Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Мыңның көңілінен шыққан «Мың бала» жобасы


14 декабря 2017, 05:14 | 2 355 просмотров



Таяуда Елордамыз Астана қаласында «Мың бала» республикалық мәдени — ағарту жобасының қорытындысы өтті. Жыл бойы бес бағытта еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс жасаған бұл бағдарламаның орны да ерекше. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге, салт-дәстүрге, ұлттық танымға деген қызығушылығын ұштайтын бағдарламаға  өңірлерден  мыңдаған балалар қатысып, бақтарын сынады.

Шешендік өнердік насихаттайтын «Асыл сөз» мектебі, ұлттық және спорттық ойындар, байқаулар, демалысқа баулу барысындағы викториналармен қамтылған  «Тиімді тілдік орта» ойын алаңы, мемлекеттік тілді насихаттайтын бейнебаяндар  байқауы, қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламаларын  насихаттаған «Тіл мектебі»  бағыты, шығармашылық байқауы —  барлығы оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп, олардың  тарихымыз бен ұлтттық ерекшелігімізге  танымдық көзқараспен қарауына мүмкіндік беретін сайыстар.

Алаш Орданың 100 жылдығына арналған «Кемел елдің – кемеңгер қаламгерлері» шығармашылық байқауына қатысқан Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гиназиясының 10-сынып оқушысы Щербакова Диана еліміздің ХХ-ғасыр басындағы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағажан Жұмабаев сынды ұлт мақтаныштарының еңбегіне тоқталып, солардың ел үшін жасаған еңбегін толғаса, осы мектептің  11-сынып оқушысы Тен Владимир этнос топтарының балалары мен жастары арасында мемлекеттік тілді насихаттайтын бейнебаянында  Тәуелсіздігіміздің жарқын болашағын асқақтата жырлап, ел көңілінен шыға білген еді. Жоба Қазақстаннның сан қиырынан  көптеген дауыстар жинап, үздіктердің қатарынан көрінді.

«Тіл мектебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламалары бағытына қатысып, бағын сынаған мектебіміздің қазақ тілі пән мұғалімі Досыкенова Алма Рахымберліқызының да бағы жанып, жеңіске қол жеткізді. ахымберліқызы  Өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйрету мақсатында  құрастырылған бағдарлама –  қызықтырушы, ынталандырушы, бағыттаушы бағдарлама. Ойын түрлері мен қайталау тапсырмалары спиральді қағидатпен беріліп, қатысушының қабілетін арттыруға көмек береді.

Мектебіміздің оқушылардың танымдық-шығармашылық жұмысының жандануына өзіндік үлестерін қосып отырған,  осы бағдарламаны ұйымдастырып отырған Алматы облысының «Достық» үйін және облыстық ассамблеяның әдістемелік қызметкері Ақынбаба Ақсұңқарға рахметімізді айтқымыз келеді. Облыс көлемінде ерінбей-жалықпай өзге ұлт өкілдерімен жұмыстарын жүйелеген  ұйым қызметкерлерінің еңбегіне табыс тілейміз!

«Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы» КММ Қазақ тілі әдістеме бірлестігінің жетекшісі  Алимбекова Жұмағыз

Автор:
Taldykorgan-online.kz