Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алғашқы «Тянь-Шань маржандары» экспедициясының қорытындысы


2 августа 2018, 12:16 | 1 038 просмотров



«Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясына қатысушылар «Тянь-Шань маржандары» бағытының мыңнан астам шақырым тау жолын еңсерді. 2018 жылы 18 шілдеде құрамында шетелдік және қазақстандық тревел блогерлер, телевизиялық тілшілер мен туркомпания өкілдері бар 25 қатысушыдан құралған топ Алматыдан жолға шықты.
Экспедиция қатысушылары «Тянь-Шань маржандары» бағыты бойынша жолға шыққан соң, Баянқол аңғарына жол тартты. Алматыдан аңғарға дейінгі қашықтық – 380 шақырым. Саяхатшылар Қазақстанның ең биік нүктесі - Хан Тәңірі шыңын, сонымен қатар Мәрмәр дуал, Үстірт шыңы тәрізді алты мыңдықжәне Шекарашы, Қарлытау, Қазақстан, Баянкөл, Семенов тәрізді бес мыңдық биіктіктердісүйсіне тамашалады.


Келесі аялдама ащы-тұзды Тұзкөл тау көлі болды, мұндағы бір литр судың құрамындағы тұз мөлшері 300 гр. Көлдің емдік қасиетін Өлі теңізбен салыстыруға болады.


Қара жолмен 30 минут жүрген соң, экспедиция қатысушыларының алдынан Шәлкөде даласы шықты. Экспедиция тобы мұнда келгенде, «Жетісу жүйрігі» фестивальі өтіп жатқан болатын. Қатысушыларымыз ұлттық спорттың аударыспақ, қыз қуу, қазақ күресі тәрізді ойындары мен ең басты сайыс – 4 санат бойынша өткен бәйгенің куәсі болды.
Шәлкөде даласы жақын елді мекендердің жайлауы. Маусым мен қыркүйек аралығында мұнда 100-ге жуық киіз үй тігіледі. Малшылар туристерді осы жерде әрдайым қуана қарсы алатынын жеткізді.
Экспедиция қатысушылары Шалкөдеден келесі пункт – Дардамты турбазасына дейін атпен барды. Шонжы ауылының оңтүстік-шығысына қарай шамамен 48 шақырым жерде, теңіз деңгейінен1180 метр биіктікте орналасқан турбазада олар құсбегі Қуаныш Исабековпен танысты. Ол құс баптаудың құпияларын қонақтарға айтып берді. Бүркітпен саят құру қазақ дәстүрінің бір бөлшегі. Қуанышқа әртүрлі елдерден, соның ішінде Франция, Ұлыбритания, Германия және араб елдерінен туристер жиі келеді.
Ары қарай, саяхатшылар Жіңішке мен Шілікті өзендерін, Ассы үстіртін, Шарын шатқалы мен Түрген аңғарын, Аюлы және Қайрақ сарқырамасын, Батан шатқалын аралап, 29 шілдеде Алматыға келді.
Жобаны ұйымдастырған «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы екенін естеріңізге саламыз. Жоба Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша, Қазақстан Республикасының елордасы- Астана қаласының жиырма жылдығына орай жүзеге асырылды.


Осы іс-шараның бірегейлігі - сапардың нәтижесінде Іле Алатауы бөктерінің ең көрікті жерлеріне апаратын жаңа бағыттардың ашылуында екенін атап өтті экспедиция қатысушысы Максим Левитин.
 «Экспедицияға қатысқан туристік компаниялар, біздің ішкі туристерге де сондай-ақ, өзге елден келгендерге де қызықты ұсыныстар жасай алатынына сенімдіміз. Және осы бағыт әлі тұмса қалпында сақталған табиғи орындар мен мәдениетті аралатып, тіпті өркениет әсеріне ұшырамаған адамдардың тұрмысын көрсететіндіктен, бұл ұсыныстар үлкен сұранысқа ие болады деп үміттенеміз», - дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Қайрат Садуақасов.
Бұл ретте, Ұлттық компанияда туристік өнімдердің сапасын жетілдіру қажеттігін де атап өтті: «Инфрақұрылымға қатысты мәселелер, бір жағынан алғанда жергілікті атқарушы органдардың функциясы, ал нақты өнімді әзірлеу және дамыту туроператорлға байланысты. Өзімізге келер болсақ, біз мемлекеттік бағдарлама аясында туристік аймақтардың дамуына және олардың жалпы ілгерілеуіне жағдай жасаймыз», - деп толықтырды Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов.
Экспедиция барысы БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен таратылады. Экспедиция құрамында «Kazakh TV» телеарнасының түсіру тобы бар, олар туристік нысандарды аралау қорытындысы бойынша арнайы телевизиялық бағдарлама ашпақ. Кейбір бағыттарда экспедицияны «Хабар 24» арнасының «Большая страна» бағдарламасының түсіру тобы түсіретін болады.
Экспедицияның ресми медиа-серіктесі «Хабар» агенттігі.


 
Анықтама:
 «Ұлы Дала Еліне саяхат» - бұл Қазақстанның 20 табиғи нысанын аралайтын бірегей экспедиция, ол әр аймағында тамаша табиғи, тарихи және киелі нысандары бар еліміздің туристік әлеуетін ашуға көмектеседі.
«Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясы 6 бағыт бойынша 6 туристтік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға барады және ол 2018 жылдың 26 қыркүйегіне дейін жалғасады.
Экспедиция бағыттар келесі облыстар арқылы өтеді:

  • Шығыс Қазақстан облысы -  Алтай - өркениет бесігі;
  • Алматы облысы - Жоңғар Алатауы;
  • Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары - Сарыарқа;
  • Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары - Теңізден теңізге дейін;
  • Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары - Жаңа Жібек жолы;

«Жаңа Жібек жолы» бағытына National Geographic Ресей телеарнасының командасы қатысады.

Автор:
ЖД Ақпарат