Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қала әкімі жергілікті полиция қызметкерлерін сынап тастады


15 января 2018, 11:20 | 1 062 просмотра



Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев жергілікті полиция қызметкерлерімен кездесіп, өткен жылда атқарылған жұмыстардың жай жапсарымен танысты. Жиын барысында шаһар басшысы тәртіп сақшыларының жұмысына сын тағып, өзінің наразылығын білдірді деп хабарлайды taldykorgan-online.kzтілшісі.

IMG_9095-300x200.jpg

Елбасы ұсынған Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастаған болатын. Қазіргі таңда Талдықорған ҚІІБ-ның Жергілікті полиция қызметі қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында көптеген іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

IMG_9122-300x200.jpg

Қала әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев жиын басында сөз алып, Жергілікті Полиция Қызметінің 2017 жылы атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. Айтуынша, Талдықорған қаласында өткен жылы қылмыстардың тіркелуі 10,8%-ға төмендетілген. «Қазір облыс орталығында ең таралған қылмыс түрі – ұрлық болып отыр. Бөтеннің мүлкін ұрлау – жалпы қылмыстардың ішінде 66 пайызын құрауда. Яғни тіркелген 3642 қылмыстың 2437 ұрлық», — деп келтірген әкім орынбасары мал ұрлығы (35/20) мен пәтер ұрлығы (642/638) басым екенін атап өтті. Алайда, бұған қарамастан көлік құралдарының ұрлығы (173/178) 2,9 пайызға, ұялы байланыс телефондарын ұрлау деректері (429/514) 19,8 пайызға өскен. Одан бөлек, 2017 жылдың қаңтар – қыркүйек айында учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен – 471 қылмыс белгілі болса, өз ізденістерімен – 441 қылмыстың беті ашылған.

IMG_9161-300x200.jpg

Сонымен қатар Мәрлен Қапашұлы Жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысын сынға алып, кем кетік тұстарын баяндап өтті. Айтуынша тәртіп сақшыларының өз жұмыстарына салғырттық танытатын кездері көп. Мәселен, 2017 жылы жұмыс барысында 621 әкімшілік хаттама толтырылса, оның 558-і тек ескерту ғана. Ал, 63 хаттама бойынша 890 500 теңге айыппұл салынған. Бүгінде осы айыппұлдардан 198 532 теңгесі ғана өндіріліп отыр. Осының бір ғана дәлелі қалада әлі күнге дейін жабайы сауда тыйылмай келеді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз шағымдардың дер кезінде қаралмай жатқандығы да тәртіп сақшылары үшін үлкен қателік болып тұр.

IMG_9246-300x200.jpg

Ал, өз кезегінде сөз алған Жергілікті полиция қызметінің басшысы Талғат Базиев аталған кемшіліктерді мойындай отырып, қала әкіміне алдағы уақытта барлық жұмысты ретке келтіретінін айтты.

Бар мәліметпен етене танысқан Бағдат Қарасаев Жергілікті полиция қызметін жүйелі жұмыс жасауға шақырды. Әр учакелік инспекторға өзіне тиесілі аумаққа қатысты барлық ақпаратты бүге шүгесіне дейін біліп, халыққа мейлінше жақын болуды тапсырды.

Айта кетейік, бүгінде Талдықорған ҚІІБ-ның Жергілікті полиция қызметінің штатында 55 учаскелік полиция инпекторы бар. Олардың лауазымында 1 жылға дейін қызмет атқаратын 23 инспектор, 3 жылға дейін – 16 және Шығыс полиция бөлімі бойынша – 28, Батыс полиция бөлімі бойынша – 27 инспектор қызмет атқарады.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто