Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жанға дауа жас маман


26 июня 2010, 14:48 | 2 212 просмотров


Бірінші байлық – денсаулық,

Екінші байлық – ақ жаулық,

үшінші байлық – он саулық.

– деп халқымыз айтпақшы, әрине денсаулықсыз байлықтың да, атақ-абыройдың да түкке тұрғысыз екені бәрімізге аян. Ендеше бірінші байлықты адамдарға тарту етіп жүрген жандардың бірі – Анар Сүлейманқызы.

Ол 1983 жылы Қапшағай қаласының Шеңгелді ауылында дүниеге келген. Орта мектепті осы жерден үздік бітіріп, кейін Алматы қаласындағы С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина унверситетінде балалар дәрігері мамандығы бойынша білім алып, 2007 жылы бітіреді. 2008 жылдан бастап Текелі қалалық емханада жасөспірімдер дәрігері болып жұмыс істейді. Ол бүгінде мәртебесі биік маман ғана емес, Әли есімді ұлды тәрбиелеп отырған асыл ана.

– Анар Сүлейманқызы, әңгімені сіздің дәрігер болуды армандаған бала күніңізден бастасақ?

– Менің балалық шағым Шеңгелді ауылында өтті. Ауылдың балалары жиналып алып, өзіміз армандаған маман иесі болып ойнайтын едік. Кейбіріміз мұғалім, кейбіріміз дәрігер болатынбыз, онда қазіргі сияқты заңгер, экономист секілді мамандықты білмейтін де едік. Біз отбасында төрт баламыз. Мен үшіншісімін, әке-шешеміз бізді қатаң тәрбиеледі. Бірінші сыныптан бастап сабағымызды үздіксіз қадағалап отыратын. Соның нәтижесі болар, мен өзім армандаған мамандық бойынша оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтадым.

– Жалпы, «зәруге дәру табу» кез келген емшінің қолынан келе бермейді. Сіздің ше, дәрігер болу қаншалықты қиын?

– Дәрігер – ақ халатты абзал жан деп бекер айтылмаған. Олар адам жанының арашашысы, ал адам жанына араша болу үшін жоғары білім мен күнделікті тәжірибе керек. Осы екеуін бір арнаға тоғыстырып, шынайы көңілмен істеген істе ешқандай қиындық болмайды.

– Сіз жасөспірімдер дәрігерісіз, жастармен жұмыс жасаудың қиындығы мен қызығы неде екен?

– Жастармен жұмыс жасағанда қиындықтан көрі қызықтар басым болады. Себебі жастар барлық нәрсені тез қабылдап алады, түсіністікпен қарайды. Мен оларға дәрігер ғана емес кейде сырлас дос та боламын.

– 18 маусым күні сіздердің төл мерекелеріңіз, бұл күні қандай сыйлық алуды ұнатасыз?

– Мен кішкентай кезімнен сыйлық талғамайман, шын көңілмен берген сыйлықтың бәрі мен үшін ең бағалы сыйлық болып қала береді.

Автор:
Ш.Ғазиз