Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тарих қателікті кешірмейді


9 января 2018, 07:15 | 3 078 просмотров



Бұл дүниеден халқы пір тұтып, әулие көрген көсемдер де, данышпан даналар да, қиындықта еліне қорған болған батырлар да,замандастарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақындар да өтті. Бірінің аты тарих парағына ел аузында жүріп жазылса, бірінің аты тасқа қашалып, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жетті. Адамзат әріп танығалы бері барымыз ұлықталып, жоғымыз түгенделіп әлі де жазылып жатыр.

Әр ұлттың бойында жаратылысымен бітетін өзгешеліктері болатыны сияқты, қазақ – тумысынан дана, ділмар, шешен, күміс көмей әнші-жыршылардан кенде емес. Салт-санасы, өресі өте биік дамыған, дәстүрін аса қадірлейтін халықпыз.

Сонау патша заманында тағдырдың тәлкегіменен қазақ даласына табаны тиіп, асымызды ішіп, сусынымызбен шөлін қандырғандардың бірі, поляк журналисі А. Янушкевич ақындар мен шешендердің арасында болып, өнерлеріне тамсанып:

«…Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болдым Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген шешендерге таңқалып, қол соққанмын. Оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы санайтын далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен өзімді тәнті етті. Сонда бұлар тағы, жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мақрұм қалған, маңдайына түкке  тұрғысыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған халық осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырай сәуле шашатын болады….»,-деген еді.

Ықылым заманнан-ақ өнердің биік сатысы саналатын шешендікті серік еткен ата-бабаларымыздың есімдері, айтқан өсиет-нақылдары «қызыл партияның» тұсында ұрпағымызға көмескіленіп, толықтай жетпей қалғаны жасырын емес. Бүгінгі таңда сол рухани қазынамызды ақтарған сайын ұшы-қиырсыз дүниелерге тап болып, өшкенімізді қайта жандыруға ұмтылып жатырмыз. Бұл ұрпақтың қамы.

Елбасы «Тарихына арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жадыны сақтап қалу-жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы» деген пікір білдірген еді. Президент тапсырмасы бойынша тарихи зерттеулердің арнайы бағдарламасы жасалды. Ел болашағын айқындаудағы құндылықтардың қатарына ұлттық мәдени код:тіл, руханият, дәстүріміз енді. «Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» деп баса көрсетті. Ұлттық тарихты зерттеуде қателікке бой алдырмай, обьективті негіздерге сүйенудің маңыздылығы ерекше екеніне тоқталды.Осыған орай ауыз толтырып айтарлықтай құндылықтарымыз ортамызға оралып, талай толымды істер атқарылды.

Табалдырығымыздан жаңа аттаған 2018 жыл да көптеген маңызды оқиғалардан кенде қалмасы сөзсіз. Солардың қатарында ақын Сара Тастанбекқызының туғанына(1853-1907) 165 жыл толуын атап өткелі отырмыз.

Қазақ ақыны Сара Тастанбекқызы Жоңғар Алатауының солтүстік беткейін ала орналасқан, тау мұздақтарынан бастау алатын шағын өзен-көлдерін санамағанда шипалық қасиетке бай бұлақтары көп, табиғаты әсем-Қапал өңірінде дүниеге келіпті.

Тақырыбымызға оралсақ, Қазақ ССР Ғылым Академиясы қазақ халқының тарихында тұңғыш рет 1977 жылы Қазақ совет энциклопедиясын жарыққа шығарды. ҚСЭ бас редакциясының түсініктемесінде басылым деректері ғалымдар мен жазушылардың, мәдениет, өнер қызметкерлерінің, ауыл шаруашылық мамандары және СССР ғылым орталықтарының кейбір жеке ғалымдардың белсене ат салысуымен және жұртшылықтың пайдалы ұсыныстары мен пікірлері ескеріліп әзірленген екен. Осы ҚСЭ 2 томында Біржан-Сара айтысы 1871 ж. болғандығы жазылған. Ал, энциклопедияның 10-шы томындағы Сара Тастанбекқызы туралы дерекке сүйенсек, ол1878 жылы туған. Яғни, ақын айтыс өткен соң 7 жылдан кейін бірақ дүниеге келген мыс. Осы деректе ақын Сара 1897 жылы өз теңі Алтынбекұлы Бекбайға тұрмысқа шықты делінген. Оның да шындықтан ауылы алыс. Бекбай мен Сараның алты баласы-, Ермұхамбет, Нұрмұхамбет атты екі ұлы , Жақия, , Қапия, Мүнира, Рухия атты төрт қызы болған екен.( Кей деректерде балаларының саны-5-8 болып берілген). Айтыс өткен 1871 жылы ғана атастырған күйеуінен азаттыққа қол жеткізген Сараның араға 26 жыл салып барып Бекбайға тұрмысқа шығуы еш мүмкін емес. Себебі, алтыншы баласы-Рухия мен күйеу баласы Сағадиден дүниеге келген жиендерінің тұңғышы-Бекдайыр 1919 жылғы. Қозайыры-1922 жылы туған. Сонда кейбір деректерде көрсетілгендей 1878 жылы туып,1897 жылы Бекбайға тұрмысқа шыққан Сара 22 жылда 5-6 баласын дүниеге әкеліп,  кенже қызынан туған жиендеріне әже атанып үлгерді ме? Тіптен қисынсыз.

beksultan-aga-150x150.jpg

Мақаланы дайындау барысында жазушы Бексұлтан Нұржекеұлымен хабарласып, сұхбаттасқанда, ақын Сара мен Біржан сал туралы 1989 жылы , сәуірдің 26 күні «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген « Ақын Сараның ақиқаты » мақаласында бірқатар ғалым, жазушылар  мен Сараны көзі көрген адамдардың пікірлеріне сүйене отырып, шынайы деректерді  келтіргенін айтты.  «Сараның Біржаннан басқа адамдармен де айтысқаны мәлім. «Көп жылдан бері Біржан мен Сара айтысы айналасында екі пікір тайталасумен келеді. Біреулері айтысты дейді, біреулер айтыспады дейді. Алайда, нақты дәлел жетпегендіктен, екі жақ та өз тұжырымын түйіп айта алмай келеді.

Кезекті бір талас 1970 жылы да өрбіп, оған «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде (9 қазанда) ғалым Шеген Ахметов қорытынды пікір айтыпты. «Бірінші мәселе-айтыстың қай жылы өткендігін анықтау. Біржан 1834 жылы туып, 1897 жылы 63 жасында қайтыс болған. Бұл «Жазушы» баспасынан 1967 жылы шыққан «Біржан сал» атты кітапта нақты дәлелденген.

Ол Сарамен айтысқанда:

-Адымым күні бүгін қалыбымда,

Екі жыл отыз беске келгеніме,-дейді. Сонда жасы 37-де болғаны емес пе. Демек, айтыс 1871 жылы өткен. Сара да сол айтысқанында:

-Тақсыр-ау, он сегізге биыл шықтым,

Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда, — дейді. Олай болса, Сараның 1853 жылы туғаны анықталады», — депті  Ш.Ахметов. Бізше, негізгі дәлелді айтыстың өзіндегі мәліметтерден іздеу-бірден-бір дұрыс әдіс. Ш.Ахметов бұл арада дұрыс ғылыми жолды ұстанған.  Алайда, айтысты додаға салудың мұнымен тоқтамағаны белгілі. Ақыры академик Ғабит Мүсірепов 78 жылдың желтоқсанында «Қазақ әдебиеті» арқылы «Ақын Сараға соқтықпасақ қайтер еді» деген мақала жазуға мәжбүр болды. Бірақ,талас онымен де тоқтамады. Тоқтауы мүмкін де емес еді. Өйткені, ғылым ешқашан беделге тоқтамайды, дәлелге тоқтайды. Сондықтан, біз де бұл хақында бірер дәлелге жүгінбекпіз, — деп Бексұлтан Нұржекеұлы мақаласында тағы да қосымша деректерді келтіріпті.

«Әуелі Біржан салдың өмірбаянына зер салайық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1 кітап, 2-том,1961 ж.) жоғарыда Ш.Ахметов айтқан датаны қуаттайды. 1834-1897 ж.ж. «Қазақ Совет энциклопедиясында» да (2- том) осылай. Ал, «Ол кім? Бұл не?» деген энциклопедиялық басылымда (1-кітап, 1985- ж.) 1832-1897, академик А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабында 1831 жылы туып, «Теміртастың айтуынша, Біржан 1894-жылдың көктемінде, жазға салым қайтыс болған»,-делініпті. (1963-ж. 51-бет). Бүйтіп біркелкілік сақтамауымыз, әрине, ғылыми осалдығымыз. Біржанды да сарылып зерттеушінің жоқтығы ғой. Әйткенмен, 1980-жылы шыққан «Сара Тастанбекқызы» кітабында Т. Қалилахановтың, 1985-жылы шыққан «Ақын Сара» кітабында С. Қайнарбаевтың айтыс 1895-жылы өтті, Сара 38 жасында қайтыс болды деген жаңсақ деректері таластың тоқтамауына басты себеп секілді. Бұл екі кісі де Сара өмірін зерттеуде үлкен-үлкен еңбек сіңірген адамдар, бірақ, олардың да қателесуі мүмкін деп ойлаймыз. Біріншіден, Біржан сал өмірінің соңғы кезінде аз дегенде 2-3 жыл аурушаң болған адам, 1897-жылы қайтыс болады. Сондай күйдегі кісінің 1895-жылы алыс жол Жетісудағы елге атпен келіп, серілік құруы сендірмейді.

Екіншіден, 1895-жылы Біржан  37-де емес, 61-де. Егер айтыста айтылған Біржанның жасына сенбесек, онда оны Біржан емес, басқа айтқан болып шығады және ол Біржанның шын жасын білмейтін біреу болады. «Даудың басы-Дайрабайдың көк сиыры» деген сол емес пе?

Үшіншіден, Біржанның Рахия деген келінінің айтуына қарағанда («Біржан сал». 1967-ж. жазып алған-Қ.Қаңтарбаев) бертін келе ол Сараны екінші рет тағы іздеп бармақшы болады, бірақ ағасы Нұржан жібермейді. Демек, айтыс Біржанның жастау кезінде, яғни 1895 жылдан көп ертеректе болған, — деген жазушы. «Жазушы» баспасы 1988-жылы шығарған «Айтыс» кітабының 2- томында «Төребай мен Сара»айтысы жарияланды. Есқожаұлы Төребай 1844-жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында туып, 1911 жылы қайтыс болған екен. Ол Бақтыбай ақынның әйелі Мәйкемен де айтысыпты. Өкінішке орай, екі айтыс та бұған дейін жарияланбай,соның зардабынан ғылыми пікірлерге түрткі болмай келіпті. Енді Төребаймен айтысқандағы Сараның өз сөздеріне жүгініп көрейік:

«Белгілі әйелде ерке сал екенім,

Біледі үйсін,найман Сара екенім.

Атақты сал Біржаннан бата алғанмын,

Біледі ел өлеңге ебім бар екенін.

Қырықтың сегізіне жасым келді,

Екпіндеп өзге ақыннан басым келдім»,-деп бір тастайды

«Ол.Рас.Біржан маған пана болған,

Бекбай мен маған өкіл аға болған.

Біржанға он сегізде мұңым шағып,

Ақыры Жиенқұлдан азат болғам»,-деп тағы айналып соғады. Айтыстың қай жылдар шамасында өтуі мүмкін екені кітапта айтылмапты,алайда, Сараның 38-ден көп жасағандығы күмәнсіз ғой деп ойлаймыз. Енді Төребайдан сөз тартайық,

«Батасын Біржан салдың мен де алғанмын,

Айтыста қатарымнан кем қалмадым.

Өзіңді Бекбайға қосып,бата беріп,

Білемін Біржан сені құтқарғанын…»

«Арғын менен қыпшақты кемітем деп,

Жеңілдің сүйіндік арғын Жәмшібайдан»,

«Ояз бен Біржан салдың достығынан,

Сен болдың Жиенқұлдан мүлдем азат…»

«Он төрт жас Әсет ақын сенен кіші…»

«Әсетпен сен айтыстың сиыр жылы,

Жүсіпбек келіп кетті барыс жылы».

«Қырықтың сегізіне сен де келсең,

Елудің жетеуіне мен де келгем.

Осы бір тышқан жылы кездесер деп,

Найманға сізді әдейі іздеп келгем».

Мұндағы әр сөзді қуа берсең, әңгіме әжептәуір көбейіп кетеді. Әзірге бізге керегін ғана алсақ, Төребай 57-ге 1901- жылы келуге тиіс. Ал,сол жылы 48-ге келсе,онда Сара 1853-жылы тууы тиіс. Сонда Біржанмен айтысқанда жасы 18-де болса, айтыс 1871-жылы өткен ғой. Онда 1834-жылы туған Біржанның 1871 жылы 37-ге келгені де рас. 1867-жылы туған Әсеттің 1853-жылы туған Сарадан 14 жас кіші екені де дәл.

Осыншама дәлдік Төребайдың сөзіне еріксіз ілтипатпен қаратады. Жәмшібайдан Сараның жеңілгеніне де, Әсетпен айтысқанына да, Жүсіпбек Шахұлисламовпен барыс жылы жолыққанына да нануға тура келеді.

1867 жылы туған Әсет 1871-жылдан кейінгі сиыр жылы 1877-де бар-жоғы он жаста, демек, ол Сарамен келесі жылғы сиырда,яғни 1889-жылы 22 жасында айтысқан. Ал, Жүсіпбек соның келесі жылы, яғни 1890 жылы барыста Сараға келіп кеткен. Демек, айтыс содан кейін 8 жылдан соң барып Қазанда басылып шыққан, — дейді.

IMG_8168-300x200.jpg

Жерлесіміз, тарихшы — Жемісбек Толымбековтың  халық мұрасын зерттеуші ізденушілерге, айтыс өнерін қадірлейтін көпшілік оқырман қауымға арнап 2017 жылы шығарған «Атандым ақын Сара» кітабында да ақынның өмірі туралы бірқатар тың деректер келтірілген екен.

«Ақын Сара 1853 жылы туып, 1907 жылы өмірден өткен. Бұл деректі әдебиет зерттеушісі Шеген Ахметов, қаламгер Зейтін Ақышев, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы,айтыскер ақын, ағарту ісінің үздігі Түлкібек Құрақбаев, Қ. Жұмалиев, А. Жұбанов,Ж. Нұрлан, С.Мұқанов, Е. Исмайылов, Ө. Ақыпбекұлы, Р.Каренов, Қ.Қайранбаев толайы пікірлерді баспа арқылы айтып, жазғандары бар. Ақын Сараның аталас туысы, 1875 жылы туған Мейрамбай Байтолықов: «Ақын Сара қайтыс болғанда 33 жаста едім»,-дейді. Сонда ақын Сараның қайтыс болғаны 1907 жылға келеді. Мұны ағартушы Мәкей Еркінбеков пен белгілі артист Қанабек Байсейітов те растапты»,-дейді.1998 жылғы «Қазақ энциклопедиясында» ІІ- том ақын Сара 1853-1907 жылдары өмір сүрген деп жазылған. Ақсу ауданының 80 жылдығына орай шығарылған «Алтын ұям-Ақсуым» энциклопедиясында ақын Сараның туған жылы 1853 жыл деп көрсетілген. Ғаламтордағы ақын Сараның өмірбаяны туралы 1853-1907 жылдары өмір сүрген деп дұрыс беріліп жүр. Елге әйгілі тұлғалар, авторы Мырзатай Жолдасбекұлы, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек,2001 жыл, «Елтұтқа» кітабында да ақын Сараның 1853-1907 жылдары өмір сүргені жазылған. 2004 жылы «Арыс « баспасынан жарық көрген «Жетісу» энциклопедиясында да ақын Сараның туған,қайтыс болған жылдары жоғарыдағыдай берілгендігін жазған екен.  Бұл кітапта  тарихшы ақынның өмірі жайлы баяндай келе, кіндігінен тараған ұрпақтары туралы да айтады.