Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Балалар үйіндегі шаттық


28 декабря 2017, 04:13 | 2 282 просмотра



«Айналайын» балалар үйінің кең залы жаңа жылдық шырша  мерекесіне сай безендіріліп,балалар қонақтарды қуанышпен қарсы алды.Бұл жолы мерекеге  орай оларды  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады.  Мерекелік шара балалардың  өнерін тамашалаудан  басталды.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:- Сіздерді жаңа жылмен құттықтау үшін арнайы келдім. Жаңа жыл құтты болсын! Бақытты сәттерің көп болып, жүректерің мейірімге  толсын! Армандарыңыз орындалып, қуаныш-қызықтарға кенеле беріңіздер! Тәуелсіз елімізбен бірге өркендеп, Жетісудың мақтанышына айналыңдар!Зор денсаулық, бақыт, жетістіктер тілеймін.

Балалар үшін жаңа жылдық мереке  сыйлықпен қызықты. Бұл жолы  өңір басшысы жеткіншектерге ойыншық, тәтттілер әкеліп, ұжымға  сыйлыққа –ноутбук  табыстады.

 Аталмыш шаңырақ   112 балаға пана болуда.  Балалар үйі тәрбиеленушілері оқуда, спортта  үлкен жетістіктерге жеткен.«Ең үздік интернаттық мекеме» байқауында 8 жыл қатарынан үздіктер қатарынан табылды. Жас өнерпаздар халықаралық, облыстық, қалалық байқауларда топ жарып келеді.  1996 жылдан бері  342 түлек тәрбиеленген. Олардың 36-сы жоғары білім алып, жұмысқа орналасты. 4-еуі Қарулы Күштер қатарында қызмет атқарады.Мемлекеттік грантпен оқуға түскен  алты шәкірт жоғары оқу орындарында  білімдерін шыңдауда. Ал  түлектер Н. Үңгірбаева мен М. Щелчкова  мекемеде   тәрбиешілік қызметте. Әлеуметтік мекеме ұжымы балаларға қолайлы жағдай жасап, қамқорлықты сезінулері үшін барынша еңбектенуде.