Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сақал қою Исламның басты ұстанымы емес — Жалғас Асхатұлы


25 декабря 2017, 05:56 | 2 208 просмотров



Қазіргі таңда қоғамда мұсылман жастардың сақал қою әрекеттері елдің назарын аудартып, әртүрлі көзқарас-пікірлер туындатуда. Өкініштісі, еліміздегі теріс діни ағым мүшелері сақалды ең маңызды ұстанымдардың біріне айналдырып отыр. Бұған қоса олар сақал қоймаған мұсылмандарға деген көзқарастары теріс қалыптасып, сақал өсірмейтіндерді ауыр күнәлармен айыптауда. Сақалын алған адамдарды олар пайғамбарлардың сүннетінен бас тартқандар және Ислам ғалымдарының пікірінен оқшауланған адамдар ретінде пайымдайды. Олар бұл ұстанымдарын пайғамбардың (с.а.у.) сақалға байланысты айтқан хадистерімен дәлелдеуге тырысады.

Қазақ даласының ұлы тұлғалары, хандары мен билерін сақалсыз елестету мүмкін емес. Қазақта «ақсақал», «ата сақалы ауызына түскенше», «сақал жүздің көркі», деген қанатты сөздер жайдан жай айтылмаған. Бұның өзі сақалдың бізге жат құбылыс еместігін білдіреді. Шын мәнінде, сақал ежелден Ислам келгенен бері мұсылмандар арасында қалыптастан, жалғасын тапқан үрдіс болып келеді. Сақалға байланысты Аллаһтың елшісі (с.а.у.) өз хадисінде: «… Сақалды жіберіңдер, мұртты қырыңдар», деген. Бұл хадис төңірегінде Ислам ғалымдары түрлі көзқарастар айтқан. Тағы бір Омар ибн Харуннан жеткен хадисте: «Аллаһ елшісі (с.а.у.) сақалды алғанда жандарын қысқартқандай ұзындығын қысқартатын», делінген (ат-Тирмизи). Осы секілді хадистерді көптеген ғалмыдар алға тартып сақалдың үкімін сүннет амалына жатқызған. Осыған байланысты сақал Исламда арнайы парыз болып бекітліген амал емес екендігіне де көптеген ғалымдар бір ауыздан келіскен.

Дегенмен, Ибн Таймия секілді Ханбали мазхабының өкілдері сақалды уәжіп (міндетті) амалына жатқызған. Бірақ, басқа мәзхаб өкілдері уәжіп амалымен келіспей оны сүннет амалына жатқызған. Мысалы, Мысырдың пәтуа шығару басқармасы (Дар ал-Ифта) сақалға байланысты былай пәтуа шығарған: «Расында сақал пайғамбардар (с.а.у.) бері жалғасын тауып келе жатқан үрдіс. Аллаһ елшісі (с.а.у.) қашанда сақалына иіс су сеуіп, уақытылы қысқартып жақсылап қарайтын.

Шафиғи мазхабының көрнекті өкілдері Имам Науауи, Әбу Уалид ибн Рушд, Қади ибн Журра, Имам Ғазали, Имам Бағауи сақалдың уәжіп амалына жатпайтынын ескеріп кеткен. Сондықтан сақал қою уәжіп амалдардар емес бәлки мұсылманды өзге дін өкілдерінен ерекшелейтін амал. Сонымен қатар адамның киім киінуі, ішіп жеуі, сыртқы көрінісіне көңіл бөлуі секілді амалдар уәжіп болатындай құлшылық амалдарынан емес екенін естен шығармаған жөн. Сол үшін адам өмір сүріп жатқан қоғаммен санасып, сол қоғамның ағысымен бірге ағу керек».

Сондай-ақ, сақалға байланысты Иордания Королдігінің бұрынғы мүфтиі Нұх Али Сүлеймен (1939-2010)  шығарған пәтуәсының мазмұнында: «Егер сақалдың ұзындығы отбасында, жұмыс орнында жан-жал туғызатын болса онда шешімін табу үшін білім иелеріне жүгіну керек. Себебі, заманның ағысымен жағдайлар да өзгеріп отырады. Сондықтан, барлық мәселенің шешімін өз уақытымен байланыстырып отыру керек» (25.01.2010 жылы 464 — пәтуа).

Сонымен қатар белгілі ғалым Мұхаммед Рида өзінің «Мәжәллатул мәнәр» кітабында «Сақал қырыққан күнәһар болмайды», деп айтып кеткен. Бұған қоса әлемге әйгілі әл-Азхар университетінің беделді ғамлымдары сақал қоюды уәжіп емес сүннет амалы деп атап кеткен. Мәселен, аталмыш университеттің бұрынғы уәкілі Махмуд Ашур былай деген: «…Ардақты сахаба Әбу Бакрде сақал болды және Исламның дұшпаны Әбу Жаһилде де сақал болды. Демек, сақал ол шариғат аясындағы сүннет емес бәлки, әдеп-ғұрыпқа негізделген сүннет амалы қатарына жатады».

Сайып келгенде, қылышынан қаны тамған кеңес одағынан азаттық алып, дінімізбен қайта қауышу дәуірінде қоғамдағы әртүрлі мәселені дінге әкеліп тақай беруге болмайтынын ескерген жөн. «Дін ұстана алсаң қасиетің, ұстана алмасаң қасіретің» деп қазақ бекер айтпаған. Дінді кез-келген мәселенің қолшоқпарына айналдырып, шешімдерді шариғаттан іздей беруге болмайды. Себебі, қоғамдық мәселені заманның ағысымен, халықтың дүниетанымымен сабақтастыра отырып қарастырған жөн. Түймедей мәселені түйедей етіп, дінімен сағына қауышқан қазақ халқының дінге деген көзқарасын терістеп, сақалдың үкімімен жұртты үрейлету асырасілтеушілік болып табылады. Сақал қою үкімі шариғат бойынша сүннет амалы дедік демек, сүннет амалын орындасаң сауапты боласың ал, тәрк етсең ешқандай күнәхар болмайтынын естен шығармаған жөн. Бұған қоса мұсылман адам тазалыққа да мән берген жөн. Яғни, сақалды ұсқынсыз етіп, қалай болса солай қараусыз өсіруге болмайды. Себебі, Ислам тазалықтың діні. Осыған сәйкес мұсылман күнделікті намаз оқымас бұрын дәрет алып бойын тазартып алатыны бекер емес. Ардақты пайғамбардың (с.а.у.) өзі сырт келбетіне жақсы қарағаны туралы деректер жетерлік. Сондықтан кез-келген адам тар ойдың аясында өзгеге түрлі ой салмай, әрбір қоғамда өзінің жанын, тәнін тұлға ретінде қалыптасу үшін үздіксіз тазалыққа, мейірімділікке тәрбиелеуге тырысу керек. Түрлі мәселені талқыға алып Исламға пайда тигіземін деп пайдасыз пенденің кебінін киіп қалмаған жөн ағайын.