жаңалық емес, заңдылық. Мен жақын болашақта осы жолға түсеміз деп сенемін. Оған бізге кедергі жоқ. Еліміздің мәдениет, ғылым саласын елге сыйлы ұлтжанды азаматтар басқарып отыр. Тіл бағдарламамызда тіл саясатын ғылыми негіздеуге жауапты деп көрсетілген Тіл білімі институтына жетекшілік етуге Ш.Құрманбайұлы сияқты ізгі жаңалықты қолдауға дайын, белгілі маман келді. Ендігі жерде тіл құрылымының әр деңгейінде отырған лауазымдылардың, қоғам қайраткерлері мен тілшілердің ойларының бір арнаға тоғысуы аса маңызды. Әзірше осылай.

Автор:
Сұхбаттасқан Р.АЛТАЙ.